Қазақстан банктердің балансында жылдар бойы «қатып» қалатын проблемалық активтерді экономикаға қайта қосудың жаңа тәсілдерін ұсынып отыр.
Басты мақсат — жұмыс істемейтін несиелер мен стресстік активтерді жай ғана есептен шығару емес, олардың құнын қалпына келтіріп, босайтын капиталды бизнес пен нақты секторға бағыттау, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Активтерді басқару жөніндегі мемлекеттік компаниялардың халықаралық форумы — IPAF-тың X Саммиті мен халықаралық конференциясының ашылуында айтты.
Қазақстан IPAF-тың негізін қалаған елдердің бірі
Қазақстан бұл алаңға кейін қосылған жоқ. Ел 2013 жылы «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ атынан Азия даму банкінің қолдауымен құрылған IPAF-тың негізін қалаушы жеті мемлекеттік институттың бірі болды.
Содан бері Қазақстан форумдағы рөлін біртіндеп күшейтіп, оның толыққанды мүшесі әрі төрағасы деңгейіне дейін жетті.
«Бірлескен құрылтайшыдан бастап, Форумның толыққанды мүшесі мен төрағасына дейінгі жолды өткеннен кейін, Қазақстан IPAF-ты диалог алаңы ретінде ғана емес, сонымен қатар аймақтың қаржылық қауіпсіздік архитектурасының және әлемдік озық тәжірибелерді әзірлеудің маңызды элементі ретінде қарастырады», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Бұл тақырыптың маңызы қазір бұрынғыдан да артып отыр. Себебі әлемдік қаржы жүйесі бір мезетте бірнеше қысымға тап болды: қарыз алу қымбаттады, тауар нарықтарындағы баға құбылып тұр, ал жаһандық жеткізу тізбектері қайта құрылуда.
Мұндай жағдайда банктердің балансында өтімділігі төмен, проблемалық активтердің шамадан тыс жиналуы экономиканың өзін тежей бастайды.
Әрбір теңге экономикаға жұмыс істеуі керек
Қазақстанның таңдаған бағыты — проблемалық активтермен мәселе туындағаннан кейін ғана күресу емес, тәуекелдерді алдын ала басқару.
Серік Жұманғариннің айтуынша, қаржы институттары мен мемлекеттік операторлардың қаражаты жұмыс істемейтін портфельдерде ұзақ уақыт байланып қалмауы тиіс.
«Банк секторының тұрақтылығын арттыру үшін Қазақстан тәуекелдерді алдын ала басқаруға, теңгерімдерді сауықтыруға және өзара байланысты капиталды босатуға назар аударды. Біздің міндетіміз – қаржы институттары мен мемлекеттік операторлардың жұмыс істемейтін портфельдердегі ресурстарды "қатыруына" жол бермеу. Әрбір теңге нақты экономикаға жұмыс істеуі, жаңа өндірістерді, инфрақұрылымды қаржыландыруы және жұмыс орындарын құруы тиіс. Біз капиталды тәуекелі көп қамтамасыз етілмеген сектордан нақты өндіріске қайта бағыттай алдық: кепілсіз тұтынушылық кредиттердің өсуі өткен жылдардағы 32%-дан 2026 жылғы бірінші жартыжылдықта 3,1%-ға дейін бәсеңдеді», — деп атап өтті вице-премьер.
Бұл көрсеткіштер мемлекеттің кредит нарығындағы басымдықтарды өзгертуге тырысып отырғанын аңғартады. Яғни капиталды тек тұтынуға емес, өндіріс, инфрақұрылым және кәсіпкерлікке көбірек бұру міндеті қойылған.
Проблемалық кредиттер қорында 160 миллиард теңгелік портфель бар
Қазір осы бағыттағы негізгі оператор — «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ-ны трансформациялау жұмысы аяқталуға жақын.
2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қордың портфелі шамамен 160 миллиард теңгені құрады.
Соның 130 миллиард теңгеден астамы белсенді қаржылық сауықтыру кезеңіндегі жобаларға тиесілі.
Мұндағы тәсіл қарапайым: активті ұзақ жыл сақтап отырудың орнына, оны экономикалық айналымға қайтару, құнын өсіру немесе нарықтық жағдайда өткізу.
Проблемалық активтер неге қарапайым азаматқа да маңызды?
Бір қарағанда жұмыс істемейтін несиелер банктер мен қаржы органдарының ішкі мәселесі секілді көрінуі мүмкін. Алайда оның әсері әлдеқайда кең.
Проблемалық активтер көбейген сайын банктің капиталы байланып қалады. Ал бос капитал азайса, жаңа жобаларға несие беру мүмкіндігі де шектеледі.
Сондықтан мұндай активтердің нарыққа қайта оралуы кәсіпкерлер үшін жаңа қаржы көзіне, ал экономика үшін жаңа инвестицияларға айналуы мүмкін.
Қаржы министрі Мәди Такиев те жұмыс істемейтін несиелерді басқару мәселесі әлдеқашан тек банк секторына қатысты тақырып болудан қалғанын айтты.
«Мемлекеттің басты міндеті – проблемалық активтердің ұзақ уақыт бойы экономикалық айналымнан шығып кетуіне жол бермеу. Олар ашық нарықтық баға алып, тиімді басқаруға көшіп, экономика үшін қайта жұмыс істеуі керек. Ол үшін Қазақстан активтерді сатудың құқықтық базасы мен тетіктерін дәйекті түрде жетілдіріп, цифрлық құралдарды дамытады. Жеке инвесторлардың қатысу мүмкіндігін кеңейтеді. Рәсімдердің ашықтығы, ақпаратқа тең қол жеткізу және нарықтың барлық қатысушысының заңды мүдделерін қорғау басым бағыт болып қала береді», — деп атап өтті Мәди Такиев.
Яғни мемлекеттің мақсаты активті бір ведомстводан екіншісіне өткізу емес. Оны нарықтық айналымға қайта қосып, жеке инвесторлар үшін де түсінікті әрі ашық нарық қалыптастыру көзделіп отыр.
Ұлттық қорға 145 миллиард теңге қайтарылған
Проблемалық кредиттер қоры бұған дейін банк секторын дағдарысқа қарсы қолдау тетігінің бір бөлігі ретінде жұмыс істесе, қазір оның міндеті өзгеріп келеді.
Негізгі екпін — стресстік активтерді кәсіби басқару, олардың құнын қалпына келтіру және мемлекет қаражатын қайтару.
2019 жылдан бері Қордың Ұлттық қорға аударған қаражатының жалпы көлемі 145 миллиард теңгеге жеткен.
Тек 2025 жылы 23 миллиард теңге аударылған. Бұл 2024 жылғы шамамен 12 миллиард теңгемен салыстырғанда екі есеге жуық көп.
Бұдан бөлек, жалпы құны 71 миллиард теңге болатын қоғамдық және әлеуметтік маңызы бар активтер мемлекет меншігіне қайтарылған.
Бизнеске берілген жаңа несиелер 8,9 триллион теңгеге жетті
Стресстік активтерден капиталдың босатылуы бизнесті кредиттеуге де ықпал етуде.
2026 жылдың алғашқы бес айында корпоративтік секторға берілген жаңа несиелер көлемі 14,8 пайызға өсіп, 8,9 триллион теңгеге жетті.
Ал бизнестің жиынтық кредиттік портфелі 19 триллион теңгеден асты.
Бұл сандар экономиканың нақты секторына ақша ағынын арттыру саясатының нәтижесі ретінде ұсынылып отыр.
Азия даму банкімен ынтымақтастық жалғасады
Қазақстан проблемалық активтерді басқару моделін тек ішкі тәжірибемен шектемей, халықаралық қаржы институттарымен бірге дамытуға ниетті.
Олардың қатарында Еуропалық Қайта Құру және Даму банкі, Дүниежүзілік банк тобы және Азия даму банкі бар.
IPAF-тың институционалдық тең құрылтайшысы әрі негізгі әріптесі саналатын Азия даму банкінің Қазақстанмен ынтымақтастығына 30 жылдан асты.
Осы уақыт ішінде АДБ елде жалпы сомасы 7,5 миллиард доллардан асатын жобаларды жүзеге асырған.
Қазір 2029 жылға дейінгі ынтымақтастықтың стратегиялық бағыттары, сондай-ақ білім мен тәжірибе алмасу бағдарламасы бекітілген.
Ендігі міндет — «өлі» активті қайта жұмыс істету
IPAF Саммитінде айтылған бастамалардың түйіні біреу: проблемалық актив экономикадан мәңгілікке шығып қалған ресурсқа айналмауы керек.
Егер оны әділ бағалап, ашық нарыққа шығарып, кәсіби басқаруға беру мүмкін болса, бір кезде проблема саналған актив қайтадан табыс әкелетін жобаға немесе жаңа инвестиция көзіне айналуы ықтимал.
Қазақстан дәл осы модельді дамытуға басымдық беріп отыр.
IPAF (International Public Asset Management Company Forum) — стресстік және жұмыс істемейтін активтерді, соның ішінде NPL портфельдерін басқаруға маманданған Азия елдерінің мемлекеттік ұйымдарын біріктіретін халықаралық қауымдастық. Форум Азия даму банкінің қолдауымен жұмыс істейді және проблемалық берешекті реттеу, қайталама борыш нарығын дамыту, тәжірибе мен сараптамалық білім алмасу алаңы ретінде құрылған.
«Проблемалық кредиттер қоры» АҚ IPAF-қа 2025-2026 жылдары төрағалық етті.



