Өндірістік серіктестік кеңеймек.
Қазақстан Корея бизнесіне автомобиль құрастырумен шектелмей, автокомпоненттер, электроника, озық материалдар мен электр жабдықтарын ел ішінде өндіруді ұсынды, деп хабарлайды DKNews.kz.
15 қыркүйекте Сеулде Қазақ-корей дөңгелек үстелінің ашылуында сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің экономикалық ынтымақтастығын тереңдететін негізгі бағыттарды атады. Қазір ортақ портфельде жалпы құны 4 миллиард доллардан асатын 51 бірлескен жоба бар.

Корея Қазақстанға 12 миллиард доллардан астам инвестиция салған
Президенттің айтуынша, Корея Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің қатарына кіреді. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 3 миллиард доллардан асқан.
«Бүгінде Корея Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің қатарына кіреді. Кореялық компаниялардың біздің елдегі нәтижелі қызметін жоғары бағалаймыз әрі бұл оң үрдісті нығайта береміз. Корей бизнесмендері инвестиция мәселесінде анағұрлым ширақ әрі батыл қимылдайтынын, жоғары адамгершілігімен, Қазақстанға деген сыйластығымен ерекшеленетінін үнемі айтып жүремін», – деді Президент.
Қазақстанға салынған кореялық инвестиция көлемі 12 миллиард доллардан асқан. Елде Samsung, Kia, Hyundai, Lotte, Doosan Enerbility, Shinhan Bank секілді корей капиталының қатысуымен мыңнан астам компания жұмыс істейді.
«Корея Қазақстанға 12 миллиард доллардан астам инвестиция құйды. Елімізде Samsung, Kia, Hyundai, Lotte, Doosan Enerbility, Shinhan Bank секілді корей капиталының үлесі бар мыңнан аса компания жұмыс істейді. Біз қарым-қатынасымызды мүлдем жаңа деңгейге көтеріп, достық әрі серіктестік байланыстарды барынша нығайтуға ниеттіміз. Бүгінгі сапар осыған дейінгі жетістіктерімізді түйіндеп, өзара ықпалдастыққа тың серпін беруге орайлы мүмкіндік беріп отыр», – деді Мемлекет басшысы.
51 жоба және 4 миллиард долларлық портфель
Өнеркәсіп екі ел арасындағы экономикалық байланыстың негізгі тірегінің біріне айналған.
Бірлескен 51 жоба автомобиль құрастыру, машина жасау, металлургия және басқа салаларды қамтиды. Олардың жалпы құны 4 миллиард доллардан асады.
Президент Қазақстанда былтыр 170 мыңға жуық автомобиль шығарылғанын және бұл ұлттық деңгейдегі рекорд екенін айтты. Өндірістің басым бөлігі Hyundai және Kia маркаларына тиесілі.
Бірақ ендігі міндет — дайын автомобиль құрастырудан өндірістің толық тізбегіне көшу.
«Мақсатымыз – толықтай интеграцияланған, яғни, бөлшектердің, озық материалдардың, электр құрал-жабдықтары мен электрониканың жергілікті өндірісін түгел қамтитын, кең ауқымды Еуразия нарығына қызмет көрсете алатын өнеркәсіп экожүйесін құру. Кореялық компанияларды осы мүмкіндікті пайдаланып, Қазақстаннан өндіріс орындарын ашуға шақырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл бағыт Сеулде таныстырылған нақты инвестициялық жобалардан да көрінеді. Қазақстан Алматыда жергілікті автокомпоненттер өндірісін, ал Қостанайда KIA Локализация орталығын ашуды жоспарлап отыр.

«Қазақстанды алып құрылыс алаңына айналдыру»
Корея бизнесіне ұсынылған тағы бір үлкен нарық — құрылыс пен инфрақұрылым.
Қазақстан көлік және коммуналдық желілерден бастап аурухана, мектеп, спорт нысандары мен тұрғын үйге дейінгі құрылысты жандандыруды жоспарлап отыр.
«Қазіргі таңда Қазақстан инфрақұрылымды жаңғыртудың маңызды кезеңіне қадам басты. Біз көлік, коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымынан бастап тұрғын үй және әлеуметтік нысандарға дейінгі барлық бағытта құрылыс қарқынын жандандыруды жоспарлап отырмыз. Мұны Президент лауазымындағы басым міндеттерімнің бірі деп санаймын. Мақсатымыз – Қазақстанды алып құрылыс алаңына айналдыру», – деді Президент.
Үкімет кореялық корпорациялар қатыса алатын ірі жобалардың нақты тізімін жасақтауы тиіс.

Қазақстан Кореяға «Ресурс – технология – өнеркәсіп» моделін ұсынды
Аса маңызды минералдар саласында Қазақстан шикізат жеткізуші рөлімен шектелмеуді көздейді.
Тоқаев кореялық компанияларға қазақстандық ресурстарды Корея технологияларымен байланыстырып, қосылған құны жоғары толық өндірістік тізбек құруды ұсынды.
«Қазақстанның қазба байлықтарын игеруге Корея тарапы инвестиция салып қана қоймай, технологиялық тәжірибесімен бөліскенін де қуана құптаймыз. Бұл ретте қосылған құны бар толыққанды өндіріс тізбегін бірлесіп дамыту үшін «Ресурс – технология – өнеркәсіп» моделін ұсынамыз», – деді Мемлекет басшысы.
Осы модельдің алғашқы инфрақұрылымдық элементтерінің бірі Алматыда ашылатын Сирек кездесетін металдар саласындағы технологиялық ынтымақтастық орталығы болмақ.

Тоқаев шағын модульді реакторларға назар аударды
Энергетика да жаңа жобалардың негізгі бағыттарының қатарына кірді.
Президент Hyundai Engineering компаниясының Қарашығанақ газ өңдеу зауыты құрылысындағы рөлін атап өтіп, газ өңдеу, мұнай химиясы, энергетикалық инфрақұрылым және жаңартылатын энергия салаларында ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік бар екенін айтты.
Қазақстан Кореямен атом энергетикасы бойынша да жұмыс істеуге дайын.
«Әлемдегі ең ірі уран өндіруші ретінде Қазақстан атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануда мол әлеуетке ие. Әлемдік энергетика секторында шағын модульді реакторлардың маңызы зор. Бізге де осыған айрықша мән берген жөн. Қазақстан Кореямен осы салада өзара тиімді ынтымақтастықты жолға қоюға әзір», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Орта дәлізге Кореяны тарту ұсынылды
Қазақстан Корея бизнесіне Транскаспий халықаралық көлік бағытына да белсендірек қатысуды ұсынды.
Ел теміржол, автомобиль жолдары, теңіз порттары, терминалдар мен басқа инфрақұрылымға инвестиция салып, Орта дәліздің өткізу қабілетін арттырып жатыр.
«Орта дәліздің дамуына Кореяның да үлес қосар кезі келді деп ойлаймын», – деді Президент.
Тоқаев CJ Logistics және LX Pantos компанияларының Қазақстандағы логистикалық жобаларын атап өтіп, жаңа бастама көтерді.
Қазақстан мен Корея логистикалық жобаларды іске асырып, кореялық жүктердің Қазақстан аумағы арқылы кедергісіз өтуіне көмектесетін бірлескен кәсіпорын құруы мүмкін.

Павлодарда бір гигаваттық деректер орталығының экожүйесі құрылады
Жасанды интеллект пен есептеу инфрақұрылымы дөңгелек үстелдегі жеке бағытқа айналды.
Қазақстан Сеул ұлттық ғылым және технология университетімен бірге елдегі алғашқы Жасанды интеллект институтын құру бастамасын жүзеге асырмақ.
Павлодар облысында «Деректер өңдеу орталықтарының алқабы» орналасады. Жоба бір гигаватқа дейін қуатпен қамтамасыз етіледі, кейін оның ауқымын кеңейту мүмкіндігі қарастырылған.
«Мақсатымыз – Қазақстанды Орталық Азияның басты есептеуіш технологиялар хабына және Еуропа мен Азия арасындағы алтын көпірге айналдыру», – деді Президент.
Қазақстан Samsung Electronics және SK Hynix секілді компаниялармен микроэлектроника мен жартылай өткізгіштер өндірісіне қажетті материалдар мен компоненттер бойынша нақты ынтымақтастық орнатуға мүдделі.

Alatau City кореялық технологияларға алаң болмақ
Alatau City де қазақ-корей экономикалық серіктестігінің жеке бағытына айналып келеді.
Президенттің айтуынша, жаңа қала озық өндіріс пен инновациялар шоғырланған урбанистік және экономикалық хаб ретінде дамытылады.
«Цифрлық технологияларға, жасанды интеллектіге және заманауи инженерияға негізделген қаланы өркендетуге кореялық серіктестер белсенді атсалысып жатыр. KIND корпорациясымен бірге бас жоспарды және тұрғын үй аудандарын жобалаумен, сондай-ақ басқа да кореялық компанияларды ауқымды жобаға тартумен айналысып жатырмыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл бағыт бойынша келіссөздер мемлекеттік сапарға дейін басталған. Бұған дейін Қазақстан Оңтүстік Кореяға Alatau City жобасын іске асырудағы негізгі стратегиялық серіктестердің бірі болуды ұсынған еді. Енді Сеулдегі дөңгелек үстелде бұл ұсыныс нақты өндіріс, инфрақұрылым, жасанды интеллект және қала құрылысы жобаларымен толықты.
