Аударманы қажет етпейтін әуендер болады. Домбыраның үні — дәл сондай үн. Оның бойында дала да, жады да, жол да, туған үйдің жылуы да бар. Ең қызығы, осы үн Қазақстаннан мыңдаған шақырым алыстағы адамның да жүрегіне жол табады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ұлттық домбыра күніне орай «Отандастар» қоры мен «Арқайым» тобы халықаралық «Домбыра DNA» музыкалық челленджін бастады. Идеясы қарапайым болғанымен, мәні терең: домбыраның бүгінгі таңда тек қазақ мәдениетінің символы ғана емес, жаһандық кеңістікте еркін сөйлей алатын заманауи аспап екенін көрсету.

Челлендж бір мерекелік бастама деңгейінде қалып қойған жоқ. Оған АҚШ, Жапония, Бельгия, Франция, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Испания, Португалия, Чехия, Хорватия, Аустрия, Нидерланд, Швеция, Словакия, Мажарстан, Грекия, Малайзия, Чили, Түркия, Әзербайжан, Ресей, Өзбекстан және Моңғолия сияқты 20-дан астам елдегі отандастарымыз бен шетелдік өнерсүйер қауым қосылды.
Бұл жерде географияның өзі әсерлі. Бірақ одан да қызығы — домбыраны қолына алған адамдардың әртүрлілігі. Челленджге қазақ диаспорасының өкілдері ғана емес, қазақ мәдениетін алғаш естіп, кейін оған шын ықыласпен қызыққан шетелдіктер де қатысты.
Шетелдік қатысушылардың арасынан алғашқылардың бірі болып бастамаға «Отандастар» қоры жанындағы домбыра үйірмесінің шәкірті, португалиялық Жозеф Рибейру үн қосты. Оның өнер көрсетуі маңызды ишара болды: домбыра тек қазақтың қолында ғана емес, өзге мәдени ортадан шыққан адамның қолында да шынайы әрі әсерлі сөйлей алады.
Кейін челленджді Димаш Құдайбергеннің шетелдік жанкүйерлері, түркиялық музыканттар, бельгиялық Лукас пен чилилік Мария жалғастырды. Жапониядан қатысқан Акира, Такахаши, Аска және Хитомидің өнері ерекше назар аудартты. Олар қазақ әндерін орындап, Күншығыс елінде қазақ мәдениетіне деген қызығушылық жай ғана әуестік емес, терең ықыласқа айналғанын көрсетті.
Бастаманың алғашқы күндерінен-ақ қазақстандық этно-фолк топтар «Арқайым» мен «Тұран» челленджге қолдау білдірді. Олардың қатысуы жобаның кәсіби деңгейін арттырып, оны әлеуметтік желідегі қарапайым флешмобтан толыққанды мәдени үндеуге айналдырды. Сондай-ақ Лос-Анджелестегі композитор Марат Омаров та жобаға үлес қосып, оның халықаралық ауқымын кеңейте түсті.
Шетелдегі қазақ қауымдастықтары да үлкен рөл атқарды. Нью-Йорктегі «Қазақ-америкалық қағанат», Малайзиядағы «Қазақ қауымдастығы», Кореядағы «Қазақ көшпендісі» орталығы, сондай-ақ Испания, Ресей, Өзбекстан және Нидерландтағы қазақ диаспоралары челлендждің негізгі қозғаушы күшіне айналды. Олардың қатысуымен бұл жоба әлемге тараған қазақ рухының тірі картасындай көрінді — әр елде әртүрлі, бірақ бір үнмен байланысқан кеңістік.
«Домбыра DNA» музыкалық челленджден әлдеқайда кең құбылысқа айналды. Бұл — ұлттық аспаптың тек мұра ретінде сақталып қана қоймай, қазіргі заманның мәдени тіліне айналып келе жатқанын көрсеткен жоба. Домбыраның тіліне субтитр қажет емес: ол әуен, ырғақ және сезім арқылы сөйлейді.
Бүгінде домбыра Нью-Йорк пен Токиода, Лиссабон мен Брюссельде, Сеул мен Мадридте естіліп жатыр. Бұл — маңызды белгі. Қазақ мәдениеті шетелде тек сақталып отырған жоқ. Ол дамып, жаңа адамдарды өзіне тартып, әлемдік мәдени кеңістіктен өз орнын алып келеді.
Кейде мұны дәлелдеу үшін үлкен ұранның қажеті жоқ. Екі ішек пен жүректен шыққан бір әуеннің өзі жеткілікті.