Қазақстан ЕАЭО аясында жасанды интеллектті дамытуға арналған жаңа тәсіл ұсынды

2343
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: Gov

Астана Еуразиялық экономикалық форумының маңызды технологиялық алаңына айналды.

Форум барысында Қазақстан ЕАЭО елдеріне жасанды интеллект саласындағы жаңа интеграциялық бастаманы ұсынды – университеттер базасында индустриялық ЖИ-зертханалар желісін құру, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бастаманың мақсаты – Қазақстан, Армения, Беларусь және Қырғызстан арасында дербессіздендірілген салалық деректермен алмасып, өндіріс, ауыл шаруашылығы, логистика және басқа да нақты секторлар үшін жасанды интеллект модельдерін бірлесіп әзірлеу.

Сарапшылардың пікірінше, бұл ЕАЭО кеңістігінде технологиялық кооперацияның жаңа кезеңін бастауы мүмкін.

Қазақстан ЖИ-ді мемлекеттік сектордан экономикаға шығармақ

Еуразиялық экономикалық форум аясында өткен «Жасанды интеллект және бәсекелестіктің жаңа парадигмасы: ЕАЭО трансшекаралық нарықтарының қаупі ме, әлде даму драйвері ме?» атты панельдік сессияда Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун Қазақстанның соңғы жылдардағы нәтижелерін таныстырды.

Оның айтуынша, еліміздің ұлттық ЖИ-платформасы күнделікті жұмыстың ажырамас бөлігіне айналып үлгерген.

Бүгінде мемлекеттік қызметшілер жасанды интеллект құралдарын күнделікті міндеттерін орындау үшін 1 миллионнан астам рет пайдаланған. Ал азаматтар мемлекеттік қызметтер мен мемлекеттік сатып алу саласындағы цифрлық көмекшілерге 2,5 миллионнан астам рет жүгінген.

Алайда Қазақстан енді басты назарды мемлекеттік сектордан нақты экономикаға аудармақ.

Себебі цифрландыру деңгейі барлық салада бірдей емес.

Егер білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік салада цифрлық көрсеткіштер 80-95 пайыз аралығында болса, өнеркәсіпте бұл көрсеткіш шамамен 40 пайыз ғана. Ал ауыл шаруашылығында небәрі 26 пайыз деңгейінде қалып отыр.

Жаңа ұсыныс: ортақ зертханалар және ортақ интеллект

Осы мәселені шешу үшін Қазақстан ЕАЭО елдеріне жаңа модель ұсынды.

Жоба аясында жоғары оқу орындары базасында бірлескен ЖИ-зертханалар құрылып, елдер арасында дербессіздендірілген салалық деректер алмасуы ұйымдастырылады.

Бұл өндіріс орындарында, фермерлік шаруашылықтарда немесе шалғай өңірлерде интернетсіз де жұмыс істей алатын шағын тілдік модельдерді әзірлеуге мүмкіндік береді.

Дмитрий Мун бұл бастаманың негізгі мақсатын былай түсіндірді:

«Біз үшін басты басымдық – жасанды интеллектті интеграциялау есебінен экономиканың сапалы өсуі. Тиімді модельдерді оқыту үшін өңірлік ерекшелікті, біздің климаттық жағдайларымыз бен салалық нюанстарымызды ескеретін деректер массивтері қажет. Осыған байланысты елдеріміз арасындағы негізгі индустриялар бойынша дербессіздендірілген деректермен өзара алмасуды ұйымдастыру қажет. Бұл ашық индустриялық модельдерді жедел қалыптастыруға мүмкіндік береді және бірлескен күш-жігермен біз бұл бағытта елеулі прогреске қол жеткізе аламыз».

ЕАЭО елдері бастаманы қолдады

Қазақстанның ұсынысы форум қатысушылары тарапынан қолдау тапты.

Беларусь Республикасының Байланыс және ақпараттандыру министрінің орынбасары Кирилл Залесский жасанды интеллект саласында ортақ ережелер мен қауіпсіздік стандарттарын қалыптастырудың маңызын атап өтті.

Оның пікірінше, ЕАЭО елдерінің қажеттіліктері ұқсас болғандықтан, міндеттерді бөліп атқару бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді.

Мысалы, бір мемлекет білім беру бағытындағы модельдерді дамытса, екіншісі медицинаға, үшіншісі өнеркәсіпке мамандануы мүмкін.

Беларусь пилоттық бағыт ретінде логистиканы ұсынды. Себебі дәл осы салада құрылымдалған деректердің ірі көлемі жинақталған.

Арменияның Жоғары технологиялық өнеркәсіп бірінші вице-министрі Геворг Манташян жасанды интеллект шешімдерін ЕАЭО-ның негізгі қағидаттары – тауарлар мен қызметтердің еркін қозғалысы төңірегінде дамыту қажеттігін айтты.

Ол трансшекаралық саудаға арналған ЖИ-ассистенттер құру идеясын қолдап, мұндай шешімдер құжаттарды тексеруді автоматтандырып, кедендік рәсімдерді жеделдетуге көмектесетінін жеткізді.

Ал Қырғызстан Президентінің Іс басқармасы жанындағы «Түндүк» мемлекеттік мекемесінің директоры Азамат Жапаров деректер қауіпсіздігі, алгоритмдердің ашықтығы және ЖИ этикасы мәселелеріне ерекше назар аударды.

Азаматтар үшін алғашқы жоба қандай болады?

Қазақстан ұсынған ең қызықты бастамалардың бірі – ЕАЭО кеңістігі үшін ортақ құқықтық ЖИ-көмекші құру.

Бұл жүйе Одаққа мүше елдердің заңнамаларын талдап, азаматтар мен бизнеске түсінікті тілде кеңес бере алады.

Мысалы, азаматтар басқа елдің аумағына кірер кезде қажетті талаптарды өз тілінде тез анықтай алады.

Кәсіпкерлер үшін компания ашу, лицензия алу немесе салық салу тәртібі туралы ақпарат қолжетімді болады.

Ал Еуразиялық экономикалық комиссия заңнамалардағы ықтимал қайшылықтарды автоматты түрде анықтай алады.

Қазақстан неге өңірлік көшбасшыға айналып келеді?

Соңғы жылдары Қазақстан жасанды интеллект инфрақұрылымын жүйелі түрде дамытып келеді.

Data-driven мемлекеттік басқарудың негізі ретінде Smart Data Ukimet платформасы құрылды.

Инвесторлар мен технологиялық компаниялар үшін жаңа мүмкіндіктерді «Жасанды интеллект туралы» заң қалыптастырды.

Технологиялық тәуелсіздікті күшейту мақсатында NVIDIA H200 чиптері негізінде alem.cloud және AI-Farabi суперкомпьютерлік кластерлері іске қосылды. Екі жоба да әлемдегі ең қуатты суперкомпьютерлердің TOP500 рейтингіне енді.

Сонымен қатар Tomorrow School, TUMO және AI Sana секілді білім беру бағдарламалары арқылы жаңа буын мамандарын даярлау жұмыстары жүргізілуде.

ЕАЭО үшін жаңа мүмкіндік

Форумдағы талқылаулар көрсеткендей, жасанды интеллект енді тек технологиялық тренд емес, экономикалық бәсекелестіктің негізгі факторына айналып келеді.

Қазақстан ұсынған индустриялық ЖИ-зертханалар желісі мен ортақ деректер экожүйесі іске асқан жағдайда, ЕАЭО елдері шетелдік технологияларға тәуелділікті азайтып қана қоймай, өздерінің өңірлік жасанды интеллект платформаларын қалыптастыра алады.

Ал бұл өз кезегінде өндіріс тиімділігін арттырудан бастап, жаңа цифрлық нарықтардың пайда болуына дейінгі ауқымды өзгерістерге жол ашуы мүмкін.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -