Самарқанд саммиті: бала отбасынан ажырамай көмек алуы керек

574
Арман Қоржымбаев Бас редактор

Самарқандта балаларға арналған жаһандық саммит ашылып жатыр. Басқосудың өзегінде баланың отбасында қалуына, ауыр дертке шалдықса да оқуын жалғастыруына және зорлық-зомбылықтан кейін қайта жарақат алмай қорғалуына мүмкіндік беретін көмек жүйесі тұр.

«Балалардың әл-ауқатына инвестиция салу» дүниежүзілік саммиті 21–22 қазанда өтеді. Ұйымдастырушылар оған 100-ден астам елдің өкілдері қатысатынын мәлімдеді. Осы күндері қалада балалар онкологиясы жөніндегі II халықаралық конгресс те ұйымдастырылып отыр.

Халықаралық ауқымдағы күн тәртібінің артында әр отбасыға түсінікті мәселелер бар. Баласы тұрақты күтімге мұқтаж ата-ана жұмысын сақтап қала ала ма? Оңалту мен мектепке дейінгі білімді бір жерден алуға бола ма? Зорлық көрген бала сотта басынан өткенін тағы да айтып беруге міндетті ме?

Самарқандта осы сұрақтарға жауап болатын әлеуметтік орталықтар, мамандардың жұмысы мен баланы қорғау тетіктері таныстырылып жатыр.

Бұрынғы балалар үйінде енді отбасыларға көмектеседі

Самарқанд қалалық аумақтық әлеуметтік қызметтер орталығы бұрынғы «Мехрибонлик» балалар үйінің аумағында орналасқан. Қазір мұнда мүгедектігі бар балалар мен ересектерге, өзгенің күтіміне мұқтаж адамдарға және өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға қолдау көрсетіледі.

Жеті ғимаратта 11 бағыт бойынша қызмет ұйымдастырылған. Олардың қатарында ерте жастан көмек көрсету, күндізгі күтім, балалар мен ересектерді оңалту, кәсіпке баулу, «Маҳорат» аспаздық студиясы және инклюзивті хаб бар. Орталық күніне 350–400 адамға қызмет көрсетуге есептелген.

Бұл аумақтың қызметі өзгерген. Енді мұнда адам отбасынан және үйреншікті ортасынан қол үзбей алатын көмекті ұйымдастырады.

Ата-аналар үшін күндізгі күтімнің отбасылық табысқа да қатысы бар. Бала қараусыз қалмай, қажетті көмегін алып жатқанда, ересектердің жұмыс істеуге уақыты болады. Мұндай қызмет жақындарының күнделікті жүктемесін де жеңілдетеді.

Әлеуметтік көмек махалладан басталады

Отбасыға ең жақын буын — махалладағы әлеуметтік қызметкер. Махалла Өзбекстанда жергілікті қауымдастық әрі азаматтардың өзін-өзі басқару органы ретінде жұмыс істейді. Әлеуметтік қызметкер отбасының жағдайын анықтап, қандай қолдау қажет екенін бағалайды және тиісті қызметтерді іске қосады.

Өзбекстанда 208 «Инсон» орталығы бар, махаллаларда 9 мың әлеуметтік қызметкер еңбек етеді. Саммит ұйымдастырушылары жариялаған дерекке сәйкес, әлеуметтік қызметтер мен көмек түрлерінің саны 2023 жылғы 23-тен 2026 жылы 140-қа жеткен. Оның 45-і балалардың құқықтарын қорғауға арналған.

Бір отбасыға жәрдемақы рәсімдеу керек болса, екіншісіне оңалтуға жолдама қажет. Ал кей жағдайда баланы уақытша қауіпсіз жерге орналастыруға тура келеді. Жағдай бағаланғаннан кейін жеке жоспар жасалып, оның орындалуы қадағаланады.

Өтініштер бірыңғай CRM жүйесіне тіркеледі. Әлеуметтік қызметкер «Инсон» орталықтарымен, мектептермен, медициналық мекемелермен және басқа да қызметтермен байланыста болады.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, мәселелердің 80 пайызы махалла деңгейінде шешіледі. Үш жылда көмекке мұқтаж 600 мыңнан астам адам мен отбасы қосымша анықталған.

Мұндай тәсіл қолжетімді көмектен хабары жоқ ата-аналар үшін ерекше мәнге ие. Отбасы тиісті мекемені өзі іздеп тапқанша күтпей, әлеуметтік қызметкер оның жағдайын анықтап, қолдау ұсына алады.

«Имконда» балабақша мен оңалту бір жерде

Самарқандтағы «Имкон» орталығы 2026 жылғы қазанда жұмысын бастады. Он топқа бөлінген 150 орыннан бөлек, мұнда ай сайын үш жастан 18 жасқа дейінгі 100 балаға дейін амбулаториялық оңалтудан өте алады.

Саммит қарсаңында мекемеге халықаралық сарапшылар мен журналистер барды. Орталықта мектепке дейінгі білім медициналық, психологиялық және педагогикалық қолдаумен ұштастырылған. Мамандар балалардың қимыл-қозғалысын, сөйлеуін, қарым-қатынас жасау және өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын дамытуға көмектеседі.

Мұнда емдік дене шынықтыру, сенсорлық интеграция сабақтары өтеді, музыка мен шығармашылық әдістері қолданылады. Массаж, физиотерапия және судағы жаттығулар да қарастырылған.

Мамандар бір мекемеде жұмыс істегенде, білім беру бағдарламасы мен оңалтуды баланың қажетіне қарай үйлестіруге болады. Сабақта үйренетін дағдылар күнделікті тіршілікке керек: сөйлесу, қозғалу, киіну, қарапайым әрекеттерді өздігінен орындау.

Өзбекстанда төрт «Имкон» және бір «Умид» орталығы жұмыс істейді. Баланы мамандандырылған мектепке дейінгі ұйымға орналастыру үшін ата-аналар тұрғылықты жеріндегі «Инсон» орталығына жүгінеді. Ал амбулаториялық оңалтуға мекеменің ішкі комиссиясының қорытындысы бойынша қабылдайды.

Бейнежазба баланы сотқа қайта шақырмауға мүмкіндік береді

Самарқандтағы «Нажот» орталығы халықаралық Barnahus үлгісімен жұмыс істейді. Мұнда зорлық-зомбылықтан зардап шеккен баланы қорғауға қажетті мамандар мен рәсімдер бір жерге біріктірілген.

Процестік әрекеттер психологтың қорытындысы ескеріле отырып жүргізіледі. Баламен сұхбатты тергеу тобына енгізілген, арнайы даярлықтан өткен прокуратура қызметкері өткізеді.

Дыбыс пен бейне міндетті түрде жазылады. Жазбалардың мәтіндік нұсқасы қылмыстық іске тіркеледі, ал жазбалардың өзі дәлелдеме ретінде танылып, баланы сотқа шақырмай-ақ пайдаланылуы мүмкін.

Бұл зардап шеккен балаға сот отырысында басынан өткенін қайта баяндамауға мүмкіндік береді. Қайталама сұрауларды азайтып, психологиялық жарақаттың жаңғыру қаупін төмендету — орталықтың негізгі міндеттерінің бірі.

Қажет болған жағдайда аудармашы, арнайы педагог, психиатр, оңалту маманы және басқа да мамандар тартылады.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қылмыстық істерге жәбірленуші немесе куә ретінде қатысатын балаларға мемлекет есебінен заң көмегін көрсету көзделген. Оны балалармен жұмыс істеу бойынша арнайы даярлықтан өткен адвокаттар көрсетуге тиіс.

Ұзақ емделген бала оқуынан қол үзбейді

Саммит көрмесінде Mehrli maktab аурухана мектебі оқушыларының суреттері ұсынылған. Олардың авторлары ұзақ ем қабылдап жүр және денсаулық жағдайына қарай оқуын жалғастырады.

Аурухана педагогикасы мектепке дейінгі және мектептегі білімді, бала мен ата-анаға психологиялық қолдауды, негізгі мектебімен байланысты сақтауды және сыныпқа қайта оралуға дайындықты қамтиды.

Ұзаққа созылған дерт бүкіл отбасының күн тәртібін өзгертеді. Ем-шараларға қоса, сабақтан қалу, сыныптастардан алыстау және оқуға қайта бейімделу мәселелері туындайды. Аурухана мектебі емделу кезінде білім алуды жалғастыруға көмектеседі.

Көрменің «Кораблик» бөлімі онкологиялық, гематологиялық аурулары және бастапқы иммун тапшылығы бар балаларға көмек көрсетуге арналған. Онда ауруды ерте анықтау мен диагноз қоюдан бастап емдеу, оңалту және паллиативтік қолдауға дейінгі жол қамтылған.

Өзбекстанның 2025–2030 жылдарға арналған балалар обырына қарсы ұлттық стратегиясы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді, мамандар даярлауды және медициналық технологияларды дамытуды көздейді. Балалар обыры жөніндегі халықаралық академиялық хабтың бағыттары арасында білім мен технологияларды Орталық Азия елдеріне тарату да бар.

Бұл саммиттің өңірге тікелей қатысты тұсы. Дәрігерлерді даярлау мен медициналық тәжірибе алмасу бір елдің шекарасымен шектелмейді.

Самарқанд декларациясын 22 қазанда қабылдау жоспарланған

Кездесудің қорытындысында балалардың әл-ауқатына инвестиция салу жөніндегі Самарқанд декларациясын қабылдау жоспарланып отыр. Құжат жобасында отбасыларға қолдауды кеңейту, денсаулық сақтау мен инклюзивті білімді дамыту, балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау қарастырылған.

Қаржыландыруға жеке бөлім арналған. Онда балаларға бағытталатын мемлекеттік инвестицияны кезең-кезеңімен арттыру және бюджет шектеулі кезде де қажетті қызметтерді сақтау ұсынылады.

Мұндай шығындардың күнделікті өмірдегі нәтижесін Самарқандтан көруге болады. Бұрынғы балалар үйінің аумағындағы орталық күніне жүздеген адамға қызмет көрсетуге есептелген, оңалту білім берумен біріктірілген, ал процестік рәсімдер зардап шеккен балаға түсетін салмақты азайтуға бағытталған.

Бұған дейін біз Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар қандай кедергілерге тап болатынын және отбасыларға қажетті қолдауды алу неліктен қиынға соғатынын жазған едік.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -