Экспортқа жаңа мүмкіндік қарастырылып жатыр. Қазақстан Канада нарығына жеткізуге болатын 45 тауар санатын анықтады, олардың жалпы әлеуетті көлемі шамамен 255 млн доллар деп бағаланып отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл мәселе Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Канаданың халықаралық сауда министрі Маниндер Сидху арасындағы телефон әңгімесінде талқыланды. Тараптар саудадан бөлек, атом энергетикасы, аса маңызды минералдар, ауыл шаруашылығы, аэроғарыш және инвестиция бағыттарын қамтитын бірлескен экономикалық жоспар әзірлеуге келісті.
45 тауар санаты Канада нарығына ұсынылмақ
Қазақстанда қазір канадалық капиталдың қатысуымен 160-тан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Соған қарамастан, тараптар қазіргі сауда көлемі екі елдің экономикалық ынтымақтастық әлеуетін толық көрсетпейді деген пікір білдірді.
Арман Шаққалиев осы жағдайды нақты жобалар арқылы өзгертуді ұсынды. Оның ұсыныстарының бірі — басымдықтар мен жобалар белгіленетін Қазақстан–Канада бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу.
Министр «Made with Canada» тәсілі аясындағы бастамаларды дамытуға және канадалық өнімдердің Қазақстан нарығындағы үлесін арттыру мүмкіндігіне де назар аударды.
«Біз 45 тауар санаты бойынша жалпы құны шамамен 255 млн АҚШ долларын құрайтын Қазақстанның экспорттық тауарларының тізімін әзірледік. Бұл өнімдерді Канада нарығына ілгерілетудің нақты тетіктерін канадалық тараппен бірлесіп айқындауға дайынбыз. Сонымен қатар Қазақстан канадалық серіктестер үшін Қытай және өңірдің басқа да нарықтарына шығуға мүмкіндік беретін маңызды алаң бола алады», – деді Арман Шаққалиев.
Бұл жерде 255 млн доллар нақты жасалған экспорт немесе қол қойылған келісімшарттардың сомасы емес. Әңгіме Канада нарығына ілгерілету ұсынылып отырған қазақстандық тауарлардың бағаланған экспорттық әлеуеті туралы болып отыр.
Қазақстанның экспортты әртараптандыруы елдің жалпы сыртқы сауда саясатына да сәйкес келеді. Сауда және интеграция министрлігінің дерегінше, 2025 жылы Қазақстанның шикізаттық емес экспорты 1,2% өсіп, 41 млрд долларға жеткен.
Канада Қазақстанның атом энергетикасына өз технологияларын ұсынды
Келіссөздегі ең ірі жаңа бағыттардың бірі атом энергетикасы болды.
Канадалық тарап шағын модульдік реакторларды іске асыру тәжірибесімен бөлісуді, соның ішінде Darlington SMR жобасын қарастыруды ұсынды. CANDU технологияларын зерделеу мүмкіндігі де көтерілді.
Тараптар Қазақстанның атом энергетикасын дамыту жоспарларына канадалық компаниялардың ықтимал қатысуын талқылады.
Екі ел арасындағы атом саласындағы диалог бұған дейін де жүргізілген. 2025 жылы Қазақстан мен Канада өкілдері ядролық энергетика, қауіпсіздік және осы саладағы ынтымақтастық мәселелерін арнайы Kazakhstan-Canada Nuclear Dialogue алаңында талқылаған еді.
Минералдарды өндіруден өңдеуге көшу ұсынылды
Қазақстан мен Канада үшін тағы бір ортақ бағыт — тау-кен өнеркәсібі және аса маңызды минералдар.
Талқылаудағы негізгі екпін шикізатты өндірумен шектелмей, оны өңдеу және қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағытталды.
Бұл Қазақстан үшін экспорт құрылымы тұрғысынан маңызды. Өңдеу тереңдеген сайын сыртқы нарыққа шикізаттың өзін емес, өндірістің кейінгі сатыларындағы қымбатырақ өнімді шығару мүмкіндігі артады.
Канадалық капитал Қазақстанның тау-кен секторында бұрыннан бар. 2025 жылдың соңында екі елдің сыртқы істер министрлері экономикалық байланыстарды талқылаған кезде Cameco, Ivanhoe, Teck Resources, First Quantum Minerals және B2Gold секілді компаниялармен инвестициялық жобалар аталған болатын.
Канадалық агротехнологиялар су мен тыңайтқыш шығынын азайтуы мүмкін
Ауыл шаруашылығында тараптар канадалық технологияларды Қазақстанда қолдану мүмкіндігін қарастырды.
Негізгі мақсат — өнімділікті арттырып, су мен басқа ресурстарды тиімді пайдалану. Ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңірек өңдеу мәселесі де келіссөзге кірді.
«Ауыл шаруашылығына қатысты айтар болсақ, канадалық агротехнологиялар саласындағы компаниялар тыңайтқыш пен суды аз пайдалана отырып, өнімділікті арттыруға көмектесе алады. Бұл өз кезегінде сіздердің азық-түлік қауіпсіздіктеріңізді қамтамасыз етуге ықпал етеді», – деді Маниндер Сидху.
Канадалық тарап аэроғарыш саласындағы әріптестікті де кеңейтуге дайын екенін білдірді. Соның ішінде өрт сөндіру авиациясы мен канадалық әуе кемелері және технологияларын пайдалану мүмкіндігі аталды.
FIPA инвестиция үшін жеке құқықтық тетікке айналуы мүмкін
Келіссөзде инвестицияларды қорғау мәселесі жеке блок ретінде қаралды.
Қазақстан мен Канада Шетелдік инвестицияларды көтермелеу және қорғау туралы келісімге — FIPA-ға қатысты ықтимал келісім бойынша алдын ала жұмысты жалғастыруға келісті.
Канадалық тараптың бағалауынша, мұндай тетік әсіресе тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және халықаралық жеткізу тізбектеріне байланысты салалардағы инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етуі мүмкін.
Әзірге әңгіме келісімнің жасалғаны туралы емес, оған қатысты алдын ала жұмысты жалғастыру жөніндегі уағдаластық туралы болып отыр.
Қазақстан Канадаға Транскаспий бағытын ұсынды
Қазақстан тарапы екі елдің саудасын тек тікелей тауар жеткізумен шектемей, елдің транзиттік мүмкіндіктерін де пайдалануды ұсынды.
Келіссөз барысында Транскаспий халықаралық көлік бағыты сыртқы сауданы әртараптандыру құралдарының бірі ретінде аталды.
Сонымен бірге Астана Канаданың Үнді-Тынық мұхиты стратегиясындағы тәжірибесін ескере отырып, Канаданың Орталық Азиямен экономикалық ықпалдасу стратегиясын әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Бұл тәсіл Қазақстанды канадалық бизнес үшін тек 20 миллионнан астам тұтынушысы бар жеке нарық ретінде емес, Қытай мен Орталық Азия бағытындағы өндірістік және логистикалық алаң ретінде қарастыруды көздейді.
Ендігі практикалық қадам — басым жобаларды, сауданы жеңілдету шараларын, инвестиция мен салалық ынтымақтастықты біріктіретін экономикалық жоспарды әзірлеу.
Арман Шаққалиев Маниндер Сидхуды Digital Bridge халықаралық технологиялық форумы мен Астана халықаралық форумына шақырды. Канадалық тарап өз кезегінде келіссөздерді, соның ішінде PDAC тау-кен конференциясы аясында жалғастыру үшін Қазақстан министрін Канадаға шақырды.
Бұған дейін DKNews.kz Қазақстан мен Канаданың атом энергетикасы және ядролық қауіпсіздық саласындағы диалогты кеңейткені туралы жазған. Енді бұл диалогқа шағын модульдік реакторлар мен CANDU технологияларын зерделеу мәселесі де қосылып отыр.