Шыңғыс ЕРГӨБЕК, заң ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор: Тәуелсіздік жылдары отандық саясаттанудың негізі қаланды

1708

Адам өмірінде тұтас бір дәуір секілді көрінетін өткен 30 жыл мемлекеттік тұрғыдан алып қарағанда азғантай ғана уақыт. Жаһандық деңгейде қарастырғанда бұл сандар үлкен мәнге ие болуы да неғайбіл. Бірақ жүздеген жылдарға созылған бодандықтан босанған халық үшін бұл маңызды көрсеткіш. Мемлекеттің кемелдігін қамтамасыз ету үшін адам ресурстарының орнықты дамуына жағдай жасалуы керек. Ұлттың бәсекеге қабілеттілігі бірінші кезекте адам ресурсының сапасына және жаңа саяси-экономикалық жағдайда жылдам бағдар алып, заман талабына икемделе алуында жатыр. Ал бұл үшін сапалы білім беру жүйесін кемелдендіріп қана қоймай, оның заман талабына икемділігі мен қарқынды дамуын қамтамасыз ету керек. Сондықтан да болар, білім беру саласының бәсекелестігін қалыптастыруда қоғамдық аккредитацияның алатын орны ерекше.

Бүгінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің білім беру бағдарламаларының дені халықаралық аккредиттеу агенттіктерінен аккредитациядан өтті. Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасы да бұл үдерістен тыс қалмады. Әлемнің жетекші ACQUIN, FIBAA секілді агенттіктерінен аккредитациядан өтіп, білім беру бағдарламаларының халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ете алды. Бұдан бөлек, соңғы уақытта өзектілігі жоғарылап келе жатқан академиялық автономия мәселесін қосыңыздар. Академиялық автономия тек еркіндік қана емес, үлкен жауапкершілік. Осы екі бастама еркіндік пен жауапкершілікті ұштастыра отырып, заманауи білім беру бағдарламаларын құруға жол ашты.

Отыз жыл ғылым бағыттарын қалыптастыру үшін де үлкен бір кезең деу қиын. Осы уақытқа дейін философия және саясаттану факультеті, оның ішінде Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының негізгі жеткен жетістіктері, ол – отандық саясаттанудың негізін қалауда жатыр. Ескіден – Кеңес өкіметінен шыққан саясаттану ғылымын түрлендіріп, оған заманауи келбет берді. Заманауи ғылыми зерттеулерге арқа сүйейтін, жаңа технологияларды, жаңа техникаларды және жаңа теориялық ілімдерді түрлендіре отырып, бүгінгі күні кафедра өзге елдердің ешбірінен кем түспейтін саясаттану бағытының негізін қалады. Мәселен, «Конфликтология», «саяси имиджелогия» т.б. одан өзге халықаралық қатынастар бағытындағы және аймақтық қауіпсіздік бағытындағы мәселелерді талқылайтын жекелеген білім беру бағдарламалары да жүзеге асырылуда.

Бүгінде Қазақ ұлттық университетінің саясаттану мектебі Қазақстанда теңдесі жоқ іргелі ғылыми зерттеулердің ордасына айналып отыр. Әрі бүгінде саясаттану ғылымындағы негізгі трендтер мен негізгі бағыттарды айқындайтын ең келелі, тамыры тереңге жайылған орталықтардың бірі. Осы уақытқа дейін «Саясаттану негіздерінен» бастап, «Саяси құқықтық ілімдердің тарихы», «Саясаттану», «Саясаттануға кіріспе» т.б. оқулықтарымен қатар, 100 жаңа оқулық жобасының шеңберінде редакторларымыз әлемдік бестселлерлерді қазақ тіліне аударды. Философиялық, әлеуметтану, саясаттану бағыттары бойынша әлемдік деңгейде мойындалған әдебиеттерді, мысалы «Философия негіздері», «Философия ғылымына кіріспе», «Социология және философияның қысқаша тарихы», «Адамзаттың қысқаша тарихы» секілді іргелі еңбектерді аударуда біздің факультеттің сіңірген еңбегі зор. Бүгінде саясаттану бағыты бойынша «Қазақ саясаттану ғылымының классикасы» деп айтуға тұрарлық негізгі оқулықтар, негізгі зерделенген ғылыми жаңалықтардың көпшілігі біздің факультет пен кафедрадан шығып отыр деуге болады.

Кафедра ұжымы бүгінгі күнге дейін жүздеген үлкен монографиялардың авторы атанып отыр. Олардың ішінде әртүрлі саяси процестерге, сыртқы интеграциялық проблемаларға және ішкі саясаттағы элитологиядан бастап, діни мәселелер арасындағы кең ауқымды қамтып жатқан сұрақтардың барлығына жауап іздейді. Менің өзім көп жағдайда сол саяси транзитология мәселесімен айналысамын. Саяси транзитология ­­– бұл жүйелі өзгерістердің барысындағы саяси үдерістің өзгеруін зерттеуге бағытталған ғылымның айтарлықтай жаңа бір саласы. Міне, сондықтан біздің қазіргі соңғы отыз жылдағы саяси процесіміздің барлығы дерлік саяси транзитологтардың тарапынан өте терең саралану үстінде.      

Кафедра көлемінде ғана емес, республикалық көлемдегі маңызды жаңалықтардың бірі – «Конфликтология» білім беру бағдарламасының құрылуы. Кез келген ел болашағын бағдарлауы үшін тек өткенін саралап қана қоймай, бүгінгі ішкі болуы мүмкін қайшылықтарға да баға бере алуы керек. Ал бұл миссия жоғарыда аталған мамандық иелерінің еншісіне тиесілі. Әлемдегі жетекші жоғары оқу орындарының тәжірибесін ескере отырып құрылған бұл бағдарлама Қазақстан үшін ерекше маңызды, этникааралық, саяси, әлеуметтік мәселелерді қарастырады. Ішкі ықтимал зерттеулермен шектеліп қана қоймай, халықаралық аренада орын алуы мүмкін қақтығыстарға да мән беріп келеді.

Бүгінде кафедра бағыты заманауи білім беру бағдарламаларымен толығуда. Кафедрамыз барлық іргелі ғылыми-зерттеу орталықтары мен жетекші жоғары оқу орындарын қамтиды. Шетелдік әріптес жоғары оқу орындарынан саясаттану саласының жетекші мамандары шақырылып, олардан тәлім алған тәлімгерлер жаңа білім көкжиектерін бағындыруда. Бұл кафедра үшін академиялық ұтқырлық мүмкіндіктерін ғана емес, кафедра докторанттары үшін тағылымдамадан өтуі үшін маңызды жағдай жасады.

Расымен де, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінің Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасы қазіргі кезде халықаралық деңгейде өзін мойындата алған үлкен білім ордаларының біріне айналып отыр. Тек іргелі зерттеулердің шеңберінде, кафедра көлемінде жүзеге асырылып жатқан жобалар да бар. Алдыңғы жылдары кафедрамызда он шақты іргелі зерттеулер жүзеге асырылған. Бұл жобалар мен зерттеулер ішкі саяси процесті талдауды, ішкі саяси процестің сыртқы саясатқа ықпалын айқындауды, ішкі саяси процестерге деген сұраныстың әлеуметтік негіздері мен әлеуметтану мен саясаттанудың шегіндегі дүниелерді, сондай-ақ этникааралық және ұлтаралық татулық мәселелерін, әлеуметтік татулық пен тұтастықты сақтау т.б. бағыттағы мәселелерді толық қамтиды. Әрі халықаралық конференцияларда біздің профессорларымыз халықаралық қауымдастық тарапынан үлкен сұранысқа ие. Мәселен, кафедра меңгерушісі, профессор Гүлнар Насимова тұрақты түрде Израиль, АҚШ, Қытай, Үндістан және өзге де шетелдерге лекция оқуға шақырылатын тұлға. Дәл осындай мәртебеге ие біздің бірнеше ірі ғалымдарымыз бар. Демек, мемлекет тарапынан туындап жатқан барлық саяси, әлеуметтік сараптамаға деген сұраныстарды қамтамасыз ете алатын іргелі орталықтардың барлығы кафедрамызбен өте тығыз байланыста және осы уақытта көптеген іргелі зерттеулерді бірге жалғастырудамыз.

АҚШ-тағы Санта-Барбара қаласының Калифорния университетімен, Германияның Киль, Гамбург университеттерімен өте тығыз байланыстамыз. Қытайдағы Шанхай, Пекин университеттері біздің әріптестерімізбен ғылым-білім тұрғысынан қарым-қатынаста. Дәстүрлі түрде Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтымен, Мәскеу мемлекеттік университетімен және Халықтар достығы университеттерімен өте тығыз байланыстамыз. Бұл оқу орындарының қай-қайсысымен де бірге дамудамыз. Сондай-ақ ортаазиялық зерттеулер, аймақтық зерттеулер және аймақтық қауіпсіздік мәселелері біздің бағыттарымыздың бірі. Бұл бағытта Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстандағы әріптестерімізбен шығармашылық байланыс орнатылған.

Кафедра азаматтық қоғам құрудың маңыздылығын ескере отырып, үкіметтік емес сектормен ынтымақтастығын орнатуға да маңызды орын береді. Кафедра әріптестерінің қатарында Қазақстан саясаттанушылар одағын, «Сорос» қорын, «Фридрих Эберт» қорын, «Стратегия» қоғамдық қорын, сондай-ақ өзге де қоғамдық ұйымдарды айтуға болады. Бұл сектормен орнатылған тығыз байланыс ғылыми сараптаманың сапалық деңгейін көтеріп, кәсіби қауымдастықпен байланыстарды арттыруда. Соңғы жылдары «Фридрих Эберт» қорымен ынтымақтастық нәтижесінде PhD Welt қоғамдық сараптамалық орталығы ашылды. Кафедра докторанттары орталықта заманауи саяси тенденцияларды сараптау мүмкіндігіне ие болып отыр.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы кафедраның және факультеттің тұрақты назарында. Өзге бағыттарды қарастырмағанда, «100 жаңа оқулық» бағдарламасының шеңберінде факультет ұстаздары 30-дан астам еңбектің ғылыми редакциясына атсалысты. Бұл да, әрине, ауыз толтырып айтарлық жетістік. Күрделі саяси ахуал жағдайында өмір сүріп жатқан ел үшін идеологиялық бағытта қарымды еңбектерді аударып, онымен өскелең ұрпақты сусындату бүгінгі күні де ерекше маңызға ие. Бұл бағытта оқулықтарды аударып, оларды ғылыми редакциялау ғана емес, бағдарлама шеңберінде аударылған оқулықтарды білім беру бағдарламаларына енгізу де маңызды. Осы ретте факультеттің де, кафедраның да осы оқулықтардың негізінде пәндер мазмұнын жаңғыртуы Қазақстанның жетекші жоғары оқу орнынан түлеп ұшатын, жаңа буын мамандарының қалыптасуына ерекше ықпал еткенін айта кеткен жөн.

Біздің факультетіміздің шәкірттері, соның ішінде ғылыми дәрежесін бізден алған тәлімгерлер Президент әкімшілігінде, одан қалды, министрлер кабинетінде т.б. өздерінің белгілі бір орындарын алып отыр. Алысқа барудың қажеті жоқ. Мысалы, біздің келелі ұстаздарымыздың бірі Марат Тәжин ұзақ уақыт Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болды. Қазір Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметінде. Біздің кафедрада аспирантурада оқыған Ерлан Қарин мырза бүгінде ҚР Президентінің кеңесшісі қызметінде. Баспасөз хатшысы қызметінен бастап, саяси имиджелогияны қалыптастырып жүрген тұлғалардың дені біздің кафедра мен факультеттер түлектері.

Қазіргі таңда кафедра өте кең көлемді зерттеу ареалдарымен айналысып жатыр. Тек ішкі саясатпен шектеліп қалмай, аймақтық қауіпсіздік, аймақтану мәселелеріне, соның ішінде Орталық Азия проблемаларына көптеп көңіл бөлуде. Болашақта халықаралық қатынастар және халықаралық ынтымақтастық мәселесіне жіті мән береді деп жоспарлануда. Жаңа сала болып есептелетін саяси транзитология, саяси элитология бағытындағы жұмыстар да әрі қарай тереңдей бермек. Әрине, осы университетіміздің өзіндік флагманын, жетекші жоғары оқу орны ретіндегі позицияларын сақтап қалу үшін кафедра әрқашан өзінің ғылыми-зерттеу компонентін ұлғайтып отыратыны белгілі.

Жалпы, кафедра жүзеге асырған сараптамалық жұмыстар Президент әкімшілігі, Қазақстан Республикасы Парламенті, Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінен, Білім және ғылым министрлігінен және өзге де мекемелерден жоғары бағаға ие болып отыр. Бұл соңғы жылдары Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасы тек ұлттық қана емес, халықаралық маңызға ие сараптамалық орталыққа айналғанын көрсетіп отыр. Әрине, кафедра еңбегі жоғарыда аталғандармен шектелмейді. Алда әлі талай жоспарлар, жүзеге асырылуы тиіс жобалар бар. Бірақ бүгінгі күні әлемнің білім картасында Қазақстан секілді елдің пайда болуы мен қарқынды дамуына Қазақ ұлттық университетінің орны, ал ғаламдық саясаттану ғылымында Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының орны ерекше деуге толық негіз бар.

Дайындаған Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -