2026 жылдың басынан бері Freedom Broker Armenia клиенттерінің қатары 5,4 мың адамға толығып, елдегі жалпы саны 18 мыңнан асты. Бұл туралы Freedom Holding Corp. негізін қалаушы Тимур Турлов 30 қыркүйекте Ереванда өткен Екінші инвестициялық-қаржы форумында мәлімдеді, деп хабарлайды DKNews.kz. Компания клиенттік базасын ұлғайтумен қатар, инвестициялық өнімдер таңдауын кеңейтіп, армян эмитенттерінің бағалы қағаздарын орналастыруға қатысып келеді.
Freedom Holding Corp. үшін Арменияның маңызы брокерлік қызметтер нарығымен шектелмейді. Топ елдің қаржы инфрақұрылымы арқылы әртүрлі мемлекеттен келген клиенттерге қызмет көрсетеді. Олар инвестициялық операциялар жүргізу және банк өнімдерін пайдалану үшін Арменияның қаржы ұйымдарына жүгінеді. Турлов нарықтың алдағы дамуын қаржы инфрақұрылымын жетілдірумен, мамандар даярлаумен және инвесторлардың халықаралық капиталға қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтумен байланыстырады.
Жергілікті нарықтан халықаралық қаржы кеңістігіне
Freedom Broker Armenia Армения Орталық банкінің лицензиясын 2021 жылғы қарашада алды. Ал 2022 жылы реттеуші компанияға рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесін кеңейтті. Компания іс жүзінде операциялық қызметін 2023 жылғы ақпанда бастады.
Брокердің инфрақұрылымы армян инвесторларына жергілікті қаржы құралдарымен қатар, шетелдік қор нарықтарында да жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Осылайша, елдегі клиенттер Freedom-ның халықаралық желісіне қосылады.
Алғашқы жылдардың өзінде бизнестің ауқымы айтарлықтай өзгерді. Салалық басылымдардың дерегінше, бір клиенттік мәміленің орташа сомасы 2023 жылғы 13,5 мың доллардан 2025 жылы 45,3 мың долларға дейін өскен. Өткен жылдың соңында клиенттердің жиынтық капиталы 2,3 млрд долларға жетіп, бір жылда 43,4%-ға артқан.
Клиенттер белсенділігінің өсуімен бірге инвестициялық банкинг бағыты да дамып келеді. 2023 жылы Freedom Broker Armenia Team телекоммуникациялық компаниясының IPO-сын ұйымдастырды. Орналастыру барысында мыңға жуық инвестордан шамамен 19,8 млн доллар тартылды. 2025–2026 жылдары брокер Team Holding-пен жұмысын жалғастырды: компанияның облигацияларды орналастыру бағдарламасының көлемі шамамен 35 млн доллар баламасына жетті.

Армян компаниялары үшін капитал тарту мүмкіндігі кеңейіп келеді
Брокерлік инфрақұрылымның дамуы жергілікті компанияларға қаржы тартудың қосымша жолдарын ашады. Олар акциялары мен облигацияларын көпшілікке ұсына алады. Ал инвесторлар шетелдік биржаларда сауда жасаумен қатар, Армениядағы осындай орналастыруларға да қатысуға мүмкіндік алады.
2026 жылы Team Holding Freedom Broker Armenia қатысуымен долларлық облигацияларын бірнеше кезеңге бөліп орналастырды. Сәуірде аяқталған екінші кезеңдегі шығарылым көлемі 10 млн доллар болды. Бір облигацияның номиналы 100 доллар, айналым мерзімі 48 ай, жылдық купондық мөлшерлемесі 8,75% болып белгіленді.
Турлов Арменияның кадрлық әлеуетіне де ерекше назар аударады. Оның айтуынша, жергілікті мамандардың қаржы нарықтарында жұмыс істеу тәжірибесі бар және олар армян инвесторларымен қатар, өзге елдердің клиенттеріне де арналған сервистерді дамыта алады. Бұл Freedom-ға ел нарығымен бірге өсіп, ондағы қызмет аясын кеңейтуге жол ашады.
Қазақстан — топтың негізгі тірек нарығы
Армениядағы бизнес Freedom-ның ауқымды брокерлік жүйесінің бір бөлігі ретінде дамып келеді. Топтың ең ірі нарығы Қазақстан болып қала береді. Мұнда оның екі брокерлік құрылымы — Freedom Finance пен Freedom Finance Global жұмыс істейді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы Freedom Broker клиенттерінің белсенді шоттарының саны 342 мыңға жетті. Бір жыл ішінде инвесторлар бағалы қағаздармен 38,4 млн мәміле жасады. Жаңадан ашылған брокерлік шоттар саны 114,3 мыңды құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 12%-ға өсті.
Брокердің қазақстандық нарықтағы орнын салалық көрсеткіштер де айқындайды. Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, барлық брокерлер активтерінің 41%-ы Freedom Finance үлесіне тиесілі болған. Сондай-ақ компанияның үлесі KASE-дегі мәмілелер көлемінің 16%-ын және санының 30%-ын құраған.
Ауқымы жағынан Армениядағы бизнес Қазақстандағыдан едәуір шағын. Дегенмен Freedom-ның халықаралық жүйесінде оның өзіндік орны бар: компания жергілікті капитал нарығын дамытып, оған қатысушылардың шетелдік қаржы алаңдарына шығуына мүмкіндік береді.

Брокерлік бизнеспен бірге халықаралық ауқым да ұлғайып келеді
Тимур Турловтың Freedom Holding Corp. тобының қаржылық нәтижелері бизнестің бірнеше бағытта қатар өсіп келе жатқанын көрсетеді. 2026 жылғы 31 наурызда аяқталған қаржы жылында топтың түсімі бір жыл бұрынғы 2 млрд доллардан 2,19 млрд долларға жетті. Таза пайда шамамен екі есе өсіп, 76,2 млн доллардан 153,3 млн долларға дейін ұлғайды. Жиынтық активтер 13,2 млрд долларды құрады.
Бір жылда брокерлік шоттар саны 683 мыңнан 858 мыңға дейін өсті. Қаржы жылының соңында шоттардың 56%-дан астамында ақша қаражаты немесе активтер болған. Қаржы жылы аяқталғаннан кейін де топ активтерінің өсімі жалғасып, 2026 жылғы 30 маусымда шамамен 14 млрд долларға жетті.
Топтың қызмет географиясы да кеңейіп келеді. 2027 қаржы жылының бірінші тоқсанында Freedom Holding 24 елде жұмыс істейтінін көрсетті. Брокерлік сегмент топтың негізгі бизнес бағыттары арасында ең көп түсім әкелетін сала болып қала береді: 2026 жылғы 30 маусымда аяқталған тоқсанда оның түсімі 282,6 млн долларды құрады.
Армениядағы бизнестің дамуы — Freedom Holding Corp. тобының халықаралық ауқымын кеңейту жолындағы қадамдарының бірі. Топ жаңа нарықтардағы орнын біртіндеп нығайтып келеді, ал Қазақстан оның негізгі іскерлік орталықтарының бірі болып қала береді.
Бұған дейін DKNews.kz Freedom Holding-тің Түркия нарығына шығуы туралы жазып, Тимур Турловтың компаниясы жұмыс істейтін Түркия қор нарығының ерекшеліктерін кеңінен талдаған еді.
Ал Freedom-ның брокерлік бизнестен халықаралық қаржы тобына дейінгі даму жолы туралы «Тимур Турлов: Freedom Holding Corp. негізін қалаушының өмірбаяны» материалынан оқи аласыз.