Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ұмтылып отыр. Алайда жағымды статистиканың тасасында азық-түлік саласы өкілдерін алаңдатып отырған мәселе бар. Өндірушілердің пікірінше, Еуразиялық экономикалық одақ аясында бәсекелестік шарттары теңестірілмесе, қазақстандық бизнестің мүддесі белсендірек қорғалмаса және отандық өнімді нарықта ілгерілетудің жаңа тетіктері енгізілмесе, еліміз азық-түлік нарығындағы үлесін біртіндеп шетелдік өндірушілерге беріп қоюы мүмкін.
Nature Food беделді халықаралық ғылыми журналының деректеріне сәйкес, Қазақстан азық-түліктің негізгі жеті тобының бесеуі бойынша өзін толық қамтамасыз ете алатын елдердің қатарына енген. Бір қарағанда, бұл қуанышты жаңалық. Алайда зерттеу нәтижелері бірқатар сұрақ туындатады. Өйткені еліміздегі кез келген супермаркетке кірсеңіз, тауарлардың барлық дерлік санатында импорттық өнімдердің көп екенін байқауға болады. Демек, зерттеуде көрсетілген жағдай шын мәнінде соншалықты көңіл көншітерлік емес. Бұл мәселе әсіресе шекаралас өңірлерде айқын сезіледі. Ондағы отандық өндірушілер бірнеше жылдан бері бәсекелестік шарттарының тең еместігін айтып келеді.
Сала өкілдерінің айтуынша, мәселе еркін бәсекелестіктің өзінде емес, әр елдегі өндірушілерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау деңгейінің айтарлықтай айырмашылығында. Ресей мен Беларусь кәсіпорындары ауқымды субсидиялар, жеңілдетілген қаржыландыру және өзге де қолдау шараларын пайдаланады. Соның арқасында олар Қазақстан нарығына сауда үстемесін барынша төмендетіп, баға саясатын агрессивті жүргізе отырып кіре алады. Шетелдік компаниялар Қазақстан нарығына төмен бағамен және аз пайдаға жұмыс істеуге дайын күйде келеді. Өйткені олардың қазіргі басты мақсаты – пайда табу емес, шетелдегі позициясын нығайтып, нарықтың басым бөлігін иелену. Ал қазақстандық компаниялар мұндай бәсекеге тең дәрежеде төтеп беруге мүмкіндік беретін құралдарсыз жұмыс істеуге мәжбүр.
Петропавл қаласындағы «Казмясопродукт» ЖШС директоры Серік Ильясовтың айтуынша, мұндай жағдай бүкіл отандық тамақ өнеркәсібіне үлкен қауіп төндіреді.
«Ресей мен Беларусь жеткізушілері ең аз үстемеақымен жұмыс істеуге дайын. Өйткені олар негізгі табысын өз елдерінің ішкі нарығынан табады. Қазақстан олар үшін нарықты жаулап алу мақсатында бағаны әдейі төмендетуге дайын алаң іспетті. Ал жергілікті өндірушілер қалмаған кезде, олар бағаны көтеріп, өз шарттарын қоя бастайды. Отандық өндірушілерді қорғау үшін нақты шаралар қабылданбаса, қазақстандық өнімді осындай болашақ күтіп тұр деп ойлаймын. Мысалы, бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында біз импорттық өнімдермен ең алдымен сапа жағынан бәсекелесіп отырмыз. Сонымен қатар соңғы уақытта өнімдеріміздің сату көлемі 70%-ға қысқарды. Бұл бүгінде отандық өндірушілердің импорттық өнімдер тарапынан қаншалықты үлкен қысымға ұшырап отырғанын айқын көрсетеді. Егер біз және басқа да қазақстандық азық-түлік өндірушілері нарықтан кетсек, бәсекелестік те, бағаны тежейтін факторлар да қалмайды. Басқа елдердің өндірушілері сауда желілеріне өз бағаларын таңады, ал ритейл олардың ойын ережесін қабылдауға мәжбүр болады. Ақыр соңында мұның зардабын ең алдымен қазақстандық тұтынушы тартады», – дейді Серік Ильясов.
Сала сарапшыларының пікірінше, бұл мәселе жекелеген кәсіпорындардың шеңберінен әлдеқайда кең. Импорттық өнімдердің демпингтік бағамен сатылуы жергілікті өндірушілердің нарықтан біртіндеп ығыстырылуына, жұмыс орындарының қысқаруына, инвестициялық белсенділіктің төмендеуіне және елдің болашақта шетелдік жеткізушілерге тәуелді болуына әкелуі мүмкін. Өндірушілердің пікірінше, отандық бизнестің позициясын нығайту үшін мемлекеттің белсенді араласуы және жүйелі қолдау тетіктері қажет. Әңгіме бір реттік көмек туралы емес, бірлескен қаржыландыру, оқыту, жеткізу тізбегін бақылаудан бастап, ішкі нарықты демпингтік импорттан қорғауға дейінгі тұрақты әрі кешенді қолдау туралы болып отыр. Сонымен қатар сауда желілері жай ғана делдал болудан арылып, тауар ассортиментінің басым бөлігін жергілікті өнім есебінен қалыптастыратын негізгі серіктеске айналуы керек.
«Отандық өндірушілерді қолдау үшін нақты шаралар қажет. Атап айтқанда, сауда сөрелерінің кемінде 60%-ын қазақстандық өнімдерге беру, отандық брендтердің танымалдығын арттырып, қазақстандық өнімді насихаттауға бағытталған ақпараттық және жарнамалық жұмыстарға мемлекет тарапынан қолдау көрсету маңызды. Бұдан бөлек, өндірушілерге 20%-дан асатын коммерциялық несие емес, қолжетімді әрі жеңілдетілген несие қажет. Қазақстандық өндірушілер жергілікті сауда желілеріне өнімін өткізу кезінде негізсіз кедергілерге тап болмауы керек. Сондай-ақ импорттық өнімдерге бақылауды күшейту қажет. Нарыққа тек сапа мен қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келетін шетелдік жеткізушілер ғана жіберілуі тиіс. Бұған қоса, қолжетімді бағада бәсекеге қабілетті сүт өнімдерін өндіру үшін саланың негізгі мәселелерінің бірі – сапалы әрі тұрақты шикізатпен қамтамасыз ету мәселесін шешу қажет. Бүгінде Қазақстанда шикі сүттің бағасы жоғары, ал сапасы тұрақсыз. Бұл мәселені шешу үшін сапалы мал азығын төмен шығынмен өндіруге мүмкіндік беретін өсімдік шаруашылығын тиімді жолға қойған заманауи фермалар қажет. Сонымен қатар малдың денсаулығын қатаң бақылап, өндірістің әр кезеңінде сапаның төмендеуіне жол бермейтін автоматтандыру жүйелері мен заманауи технологияларға негізделген мінсіз басқару жүйесін қалыптастыру маңызды», – деп атап өтті «Қазақстанның сүт одағының» директоры Владимир Кожевников.
Сонымен қатар көптеген өндірушілер тағы бір мәселеге назар аударып отыр. Қазақстандық тауарлар көршілес елдердің нарығына әрдайым кедергісіз шыға алмайды. Жеткізілім көлемі аз болған кезде, әдетте, ешқандай күрделі мәселе туындамайды. Алайда қазақстандық өнім жергілікті өндірушілерге айтарлықтай бәсекелес бола бастаған сәтте түрлі шектеулер пайда болады. Олар қосымша тексерулерден бастап, қадағалаушы органдардың тарапынан қойылатын талаптарға дейін жалғасады.
Нарық қатысушыларының пікірінше, Қазақстан ЕАЭО деңгейінде өз мүддесін қорғауға баса назар аударуы керек. Еліміз бәсекелестіктің бірыңғай ережелерін қалыптастыруға қол жеткізіп қана қоймай, одақтың салалық жұмыс органдарында отандық өндірушілердің мүддесін белсендірек ілгерілетуі қажет.
Павлодар қаласындағы «Рубиком» кәсіпорны» ЖШС-нің даму және маркетинг жөніндегі директоры Максим Максимов бұл мәселенің жүйелі сипатқа ие екенін және шекаралас өңірлердің барлығына дерлік тән екенін айтады.
«Павлодардағы жағдай заңды құбылыс және шекаралас өңірлердің жалпы ахуалын көрсетеді. Мұнда азық-түлік тауарларының басым бөлігі импорттан келеді. Алматыда Қырғызстан өндірушілерінің нарыққа енуін байқасақ, Шымкентте Өзбекстан өнімдері басым. Ал Павлодарда дәстүрлі түрде Ресей мен Беларусь өнімдерінің үлесі жоғары. Нарықтағы өсім немесе құлдырау көптеген маңызды факторларға байланысты. Олардың қатарында валюта бағамының өзгеруі (рубль мен көршілес елдердің басқа валюталарының нығаюы немесе әлсіреуі), биологиялық қауіпсіздік мәселелері, логистика және геосаяси жағдай бар. Қазіргі жағдайға тоқталсақ, сауда сөрелерінде Ресей мен Беларусь өнімдерінің үлесі едәуір. Әсіресе шұжық және сүт өнімдері сегментінде», – дейді Максим Максимов.
Сонымен қатар сарапшы мәселені шешу үшін тыйым салу шараларына ғана сүйенуге болмайтынын атап өтті.
«Ел ішіндегі сауданы реттеу кезінде қатаң тыйымдарға жол бермеу керек. Мемлекет мүмкіндіктерді шектемей, керісінше, оларды кеңейтуі тиіс. Егер қажетті жағдай жасалса, нарық өздігінен қалыптасып, дами береді. Мемлекеттің міндеті – халықаралық сауда келісімдерін жасау және сауданы дамытуға бағытталған азаматтық институттардың құрылуына мүмкіндік беру. Ал біздің бизнес өкілдері ретіндегі міндетіміз – осы мүмкіндіктерді пайдаланып, өз өнімдерімізді әлем бойынша экспорттау», – деп есептейді Максим Максимов.
Сонымен бірге сала өкілдері көршілес мемлекеттер өз өндірушілерін қорғау үшін тарифтік емес реттеу тетіктерін қолданатын болса, Қазақстан да қолданыстағы заңнама аясында импорттық өнімдерге бақылауды күшейтуге құқылы деп санайды. Мұнда жасанды кедергілер қалыптастыру туралы сөз болып отырған жоқ. Керісінше, өнім сапасын, санитариялық талаптар мен басқа да міндетті нормалардың сақталуын мұқият бақылау қажет. Әсіресе өңірлік нарықтарда айтарлықтай үлеске ие бола бастаған компанияларға қатысты бақылауды күшейткен жөн.
Тамақ өнеркәсібінің өкілдері қазақстандық кәсіпорындар ашық бәсекелестік жағдайында жұмыс істеуге дайын екенін айтады. Алайда ол үшін нарықтағы барлық қатысушыға бастапқы мүмкіндіктер тең болуы керек. Әзірге өндіріс ауқымындағы, тарифтік емес реттеу тетіктерін қолданудағы және өз өндірушілерін қолдау деңгейіндегі айырмашылықтар отандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп отыр. Өйткені нарық қатысушыларының экономикалық мүмкіндіктері бірдей емес. Сарапшылардың пікірінше, дәл қазір қазақстандық өндірушілерді қолдаудың кешенді жүйесін қалыптастыру маңызды. Бұл бағытта халықаралық келіссөздер деңгейінде де, ел ішінде де нақты шаралар қабылдануы қажет. Бүгінде отандық тамақ өнеркәсібінің мүддесі қаншалықты тиімді қорғалатыны ертеңгі Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігіне, мыңдаған жұмыс орнының сақталуына және жалпы өңдеу өнеркәсібінің одан әрі дамуына тікелей әсер етеді.