Қазақстан, Түркия және Грузия ұйымдасқан қылмыстық топқа қарсы ауқымды арнайы операция жүргізді

605
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: Gov

Қазақстан, Түркия және Грузияның құқық қорғау органдары трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топқа қарсы ауқымды арнайы операция жүргізді.

Тергеу барысында шетелдегі атышулы кісі өлтіруден бастап, Алматыдағы қарулы шабуылға дейінгі бірнеше ауыр қылмыстың ізі бір қылмыстық құрылымға алып келгені анықталды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қазақстан Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, халықаралық операция ІІМ басшылығының Грузия, Түркия және Әзірбайжанға жасаған жұмыс сапарларынан кейін құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастықтың күшеюі нәтижесінде жүзеге асқан.

Тергеу Ыстамбұлда Қазақстан азаматы Исмаиловтың тапаншамен атып өлтірілуінен кейін жаңа қарқын алды. Үш елдің полицейлері бірлескен жұмыстың арқасында қылмысты қысқа мерзімде ашып, оны орындады деген күдікпен екі адамды ұстаған.

Тергеу барысында кісі өлтірудің себебі ғана емес, оны ұйымдастырған және тапсырыс берген адамдар да анықталған. ІІМ мәліметінше, олар трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық ортаның өкілдері және халықаралық іздеуде жүрген тұлғалар.

Осы ақпараттың негізінде Қазақстан ІІМ Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, аталған қылмыстық топтың еліміз аумағында жасаған өзге де ауыр қылмыстарын ашқан. Ведомствоның мәліметінше, бұл топ АҚШ-та журналисті өлтіруге оқталу ісі бойынша сотталған қылмыс әлемінің беделді өкілдерінің бірінің ықпалында болған.

Алматыдағы қылмыс та осы топпен байланыстырылып отыр

Тергеу барысында Алматыда 2025 жылдың тамызында қала тұрғынын өлтіруге оқталған киллерлердің бірі ұсталды. Одан қылмыс жасау кезінде қолданылған тапанша тәркіленген.

Аталған іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталып, материалдар сот қарауына жіберілді.

Сонымен қатар халықаралық арнайы операцияның келесі кезеңінде Алматыда осы қылмыстық құрылымның басқа да мүшелері қолға түсті. Тергеу олардың бірнеше қарулы шабуылға қатысы болуы мүмкін екенін тексеріп жатыр.

«Қазақстан Ішкі істер министрлігі Түркия және Грузиядағы әріптестерімен өзара іс-қимыл аясында үш мемлекеттің аумағында трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін ұстау бойынша кезең-кезеңімен арнайы операция жүргізді. Алматы қаласында аталған қылмыстық құрылымның мүшелері ұсталды. Оларға қару қолдану арқылы жасалған бірнеше шабуылға қатысы бар деген айып тағылуда», – деді ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Қылмыстық топтың мақсаты қандай болған?

ІІМ дерегінше, күдіктілердің негізгі мақсаты – қылмыстық идеологияны пайдалану арқылы диаспоралық топтардың жекелеген өкілдерінің бизнесіне ықпал ету болған.

Бұл іс аясында Грузия аумағында да трансұлттық қылмыстық құрылымдармен байланысы бар және бірнеше ауыр қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдікке ілінген адамдар ұсталды.

«Қазіргі уақытта белгілі болған барлық қылмыстық фактілер бойынша дәлелдемелерді жинау жалғасуда, қылмысқа қатысы бар күдіктілер анықталуда. Топтың ұйымдастырушысын қолданыстағы заңнамаға сәйкес қылмыстық жауаптылыққа тарту бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді Қуандық Алпыс.

ІІМ: Шетелден басқарылатын қылмыстық ықпалға тосқауыл қойылды

Министрлік халықаралық операцияның нәтижесінде шетелден басқарылған ықпал ету арналарының жолы кесілгенін мәлімдеді. Ведомствоның бағалауынша, бұл елімізде басқа да ауыр қылмыстардың алдын алуға және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресті күшейтуге мүмкіндік береді.

Қазақстанның құқық қорғау органдары қазіргі уақытта халықаралық серіктестермен бірге дәлелдерді жинауды және күдіктілердің барлығын анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -