8283

Елімізде орын алған «қаңтар» оқиғасы қордаланған проблемалардың  бетін ашты. Дамудың жаңа сатысына көштік деп жүрген көбіміздің төбемізден жай түскендей болды. Қазір қоғам болып соның себептері мен салдарын талқылауда. Кез келген қоғамда саяси-әлеуметтік проблемалар болмай қоймайды. Ол – дамудың заңдылығы. Алайда ұзақ жылдар бойы шешімін таппаған мәселелердің  қордалануы, оның әлеуметтік психологияға кері әсер етуі, қоғамдағы әділеттің аяқасты етілуі секілді факторлар қандай да бір дүмпуге әкеліп соқтыратынын біз тарихтан жақсы білеміз. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық тарихында атқарылған шаруалар аз емес. Оны жоққа шығаруға болмас. Дегенмен де бүркемеленген, ашық жария етілмеген проблемалардың көп екендігіне енді көзіміз жете бастағандай болды. Сонымен, меніңше, осындай зор қақтығыстың болуы себептері мыналар дер едім:

1. Ең әуелі елімізде терең тамырланып кеткен коррупция, яғни жемқорлық мәселесі. Бұл – көлеңкелі экономикаға, жасырын бизнеске жол ашты. Соның нәтижесінде аздаған белгілі топтардың қолына қыруар қаржы жиналды. Қаржы мол түсетін салалардың барлығына жекелердің, белгілі бір отбасының, әулеттің ғана қолы жетті. Қазынадан тоналған қыруар қаржылар шетел асып, оффшорлық есеп шоттарға аударылды. Мемлекеттік маңызы бар құрылымдар мен объектілер түгелге жуық монополияланды. Жекешеленген банк секторлары тек мемлекеттен ашық және жасырын түрде қаржыланып, үстеме ақымен бұқара халыққа несие берумен ғана айналысты. Жемқорлық, сыбайластық қоғамның барлық буынына тарады. Соның кесірінен әлеуметтік әділетсіздік орын алды. Азшылық топ қана байып, халықтың тең жартысынан астамы кедейшілікке ұрынды. Алайда оны ескерген, шара қолданған үкімет болмады. Қоғамдағы күрделенген проблемаларды шешу үшін ең бастысы – жемқорлықты жою. Бұл турасында Президентіміз жемқорлықпен аяусыз күрес жүргізілетінін қадап айтты. Сондықтан да жемқорлыққа жеткізген заңдық актілерді қайта қарап, оны болдырмаудың құқықтық-нормативтік негізін жасақтау қажет деп білемін.

2. Елімізде дендеп кеткен кедейшілікпен күресті күшейткен жөн. Байлар мен кедейлердің арасы жер мен көктей айырмашылықта болып кеткенін жалпы қарапайым халық сезетін. Ал биліктегілер сезсе де ауыз ашпайтын. Сондықтан да әлеуметтілік теңгермешілік орнауы керек. Ұрлық жолымен есепсіз байығандардың ақша-қаражатын тектеп-тексеріп, мемлекетке қайтару жағын қамтамасыз еткен дұрыс. Бұл – біріншіден. Екіншіден, жұмыссыздық проблемасын аз жылда түбегейлі шешудің кешенді жоспарын құрса жөн болмақ. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп Абай атамыз айтқандай, қай қоғамда болсын адамды адам ететін – еңбек. Жұмысы жоқтық адамды материалдық, моральдық тұрғыдан да тоздырады. Жұмыссыз адам – табыссыз адам, табыссыз адам – аш адам, ал аш адам – кез келген ұранға, айтаққа тез еріп кетеді. Ол адам – өте кекшіл болады. Біз ұзақ жылдар бойы жұмыссыздардың толық армиясын қалыптастырған дәрменсіз ел екенімізді мойындамадық. Қоғамның барлық саласында жалған статистика мен ақпар белең алды.

3.Қоғамдағы басқарушы биліктен бастап барлық буындарда бюрократизм мен жағымпаздық  бұрын-соңды болып көрмеген деңгейге жетті. Бір елдің немесе бір ұжымның жетістігін дабырайтып мақтап, оны тек басшылықпен ғана байланыстыру етек алды. Өткен тарихтың қаншама сабақтары болса да қолдан «құдай жасау» синдормынан арыла алмадық. Кейінгі жас буынды да осыған тәрбиеледік. Жаңарған Қазақстанда қандай да бір бюрократиялық кедергілер мен нормалар болмауы керек. Ашық, жариялы қоғам құру – біздің міндетіміз болуға тиіс.

4. Соңғы жағдайлар бізге көп нәрселерді қайта қарап шығуға, дұрыс қортынды жасап, жаңаша іс атқаруға жол ашқандай. Ол – қоғамның рухани саулығы туралы. Әуелі діни қарым-қатынастарды реттеу, оның қоғамда алатын орнын айқындау, белгілі мөлшерде шектеу, қырағылық таныту, дін істерін басқарудың жаңа тұрпатты жұмысын қолға алу, «Дін және діни бірлестіктер» туралы заңға өзгерістер енгізу қажет деп ойлаймын. Соңғы жылдары елімізде ашық, жасырын түрде насихатталып келген радикалды діни ағымдарға түбегейлі тойтарыс беріп, оны зайырлы қоғамнан біржола аластату жөн деп санаймын. Бұл – біздің тұрақтылығымыз бен болашағымыз үшін аса қажет. Сонымен бірге мешіттерді, шіркеулерді көптеп салуға бір тыйым керек. Жас өспірімдер мен жастардың діни сауатына, көзқарасына зерттеу жүргізілсе дұрыс болар еді. Олардың таңдаған мамандықтары бойынша білім алып, жұмысқа орналасуларын қамтамасыз ету – кезек күттірмейтін мәселе. Оларды діни соқыр сенімнен, арандатушы секталардан  құтқару – бүгінгі зайырлы, жаңарған елдің міндеті. Президентіміз атап көрсеткендей, біз, қазақстандықтар озық, нәтижелі, түбегейлі реформалардан бас тартпауымыз керек.

5. Жас ұрпақтың бойына отаншыл патриотизмді, мемлекетшілдік сананы қалыптастыруға баршамыз жаппай жауапты болып, ат салысуымыз керек. Елін, жерін сүймеген адам кез келген сатқындыққа, опасыздыққа, қиратушылыққа бара алады. Ұлтын, елін сүйген оқыған, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу адамды қалыптастырудың жалғыз жолы – сапалы білім мен саналы тәрбие. Біздің қоғам, әрбір отбасы, тәлім мен тәрбиені осалдатып алдық. Санасы саяз, мәдениеті төмен, ұлттық мінезі қалыптаспаған жас – кез келген топтың жемтігі. Өткен қаңтар оқиғасы осыны көрсетті. 

Раушангүл АВАКОВА, филология ғылымдарының докторы, профессор, түркітану және тіл теориясы кафедрасының меңгерушісі

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -