Қазақстанда 23 тамызда өтетін алғашқы Құрылтай сайлауы тек ел ішінде ғана емес, халықаралық сарапшылар қауымдастығы арасында да үлкен қызығушылық тудырды.
Испаниядағы San Pablo CEU университетінің профессоры Хосе Луис Орельяның пікірінше, жаңа Конституция негізінде ұйымдастырылатын саяси науқан қоғамның барлық өкілдерінің заң шығару процесіне қатысуына мүмкіндік беріп, Қазақстанның Орталық Азиядағы демократиялық дамуының маңызды көрсеткішіне айналып отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстандағы саяси реформалардың жаңа кезеңі әлемдік сарапшылардың назарын аударып отыр. Әсіресе биыл алғаш рет өтетін Құрылтай сайлауы халықаралық деңгейде демократиялық өзгерістердің нақты көрінісі ретінде қарастырылуда. Бұл науқан бұрынғы парламенттік модельден өзгеше саяси жүйенің қалыптасуына жол ашып, елдің жаңа конституциялық даму бағытын айқындайтын тарихи оқиға саналады.
2026 жылғы референдумда қабылданған жаңа Конституция Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесіне түбегейлі өзгерістер енгізді. Соның нәтижесінде екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай институты құрылып, заң шығару билігінің жаңа моделі қалыптасты. Алдағы 23 тамызда өтетін сайлау осы жаңа институттың алғашқы құрамын айқындайды.
Қазақстандағы реформаларға оң баға берген шетелдік сарапшылардың бірі – Испаниядағы San Pablo CEU университетінің профессоры Хосе Луис Орелья. Оның айтуынша, алдағы саяси науқан жаңа Конституцияда бекітілген қағидаттардың нақты іске асуының көрінісі болады.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент сайлауын алдағы 23 тамызға белгіледі. Бұл сайлау референдумда бекітілген жаңа Конституцияға сәйкес елдің бірпалаталы парламенті - Құрылтай депутаттарын сайлауға мүмкіндік береді», – дейді Хосе Луис Орелья.
Халықаралық сарапшының пікірінше, бұл өзгерістердің басты ерекшелігі – азаматтардың өкілдік ету мүмкіндіктерін кеңейтуінде. Жаңа сайлау жүйесінде түрлі әлеуметтік топтардың, өңірлердің және қоғамдық көзқарастардың заң шығарушы органда көрініс табуына ерекше мән берілген.
Мұндай қағидат қазіргі заманғы демократиялық мемлекеттердің негізгі талаптарының бірі саналады. Себебі өкілдіктің кең болуы қабылданатын заңдардың қоғам сұранысына жақын болуына ықпал етеді. Сарапшының айтуынша, саяси жүйенің тұрақтылығы да дәл осы қоғамдық сенім деңгейімен өлшенеді.
«Кезекті науқан пропорционалды сипатымен ерекшеленбек, өйткені ол қоғамның барлық өкілдерін – жастарды, әйелдерді, аға буынды, сондай-ақ барлық өңірлер мен қалалар халқын тікелей қамтиды. Ренан айтқандай, "Демократия - ұлттың үздіксіз плебисциті". Қазақстан Орталық Азиядағы демократияның тұрақты үлгісі» ,– дейді San Pablo CEU университетінің профессоры.
Сарапшы мұндай өзгерістердің ұзақмерзімді нәтижесі азаматтық қоғамның белсенділігін арттырып, мемлекеттік шешімдердің ашықтығын күшейтетінін атап өтті. Әсіресе заң шығару процесіне әртүрлі әлеуметтік топтардың қатысуы қоғамдық мүдденің жан-жақты ескерілуіне ықпал етеді.
