Қазақстан көлік саласындағы жоспарын кеңейтуде. Еліміз Қытаймен арадағы жүк тасымалының көлемін 10 есе ұлғайтып, шекараның өткізу қабілетін арттыруды және Қытай тауарларын басқа елдерге жеткізетін ірі логистикалық хаб құруды көздеп отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл мәселелерді Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Көлік министрі Асел Жанасова мен Чэн Си бастаған қытайлық Guo JingAn компаниясының делегациясы талқылады.
Тәулігіне 1 500 жүк көлігіне дейін
Келіссөздердің негізгі тақырыптарының бірі Қазақстан мен Қытай шекарасындағы көлік инфрақұрылымын кеңейту болды.
«Нұр Жолы» өткізу пунктімен түйісетін Қытай аумағындағы өткізу пунктін жаңғырту нәтижесінде тәулігіне өтетін жүк көліктерінің санын 800-ден 1 500-ге дейін арттыруға мүмкіндік туады.
Бұл тасымалдаушылардың шекарада күту уақытын қысқартып, тауар жеткізу жылдамдығын арттыруға ықпал етуі мүмкін.
Сонымен қатар Қытай тарапы желтоқсан айының соңына дейін Қорғас өткізу пунктінің жұмыс уақытын үш сағатқа ұзарту мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Қазақстан Қытай аумағында кең табанды теміржол салуды ұсынды
Кездесуде Қытай аумағында кең табанды теміржол желісін салу туралы ұсыныс та талқыланды.
Қазір Қазақстан мен Қытайдағы теміржол табанының ені әртүрлі. Осыған байланысты шекара арқылы жүк тасымалдау кезінде қосымша технологиялық операциялар жүргізіледі.
Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың тағы бір бағыты – қытайлық CITIC Group компаниясының қатысуымен «Орталық – Батыс» автомобиль жолы жобасын іске асыру.

Қорғас пен Алатау ірі логистикалық хабқа айналуы мүмкін
Асел Жанасова Қорғас пен Алатау қаласы базасында жүк тарату хабын құруды ұсынды. Ол арқылы Қытай тауарларын Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ, Түркия, Иран және Пәкістан нарықтарына жедел жеткізу көзделіп отыр.
Бұл бастама Қазақстанға халықаралық жүк тасымалымен қатар тауарларды сақтау, бөлу және өзге елдерге жөнелту қызметтерін дамытуға мүмкіндік береді.
Кездесуде қазақстандық ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қатысты ұсыныс та айтылды. Қазақстан аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерін сертификаттайтын қытайлық зертханаларды орналастыру ұсынылды. Бұл отандық өнімдерді Қытай нарығына шығаруға қажетті рәсімдерді жеңілдетуі мүмкін.
Тараптар жедел әрекет ететін жұмыс топтарын құрып, нақты ұсыныстарды пысықтауға келісті. Алайда жүк тасымалы көлемін 10 есе арттыру мақсатына қай мерзімде қол жеткізілетіні әзірге нақтыланған жоқ.
Бұған дейін біз Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол жүк тасымалының 31,8 млн тоннаға жеткені, сондай-ақ Қытаймен жүргізушісіз жүк тасымалын іске қосу жоспары туралы жазған едік.
