Зейнетақы жинақтарының жалпы көлеміндегі таза инвестициялық табыстың үлесі 36,1% құрады

29161

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының зейнетақы жинақтары 2021 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша 12,8 триллион теңгеге жетті. Бұл сома зейнетақы жарналары мен инвестициялық табысты қамтиды, - деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

СР

2021 жылдың 7 айында салымшылардың шоттарына 798,3 млрд теңге мөлшерінде таза инвестициялық кіріс есептелді. Ол шарттардың барлық түрлері бойынша түсетін жарналардың көлемінен асып түсті. Салыстыратын болсақ,  өткен жылдың осы кезеңінде ол 752, 9 млрд болды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша кірістілік жыл басынан бері 6,48%, ал инфляция 5,3% болды. Соңғы 12 айда ҚРҰБ басқаруындағы зейнетақы активтерінің кірістілігі 10,56%,  ал инфляция 8,4%  көрсетті.

Естеріңізге сала кетейік, жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) түсетін, есебін БЖЗҚ жүргізетін зейнетақы жарналарын зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқарушы – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі түрлі қаржы құралдарына инвестициялайды.

Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы активтерін инвестициялау нәтижелеріне сәйкес апта сайын қайта есептеледі және қайта бағаланады. Инвестициялық табыстың құрамына бағалы қағаздар (салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау, валюталық қайта бағалау түріндегі кірістер, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістер және т. б. кіреді.

Жалпы, барлық зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілген сәттен бастап Ұлттық банк қамтамасыз еткен инвестициялық табыс 5,5 трлн теңгеден асты. 2021 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы көлеміндегі таза инвестициялық табыстың үлесі 36,1% болды.

Егер Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған 1998 жылдан бергі кезеңді алсақ,  таза инвестициялық табыс 6,3 триллион теңгені құрады.

2021 жылдың 1 тамызындағы инвестициялық кірістілік өсу қорытындысымен 648,44% болды. Ал инфляция – 528,27%. Осылайша жинақтаушы зейнетақы жүйесі қолданысқа енгізілген сәттен бастап 2021 жылғы 1 тамызға дейінгі кезеңде зейнетақы активтерінің нақты кірістілігі 120,17% көрсетті.

Ұлттық банктен басқа БЖЗҚ салымшылары өз жинақтарының бір бөлігін инвестициялық портфельді басқарушы (ИПБ) компанияларға аудара алады. Қазіргі уақытта БЖЗҚ төрт ИПБ-мен зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт жасады. Сіз бұл туралы ақпаратпен танысып, олардың инвестициялық декларацияларын enpf.kz веб-сайтындағы «Қызметтер» – «Инвестициялық портфельді басқарушылар тізілімі» бөлімінен көре аласыз.

БЖЗҚ-дан зейнетақы активтерін басқаруға алғаннан кейін ИПБ оларды ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы №10 қаулысымен бекітілген Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларында көрсетілген және ИПБ инвестициялық декларациясында көзделген рұқсат етілген қаржы құралдарына инвестициялайды.

Айта кетейік, «Jusan Invest» АҚ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері қызмет басталғаннан бері (2021 жылғы 15 наурыз) 4,13% деңгейінде табыстылық көрсетті. «Halyk Global Markets» АҚ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтерінің осы кезеңдегі табыстылығы – 2,96%; «BCC Invest» АҚ – 2,77%. «Сентрас Секьюритиз» АҚ зейнетақы активтерін 2021 жылдың 1 сәуірінен бастап басқарады, осы уақыт ішіндегі инвестициялық табыстылық 3,99% болды.

Зейнетақы жинақтары – бұл ұзақ мерзімді инвестициялар, сондықтан инвестициялық табыстың мөлшерін кемінде 1 (бір) жыл кезеңінде талдаған орынды. Қысқа мерзімді деректер (күнделікті, ай сайынғы және т.б.) көрсеткіш болып табылмайды, өйткені, олар күнделікті нарықтық жағдайға байланысты.

Инвестициялық басқару мен зейнетақы активтерін есепке алудың барлық жүйесі ашық: әрбір салымшы өзінің инвестициялық табысын enpf.kz сайтындағы жеке кабинеттен немесе ұялы қосымшаның көмегімен бақылай алады. БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін  инвестициялық басқару және зейнетақы активтері орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат Қордың ресми сайтындағы (www.enpf.kz) «Көрсеткіштер/Инвестициялық қызмет» бөлімінде жарияланып отырады.

Салымшы зейнеткерлік жасқа толғанға дейін Ұлттық Банктің басқаруында болатын зейнетақы жинақтарына инфляция деңгейі ескеріліп отыратын сақталу кепілдігі қолданылады. Зейнетақы жинақтары ИПБ-ның басқаруына аударылған жағдайда, мемлекеттік кепілдік басқарушы компанияның зейнетақы активтерінің ең төменгі кірістілік деңгейін қамтамасыз ететін кепілдігімен алмастырылады. Кірістіліктің ең төменгі деңгейі нарықта әрекет ететін ИПБ-ның басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа алынған кірістілігін негізге ала отырып есептелінеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -