Көреген басшы, салиқалы саясаткер

1798

Қазіргі уақытта қазақ әдебиетінде тарихи романдардың көптеп жазылғаны белгілі. Оның ішінде әсіресе Қазақ мемлекетінің құрылуы, ұлт, мемлекет статусымен алғаш тарих сахнасына шығуы, басқарушы хан, сұлтан, би, көсемдердің қайраткерлік, билеушілік қырын, саясатын көркем әдебиетте кескіндеген шығармалар жарық көрді, - деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Жазушы Дүкенбай Досжанның «Ақ Орда» романында 1465 жылы тұңғыш рет ірге көтерген Ақ Орданың екінші рет 1991 жылы Қазақстан Республикасы – Қазақ елі ретінде тәуелсіз мемлекет атанған тұсында бой көтергені, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың адамдық-тұлғалық болмысы, саясаттанушы, басшы ретінде қызметтік әрекеттері алуан қырынан бедерленген. Тарихта XV ғасырда Қазақ мемлекетінің алғашқы басшылары ретінде Жәнібек хан мен Керей сұлтан танылса, тәуелсіз Қазақстан тұсындағы қазақ көсемі Н.Назарбаевтың басқарушылық қыры, сан салалы саяси-қоғамдық, экономикалық, әлеуметтік қызметтерін көркем кестелеген. Н.Назарбаев тұлғасы мен қазақ халқы қоғамындағы 1991 жылдан бергі оқиғалар ажырағысыз бірлікте көрініс тапқан. Роман мәтінінен «Мәңгілік ел» көркем концептінің образды құрылымдары мен осы концепт өрісінде қаралатын өзге концептінің бейнелі түрде жүзеге асырылуын басты назарға аламыз. Д.Досжанның «Ақ Орда» туындысын әдебиет зерттеушілері бұған дейін сан қырынан қарастырғаны белгілі, ал «Мәңгілік ел» көркем концептін іздестіру жұмыстары біздің тарапымыздан алғаш рет қолға алынып отыр.

Романда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың прототипіне негізделген кейіпкердің күрделі образын қалыптаған поэтикалық стиль-айшықтаулар көрініс тапқан. 2014 жылы Қазақ мемлекетінде «Мәңгілік ел» ұғымын қайта жаңғыртқан ел басшысы Н.Назарбаев еді. Романда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев түрлі халықаралық жиын, кездесулерде көреген басшы, салиқалы саясаткер, биік зерде мен парасат-пайым иесі ретінде кескінделеді. Әсіресе Назарбаевтың тосын жағдайдан жол таба білу мен білгір саясаткерлік тұлғасы түптұлғаға өте жақын келеді. Оқырманға 1991-2005 жылдар аралығындағы күнделікті медиа арқылы жете таныс болған мемлекет ішіндегі маңызды оқиғалардың романның көркемдік сюжеттік желісіне бір тұста өзгеріске ұшырамай немесе келесі жерінде суреткерлік өңдеуден өтіп, молынан қатыстырылуы шығарманы көркем әрі деректі туындылардың қатарына жатқызуға мүмкіндік береді.

Автор Президент Н.Назарбаевтың ел болашағын баянды ету, өмірлік, қоғамдық күрделі мәселелерді шешу, ішкі-сыртқы саясатты реттеу жолындағы ішкі уайым-қайғысы, жан толғанысын, сезім-күйінішін «Ұлы сахарада аттан түспей сар желіп жүрген салт аттыға» ұқсату әдісімен метафора тудырған.

Қазақстан тәуелсіздік алып, халықаралық мінберлерден Қазақ елінің басшысы ретінде сөйлей бастаған Н.Назарбаев «Бетке айтар, әділ, жалтағы жоқ, жай отындай жалтылдап сөйлейтін президент», «Айтқаны ел-елге саяси салмағы бар тұрақты валюта есебінде жүретін» саясаткер ретінде таныла бастайды. 1992 жылы 2 наурызда Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелігіне қабылданғаннан кейін, осы жылдың 5 қазанында саяси алпауыттар арасында сөз алған Назарбаев авторлық позицияда осылай суреттеледі. Президенттің реалды өмірлік тәжірибесіндегі оқиғалар шынайы деректер арқылы көркем кестеленген.

Автор туындыда кейіпкердің ішкі әлеміне еркін бойлау үшін аналитикалық психологизмнің «түс көру» тәсілін қолданады. Мысалға, «Ылғи түсімде тауға шығып бара жатқанын көремін», – делінеді. Реципиентке Н.Назарбаевтың болашақта жүзеге асатын мемлекет басшысы болғанын шығармадағы әжесі ретінде сомдалған Тәтебаланың түс көруі арқылы аллюзиялайды. Президенттің әжесі Мырзабаланың есімі туындыда Тәтебала деп өзгертіп алынған. Ал әкесі Әбіш пен анасы Әлжан есімі, өзге де саяси танымал тұлғалардың, мемлекеттік қызметкерлердің аттары өзгеріске ұшырамай, сол күйінде кірістірілген. Немере ағасы Үмбетбайдың студент әрі жұмыскер Нұрсұлтанды метафоралау әдісімен «алтын кездікке» ұқсатуы және дененің жеке мүшесі көзге көркемдік қуат дарыту арқылы оны «жанып тұрған барыстың көзіне», алмасқа балауы теңеу әдісі негізінде жүзеге асқан («Мен білсем, Әбіштің осы баласы қап түбінде жатпайтын кездік секілді»; «Көзінің отын көрмейсің бе, атылатын барыстың көзіндей жанып тұрған». «Президент жанары – алмас секілді, жер үстін жеті мың метрлік биіктен шолады». Халық арасында ел басқарушы Н.Назарбаевтың айналасын шапшаңдықпен, жылдам шола алатын қабілеті – көзінің өткірлігі оның сыр-сымбатының өзгешелігіне баланса, тағы бірде саяси басшылық қызметтегі ақылды, алғыр, көреген қырларымен ассоциацияланып жатады.

Жазушы Д.Досжан Президент туралы романында Н.Назарбаевтың күнделік, сұхбат-естеліктері, еңбектерін, басқа да ол жайында жазылған ақпарат, деректерді көркемдік материал ретінде молынан пайдаланғаны айқын аңғарылады; «Тарихи, өмірлік негіздері мол көркем туындыларда авторлық идея, шынымен де, нақты ғұмырнамалық деректер тізбегіне белгілі бір дәрежеде тәуелді. Себебі көркем дүние жасауға жетелейтін шығармашылық қажеттілікті сезінудің өзі бұл тұста, ең алдымен, тарихи тұлғаның реалды өмірбаяндық бейнесіне, түптұлғасына деген қызығушылықтан бастау алады». Кейіпкердің елді басқару қызметіне келу сатылары, әлемдік өлшемдегі күрделі мәселелерді шешетін деңгейге жетуі, яғни елді басқарудың сан алуан қыр мен сырын меңгеруі қажырлы еңбек, интеллектуалды білім-біліктің, ізденістің нәтижесінде іске асады.

Қазақстанның болашағына қатысты республикалық және әлемдік кеңістікте өрбитін ірі, ауқымды оқиғалар аясында Н.Назарбаевтың прототипіне негізделген саясаттағы, мәдениеттегі бейнесі айқын танылады. Әсіресе медиа әлемде жиі көрінетін, айтылатын, талқыланатын жаһандық ядролық, лаңкестік мәселелерді реттеуге қосқан үлесі өзгеше әдеби-эстетикалық, діни-философиялық авторлық пайымдаулар ыңғайында бедерленеді. Туындыға басты оқиғалар өтетін кеңістік ретінде көп жағдайда Астана және Алматы қалалары таңдап алынып, Қазақстан азаматтарының жеке мемлекет статусына ие болған алғашқы жылдарындағы күрмеуі қиын мәселеге ұласқан әлеуметтік-қоғамдық жағдайын шешетін, ілгерілететін халықаралық келіссөздер осы мекеншақта өтіп жатады. Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, АҚШ-тан тартылған инвесторларға отандық ірі-ірі компанияларды пайдалануға беріп, осының арқасында қазақ қоғамында жұмыс күшін молайтуды инвесторлардан түскен қаржыны мемлекеттік қазынаға кіргізуді жоспарлаған т.б. Қазақ азаматтарының әл-ауқатын жақсартатын ауқымды келісімдер аясында автор шығарманың кейбір тұстарында Н.Назарбаевтың идеалды образын сомдауға тырысқан.

Туындыда автор Қазақстандағы, жаһандағы саяси-әлеуметтік, мәдени-діни жағдайларды оқиғалық эпизодтарға айналдыра отырып, «тұрақтылық моделі» түсінігі аясында көркем ой қорытады. Шығарма кейіпкері Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласында өткен әлемдік діндердің танымал өкілдері мен жетекшілері қатысқан халықаралық жиында жер жүзінде діни келісім орнату арқылы «тұрақтылық моделін» қалыптастыруға болатыны жайында нақты ой-тұжырымдар ұсынады. Жиынға қатысушылар Қазақстан Президентін осы модельді қалыптастырушы бірден-бір тұлға әрі әлемде тыныштық пен бейбітшілікті тұрақтандыруға үлес қосқан салмақты саясаткер ретінде тани бастайды.

«Мәңгілік ел» – тәуелсіз ел» моделі. Қазақ елі 1991 жылы 16 желтоқсанда КСРО-дан тәуелсіздік алғаннан кейін басшысы ретінде Нұрсұлтан Назарбаевты сайлағаны мәлім. Президенттің ант қабылдау сәтіндегі сөздері романда келесідей оқырманды терең толқынысқа бөлейтін әсерлі айшықтаулармен берілген.

«Мәңгілік ел – ата-бабалар армандаған мемлекет» құрылымдық моделі. Президент Н.Назарбаев 1992 жылы алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының мінберінде Қазақ елінің атынан сөз сөйлейді. Осы сәт көркемдік мекен ретінде таңдап алынған әуе кеңістігінде – ұшақта Н.Назарбаевтың ой елегінен қайта өткізіліп, кейіпкер ерекше әсер, күйге бөленеді.

Д.Досжанның «Ақ Орда» романында шығарманың сюжеттік желісіне тартылған оқиғалар жиыны өтетін кеңістік тәуелсіз атанған Қазақстан жері болғандықтан, республикалық, жаһандық келісімдердің барлығы бейбіт түрде бітімге келген диалог формасында, қағаз жүзіндегі келісімшарттар аясында жүзеге асып жатады. Қазақ халқына тәуелсіздікті алудың оңайға соқпағанын алға тартсақ, ал енді осынау баға жетпес құндылықты ақпараттық-технологиялық, сандық білім ғасырында ұстап тұрудың өзі қиын жағдай екені түсінікті. Бұл тұста халыққа жеті жұрттың ілімін игеріп, тілін тапқан, жаһандық тәжірибе мен саясатты жан-жақты сараптай алатын сарабдал басшының қажеттілігі мәлім. «Ақ Орда» шығармасында реалды тіршіліктегі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың көркем бейнесі сан қырынан көрініс тауып, басшы түптұлғасымен сәйкесетін тұстар жиі кездеседі.

«Ақ Орда» романында «Мәңгілік ел» концепті тәуелсіздік кеңістігіндегі Қазақстан мемлекеті бейнесінде жүзеге асқан. Туындыда автор Елбасы мен мемлекет ұғымдарын тұтастықта кескіндей отырып, Президент Н.Назарбаевтың бірінші кезекте халықтың әл-ауқат жағдайын жақсартуды көздеген әрі оны жүзеге асырған жоспарларын сатылы түрде көркем баяндайды. Шығарманы оқыған оқырман Қазақстанның 1991-2005 жылдар аралығындағы әлеуметтік-саяси, мәдени-діни, экономикалық салалары бойынша жан-жақты көркем ақпаратқа қол жеткізеді.

Қорыта айтқанда, Д.Досжанның «Ақ Орда» романында «Мәңгілік ел» көркем концепті когнитивтік модель және концептілік типтер негізінде құрылымдалған. Сонымен қатар қазақ халқының әлеуметтік-мәдени дискурсындағы «доминант сөздер» арқылы «Мәңгілік ел» концептінің өзекті әрі шеткі қабаттарын айқындауға тырыстық. Туындыдағы бірде Нұрсұлтан, ал бірде Нұрсұлтан Назарбаев, келесі тұста Нұрсұлтан Әбішұлы деп аталатын кейіпкерді – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың прототипіне құрылған бейнені инвариант ретінде «Мәңгілік ел» көркем концептінің мәндік аясын кеңейтетін кілт сөздер қатарына кіргіздік. Өйткені уақыт бедерінде өзінің мән-мазмұнын жоғалтпайтын, Қазақстанның бірінші Президенті ретіндегі көркем бейнесінің әдебиет тарихында тұрақталып қалуына осы романның қосатын үлесі мол деп есептейміз.

Айнұр АХМЕТОВА, Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының аға оқытушысы, PhD

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -