Қазақстандық тасымалдаушылар Ресейге жүк жеткізуге бұрынғыдан әлдеқайда аз тапсырыс ала бастаған. 2026 жылдың екінші тоқсанында бұл бағыттағы сұраныс шамамен екі есе төмендеді. Ал ішкі тасымал мен Қытайдан келетін жүк ағыны нарықты қолдап отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Мұндай өзгерістерді пайдаланушылар орналастырған өтінімдер негізінде халықаралық ATI.SU «Логистика платформасы» тіркеді.
Экспорттық тасымал 43 пайызға төмендеді
Сәуір-маусым айларында Қазақстаннан шетелге жүк шығаруға берілген өтінімдер саны 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43 пайызға азайды. Биылғы бірінші тоқсанмен салыстырғанда төмендеу 9 пайыз болды.
Негізгі себеп — Ресей бағыты. Бұл елге жүк тасымалдауға сұраныс бір жыл ішінде бірден 48 пайызға құлдырады. Өзбекстанға бағытталған тасымал өтінімдері де 10 пайызға азайған.
Ал Беларусь бағыты, керісінше, өсім көрсетті. Қазақстаннан бұл елге жүк жеткізуге берілген өтінімдер саны 20 пайызға артты.
Сұраныстың төмен болуы тасымалдаушыларға тарифтерді айтарлықтай көтеруге мүмкіндік бермеді. Экспорттық бағыттардағы тасымал құны небәрі 2 пайызға өсіп, іс жүзінде өткен жылғы деңгейде қалды.
Қытайдан келетін жүк көлемі артып келеді
Импорттық тасымал нарығындағы жағдай мүлде басқаша. Екінші тоқсанда Қазақстанға жүк жеткізуге берілген өтінімдер саны жылдық есеппен 12 пайызға өсті.
Ең жоғары өсім Қытай бағытында тіркелді — 45 пайыз. Беларусьтен тасымалданатын жүктерге сұраныс 20 пайызға артты. Ал Ресейден Қазақстанға жүк жеткізуге берілген өтінімдер 4 пайызға азайды.
Сұраныстың артуы тасымал бағасына да әсер етті. Импорттық бағыттардағы тарифтер бір жыл ішінде 23 пайызға қымбаттады.
Қазақстан ішіндегі жүк тасымалы да оң динамика көрсетті. Өңірлер арасындағы тасымалға берілген өтінімдер саны 12 пайызға, ал тарифтер 23 пайызға өсті.
Ресей бағытындағы тасымал неге азайды
Нарық өкілдері мұны бір ғана себеппен байланыстырмайды. Тасымалдаушылар кедендік бақылаудың күшеюін, шекарадағы кезектерді және тауарларды рәсімдеуге қойылатын жаңа талаптарды ескеруге мәжбүр. Параллель импорт көлемінің қысқаруы да нарыққа қосымша қысым түсіріп отыр.

«Ресей бағытындағы сұраныстың төмендеуі бірқатар себепке байланысты. Олардың қатарында кедендік бақылаудың күшеюі, шекарадағы кезектер, параллель импорттың ішінара қысқаруы және реттеуші талаптардың қатаюы бар. Сондай-ақ тауарлардың кейбір санаттарына навигациялық пломбалардың енгізілуін және Ресейдегі тауарлардың күтілетінін растау жүйесінің — СПОТ-тың іске қосылуын атап өтуге болады», — деді халықаралық ATI.SU «Логистика платформасының» Қазақстандағы өкілдігінің директоры Рената Зобова.
Оның айтуынша, үшінші тоқсанда да Ресей бағытындағы қысым сақталуы мүмкін. 1 шілдеден бастап СПОТ жүйесі аясында кепілдік төлем енгізу міндеттелді. Ресейдегі жанармай дағдарысы да қосымша тәуекелге айналып отыр.
«СПОТ жүйесінің толық іске қосылуын және Ресейдегі жанармай дағдарысын ескерсек, үшінші тоқсанда бұл үрдіс жалғасуы мүмкін. Ал көптеген басқа халықаралық бағыттарда біртіндеп өсу сақталып отыр», — деп толықтырды Рената Зобова.
Статистика Қазақстандағы жүк ағындарының бағыты біртіндеп өзгеріп жатқанын көрсетеді. Ұзақ уақыт бойы негізгі бағыттардың бірі болған Ресей тасымал көлемін жоғалтып жатса, Қытай Қазақстан импортының басты өсу көзі ретіндегі орнын нығайтуда. Бұл тасымалдаушыларға халықаралық және ішкі бағыттардағы логистиканы қайта қарастырып, жаңа маршруттар іздеу қажет екенін аңғартады.