«Әлемді өзгертетін стакан». Ол қандай?

29150

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері «Useful Green Cup» атты стартап жобалары жайлы айтып берді. Бұл жоба «Жас толқын» студенттік ғылыми конкурста «Ең кретивті идея» номинациясы бойынша үздік деп танылып, 1 миллион теңге қаржылай сыйақыға ие болған болатын, - деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Жоба авторлары – Айнұр Бақытжанова, Әсел Бейсимбаева және Айжан Мамытова.

– Бұл жобаны қазақ тілінде «пайдалы жасыл стакан» деп тура аударсақ түсінікті болады. Біз ұсынып отырған тауар ол болашақ жасыл әлемнің бейнесін айқындайтын, сұлу жасыл желекке айналдыратын пайдалы кесе. Шын мәнісінде елімізде бір жылда 45 миллион тонна қоқыс қалдықтары шығарылады, оның 2 пайызы қайта өңделеді. Ал біз күнделікті тұтынатын, пайдаланатын қағаздан, полиэтилен материалдарынан жасалған ыдыстар 3 рет қана өңделеді. Біздің ұсынып отырған тауарымыз осы экологиялық проблемаларды шешуде табылмас шешім, – дейді жоба авторлары.

Қыздардың айтуынша, пайдалы жасыл стакан 3 рет қайта өңделген қағаздан жасалған. Соңғы рет өңделудегі қағаз өз кезегінде арзан материал, жас ғалымдар осыны пайдаланып, алғашқы өндіріліп шыққан қағаз стаканды екі есе арзан бағада сатып алады.

Бірақ мұнда бір ескеретін жағдай – қайта өңделген қағаз алғашқы өңделген қағаздан кем түспейді және адам денсаулығына зияны жоқ.

Дайын қағаз стаканға арнайы технологиялық тәсілдермен жасалған түрлі дәнді крахмалды-йодталған лента жабыстырылады екен. Осылайша стақанға ыстық су, шай, кофе құйылғанда, дән отырғызылуға дайындалып ашылады. 

– Содан кейін, стакан ішіне өсімдікті отырғызуға топырақты және дәндік-лентаны салып, бір қайтара лента бетін топырақпен жауып күн түсетін жерге қойып қоямыз. Useful Green Cup ерекшелігі қағаздың өзі күн сәулесін бойынан тез өткізетіндігі, – дейді студент қыздар.

Useful Green Cup төрт өнім түрін шығарады, олар үй жағдайында өсіруге болатын балғын шөптері, үй жағдайында өсіруге бейімделген гүлдер, лимон ағашы, дала гүлдерін, ағаштарын үй жағдайында өсіру.

– Біз жоспарланған көлемде қаражат жиналғаннан кейін, өсімдік дәндерін стаканның ішінде престеліп жасалатындай еритін қағаз стакан шығарамыз. Бұл стаканның жұмыс істеу механизмі мынадай: стакан ыдыспен кофе, ыстық сусын ішкеннен кейін сол стаканды жерге тастайсыз, содан бұл қағаз 180 күннің ішінде еріп, ішіндегі дәндер жерге түседі, осылай ірі ормандарда өсіретін ағаштар санын көбейткіміз келеді. Бұның алғашқы өнімнен ерекшелігі тауарды тұтынушы стаканды арнайы қоқыс жәшіктеріне тастайтындығы. Біз өз кезегімізде осы стакандарды алып алыс аймақтарда құтыдағы дәннің жерге түсіріп, өмірін жалғастыруға күтім жасап, жасыл желектер санының артуына жағдай жасаймыз, – дейді жоба авторлары.

Қыздардың стартапына көмектескен топ жетекшісі Римма Сауытбаеваның айтуынша, жас болғаннан кейін олардың ойына көптеген идеялар келеді, алайда оны жүзеге асыру үшін қаржы жағынан қиындыққа тап болады.  

– Елбасы Қорының мұрындық болуымен ұйымдастырылып отырған осы сияқты ғылыми жобалар байқауы өзіндік ойы һәм жобасы бар жастарға қолдау көрсетуге көп мүмкіндік береді. Сайысқа еліміздің өңірлерінен 40-тан астам студент келді. Соның ішінде Қыздар университетінің білімгерлері өзгелерден оқ бойы озып шығып, үздік атанды, – дейді топ жетекшісі, Қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушысы Римма Сауытбаева.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -