Fake news-пен қалай күресу керек және пандемия әлі қаншаға созылады?

4526

Нұр-Сұлтанда XVII Еуразиялық Медиа Форумның екінші күні аяқталды. Қонақтар төрт ауқымды сессияға қатысты, олар: «Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы», «Пандемия әлемді қалай өзгертті және жаһандық өмір сүрудің жаңа бағыттарын қалай анықтады», «Ақпарат көп – шындық аз», «Жасыл стратегия. Тағы бір соңғы мүмкіндік», - деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев көрермендер мен қатысушыларға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан қошемет білдірді.

Көрермендердің алдында ЕАМФ ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева сөз сөйледі. Ол Еуразиялық Медиа Форум 19 жылдан бері өз дәстүріне берік болып келе жатқанын атап өтті: даму векторы мен ақпараттық күн тәртіптерін халықаралық коммуникациялық алаң айқындап беретін еуразиялық БАҚ-тардың қолдауымен қонақтар мен қатысушылар ашық тікелей диалог алаңында кездесті.

«Пандемияға байланысты шектеу шараларына қарамастан, Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласына келе алған қонақтарға қош келдіңіздер деймін, сол сияқты Форумға онлайн қосылып отырған қатысушыларға қошеметімді білдіремін. Шынында, көзбе-көз кездесулерді сағынып қалдық. Қазір онлайн-формат анағұрлым тиімді болғанымен, аудиториямен көзбе-көз кездесуді ештеңе алмастыра алмайды. Біз осы кездесуді екі жыл күттік, пандемия салдарынан  екі жыл бойы біз үрей мен қорқынышта өмір сүрдік. Өкінішке орай, көпшілігіміз өз жақындарымыздан айрылдық. Осы қиыншылықтарға қарамастан, біз бүгін сіздермен қайта бас қостық. Мен өте қуаныштымын және Еуразиялық Медиа Форумды ашық деп жариялаймын! - деді Дариға Назарбаева.

Бір жыл үзілістен кейін Форум өз көрермендеріне онлайн-форматта оралды. Форумның жұмысы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік» сессиясымен басталды.

Осы жылдың желтоқсанында Қазақстан егеменді еліміздің мерейтойын атап өтеді. Аралық нәтижелерді қорытындылау және тағдырлы шешімдерді бағалау үшін сессияға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Нұрсұлтан Назарбаев Қорының Атқарушы директорының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Рогов, Қазақстан-Британ қоғамының Төрағасы Руперт Гудман және БҰҰДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуп Бериш қатысты.

«Осы 30 жылдың ішінде Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасты деп біз бүгінде нық сеніммен айта аламыз. Сонымен бірге ел ішінде тәуелсіздік басты құндылық болып табылады деген толық консенсус бар. Өзінің өміршеңдігі мен пәрменділігін көрсеткен экономикалық, әлеуметтік және саяси дамудың қазақстандық моделі осындай құндылыққа негізделіп қалыптасқан. Кез келген модель сын сағаттарда тексерістен өтеді. Бұл тұрғыдан біз бірқатар экономикалық және қаржылық дағдарыстардан азды-көпті сәттілікпен өттік. Бұдан басқа, өткен жылдан бастап еліміз коронавирус пандемиясына кезікті және бүкіл қиындықтарға қарамастан,  біз әлеуметтік және экономикалық тұрақтығымызды сақтап келеміз», - деді Мәулен Әшімбаев.

Екінші «Пандемия әлемді қалай өзгертті және жаһандық өмір сүрудің жаңа бағыттарын қалай анықтады» сессиясында қатысушылар коронавирус пандемиясының ағымдағы геосаяси және әлеуметтік проблемаларды қалай ушықтыра түскенін және әлемдік экономикаға қандай залал келтіргенін талқыға салды.

Тереза Рибейру (Португалия), ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі Бесінші Өкілі, вирустың салдарынан әлем медициналық ресурстар мен қорлардың тапшылығын күрт сезінгенін, әлем халықтарының препараттар мен медициналық жабдықтардың уақтылы жеткізілуіне тәуелді екені айқын көрінгенін атап өтті.

Келесі спикер, медицина ғылымдарының докторы, эпидемиолог, инфекциялық аурулардың таралуын бақылау және алдын алу саласының сарапшысы Михаил Фаворов әлемдегі эпидемия себептерінің бірі  жаһандану деп атап көрсетті. Алайда Фаворовтың жақсы жаңалығы да бар: ковидтің уыты басылады және оның адамдарды жаппай қыруы тоқтайды.

«Коронавирустың бізбен біржола қалатыны анық, бірақ ол эпидемия сипатында болмайды. Бірінші кезекте вирус бізге бейімделеді, ол эволюцияның жаңа механизмдерін жасайды, бұл ретте вирустың қауіптілігі, өлімге әкелуі төмендейді, сондықтан менің болжамым мынандай: 2023 жылы жаңа эпидемиологиялық жыл келеді», - деді Фаворов.

Үшінші сессия «Ақпарат көп – шындық аз» тақырыбына арналды. Бұл сессида ресейлік тележүргізуші Ксения Собчак, түрік журналисі Ахмет Ешилтепе, "Информбюро" сайтының бас редакторы Анастасия Новикова, «Еуразия бірінші арнасының» бас директоры Сергей Киселев және сессияға Лондоннан қосылған "Блумберг медиа групп" компаниясының аймақтық директоры Тодд Баер болды.

Спикерлер бүкіл әлемде шығарылатын контент саны геометриялық прогрессиямен өсіп отыр деген пікірге келді. Интернеттегі мақалалар, жаңалық сюжеттері, әлеуметтік желілердегі жазбалар көрерменнің назарын жаулап алу мақсатында жасалады, алайда көбіне саны сапаға ұласпайтын контенттер маңызды проблемаға айналып отыр.

Ксения Собчак Fake News – бұл жаңа шынайылық және бәріміз соның ішіндеміз деп санайды.

«Бұл жағдайдың сұмдықтығы неде? Бірнеше күннен кейін қандай да бір жаңалық фейк болып шыққанымен, бірақ көңілде қалып қояды. Мұндай ақпараттың айтылуының өзі  беделге нұқсан келтіреді. Адам қабылдап үлгерген білімді алып тастауға болмайды. Бұл білімдер сенің санаңды, шынайылықты, сенің қандай да бір адамдарға көзқарасыңды қалыптастыра бастайды. Бұл жерде не істеуге болады? Және fake news-пен қалай күресу керек? Мұнда сөз әрбір журналист өзі шығаратын материалдың сапалы болуына ұмтылуы керектігі туралы болып отырған шығар. Мен неліктен fake news жөнінде оптимистік көзқарастамын? Алғашқы автомобильдер шыққан уақытты еске алайық. Ол кезде адамдар атқа мініп, каретамен жүріп-тұрды және көше опыр-топыр еді: ат жеккен карета келе жатады, бір уақытта автомобиль шығады. Автомобиль көбейген сайын жағдай да жақсара түсті. Мен жаңалықтарға қатысты жағдай осыған ұқсас болады деп сенемін», - деді Собчак.

Төртінші, қорытынды «Жасыл стратегия. Тағы бір соңғы мүмкіндік» сессиясында спикерлер адамдардың өмірін жеңілдететін техникалық серпілістер мен инновациялар ондаған жылдар бойы экологиялық ахуалдың нашарлауымен қоса жүріп келеді деген пікірге тоқталды. Пікірталасқа «EU Observer» интернет-басылымының бас редакторы Курт Дебеф, «Ocean Generation» негізін қалаушысы Джо Ракстон, гуманист және адам құқығын қорғау қозғалысының белсендігі Назанин Алакиджа, Climate Academy негізін қалаушысы Мэттью Пай, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Бас директоры Тимур Жантикин, Ресей мен Шығыс Еуропаның тұрақты даму жөніндегі аймақтық директоры Ирина Жукова қатысты.

Мэттью Пай планетадағы ең қауіпті экологиялық сценарий дәл қазір өтіп жатыр деп есептейді.

«Қазір біз парниктік газдардың шоғырлану деңгейі  тарихи ғана емес, одан асқан тарихи жағдайдамыз. Оның жылу сияқты салдары көрініп те отыр. Калифорнияға қараңыздар, ауқымды жер аумақтары өртке шалынуда. Шығарындылардың қарқыны жеделдей түсуде, сөз күрт өзгеріс туралы болып отыр. Біздер енді мүлде жаңа жағдайларда өмір сүрудеміз».

Джо Ракстон ластану мен әлемдік мұхит суларының деңгейі көтерілуі сияқты бірнеше маңызды проблемалар бар деп санайды. Судың қышқылдануы артып келеді, бұл өз кезегінде теңізді мекендеушілерге әсерін тигізеді. Біз мангр ормандары мен балдырларды қорғауымыз керек, өйткені олар оттегінің негізгі көзі деп ойлайды сарапшы.

«Мұхитқа қатысты негізгі проблема – біздің ол туралы аз білетініміз. Залал келтіре отырып, біз өзімізге белгісіз, келешекте зерттеп білуіміз мүмкін түрлерді жоямыз. Білім беру деңгейінен бастап әлемдік мұхиттың мәртебесін жоғарылату керек. Менің немерелерім, мысалға, оттегінің жалғыз көзі орман деп есептейді, олар мұхит – оттегі өндіретін аса ірі секвестр екенін ұмытып отыр. Өзіміздің іс-әрекеттерімізбен біз мұхиттың экожүйесін бұзып қана отырғанымыз жоқ, тіршілік-тынысымызда пайдалануымызға болатын толып жатқан пайдалы ресурстардан өзімізді айырып отырмыз. Бұл мәселені білім беру кеңістігіне енгізу керек. Біздердің әрқайсымыз мұхиттың қорғаушысына айналу керекпіз», - деді Джо.

17 қыркүйекте, сағат 10.00-да, ЕАМФ-ның үшінші, қорытынды күні көрермендер төрт сессияға қатыса алады:

  • «Ашушаңдық дәуірі. Әлемді билеп тұрған кім?»;
  • «Медиа және технологиялар. 2021 трендтері»;
  • «Еңбек нарығының болашағы және білім»;
  • «Болашаққа қадам басқан әлем».

Сессиялардың бірі - «Медиа және технологиялар. 2021 трендтері» шеңберінде спикерлер медиахолдингтердің үйреншікті ойын ережелерін өткен жыл қалай өзгерткенін талқылайды. Медиаиндустрия басшыларының 76%-ы пандемия олардың цифрлық трансформацияға қатысты жоспарларды іске асыруын тездетті деп санайды, ал теледидар саласында аудитория санының бүкіл жерлерде рекордты өсуі байқалды. Сонымен қатар сымсыз радиобайланыс пен цифрлық радиода инновацияларды ендіру процесі жеделдеді, ал ойын индустриясы медиамен белсенді интеграцияланып, жаңадан дами бастады. Халықаралық медиа және жарнама индустриясындағы трендтер туралы үшінші күні өтетін сессиялардың барысында сөз болады.

Сессия спикерлерінің арасында: режиссер және продюсер Тимур Бекмамбетов, Кремний алқабындағы цифрлық революция саласының сарапшысы Эндрю Кин, журналист, «подкаст» терминін ойлап табушы Бен Хаммерсли, TikTok жұлдызы Алина Ким (Аламан).

Форум өз жұмысын жалғастырады және ондайн-форматта eamedia.org сайтында, EAMF2021 мобильді қосымшасында және Форумның YouTube арнасында қолжетімді.

Форумның бас серіктесі «Самұрық-Қазына» АҚ.

Әлеуметтік серіктес - «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры.

Ресми серіктестер - Eurasian Resources Group (ERG) компаниясы және Halyk Bank.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -