Павлодар мен Екібастұз нұрсұлтандық әртістерді қуана қарсы алды

11022

«Астана Операның» Қазақстан қалаларына гастрольдік сапары 26, 27 және 29 сәуірде Павлодар мен Екібастұздан басталды. Опера труппасы солистерінің орындауларына «бәрекелді» деген дауыстар ілесіп, концерттер мен спектакльдер әртістерге ғажап шеберлік пен дарындары үшін ду қол шапалақтаумен, алғыспен мәресіне жетті. «Астана Операның» гастрольдік тізіміндегі келесі қалалар – Қарағанды, Рудный және Ақтөбе, деп хабарлайды Деловой Қазақстан

Ертіс жағасында орналасқан Естай атындағы Павлодар қалалық мәдениет сарайында аншлаг – мыңнан астам көрермен орындары санаулы минуттардың ішінде лық толды. Үшінші қоңырау соғылып, көпшіліктің таңданысында шек болмады. Италиялық сценограф Манана Гунианың рококо дәуірі мәнеріндегі костюмдері мен декорациялары павлодарлықтарға – ERG өнеркәсіптік кәсіпорындарының жұмысшыларына бірден әсер етті, сондай-ақ көрермендер Дж.Россинидің жарқылдаған әзілі мен А.Симонишвилидің тамаша режиссерлігіне жоғары баға берді. Әртістер – Жаннат Бақтай, Азамат Жылтыркөзов, Евгений Чайников, Салтанат Мұратбекова, Рамзат Балакишиев, Артур Габдиев ойынындағы жанды импровизациялық мәнер олардың вокалдық партияларды шебер орындауларымен үйлесімді байланысып жатты. 

Қарым-қатынасы әзірше құпияда қалуы тиіс болған қос ғашықтың сезімін, жастық жалыны мен тапқырлығын әншілер жеткізе білді. Әрекеттер өзінің сүйіктісі Дорвильге (Артур Габдиев) жасырын түрде тұрмысқа шыққан Джулияның (Жаннат Бақтай) айналасында өрбіді. Заңды күйеуі әйеліне терезеден лақтырылған жібек саты арқылы көтеріледі. Джулияның қамқоршысы кәрі Дормонт неке туралы білместен, оны Бланзакқа (Евгений Чайников) тұрмысқа бермекші болады. Үнемі түсініспеушіліктер мен ыңғайсыз жағдайлар артып, соңында бақытты шешім табылады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің жетекшілігімен өнер көрсеткен Камералық оркестр мен хор жарқын әрі көктемдегідей жаңаша естілді. 

Сондай-ақ спектакль Екібастұзда да көрсетіліп, жұртшылық «Астана Опера» труппасының өнерін өте жылы қабылдады, көрермендер журналистермен, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі парақшаларда пікірлерімен бөлісті. 

– Мәдениет сарайымыздың сахнасында Нұр-Сұлтаннан келген опера жұлдыздарын көру сөзбен айтып жеткізуге келмейтін зор қуаныш. Қойылым сондай ғажап, әртістер де тамаша. Ал Джулияның партиясын орындаушы Жаннат Бақтай мен қызыққұмар Джермано рөліндегі Азамат Жылтыркөзов – тіпті керемет. Тамаша өнер көрсеткендері үшін «Астана Опера» театрына алғыс айтамын, – деп, таңғы және кешкі бағдарламаны тамашалаған көрермен Әлия Ғазизова алған әсерлерімен бөлісті. Театр демеушісі – ERG компаниясы ұйымдастырған гастрольдік сапар «Астана Опера» мен Павлодар, Екібастұз, Қарағанды, Рудный және Ақтөбенің концерттік алаңдары арасындағы шығармашылық әріптестіктің бастапқы нүктесі болғаны атап өтерлік жайт. 

Сондай-ақ театр Павлодар мен Екібастұздың балғындарына да сиқырлы музыка әлеміне қызықты саяхат сыйлады. Таңертеңгілік концерттер «Астана Опера» Камералық оркестрі музыканттары мен керемет солистер Әсем Сембина, Малика Минизини, Рамзат Балакишиев, Алтынбек Әбілдәнің, миманс әртістерінің қатысуымен өтті. Концерттердің жүргізушісі Сәуле Мәулетова жас көрермендермен интерактивті түрде тілдесіп, балалар музыкатанушының барлық сұрақтарына қуана жауап беріп отырды. Классикалық музыкамен кездесу оларға ғажайып әлемге есік ашты. 

– Мен бүгін анаммен келдім, залда менің сыныптастарым көп болды, бағдарлама бәрімізге өте қатты ұнады. Біз барокко дәуірінің көне музыкасы жайлы қызықты мәлімет алып, әйгілі музыканттардың орындауында скрипка, гобой, виолончель және басқа да көптеген аспаптардың үнін тыңдадық. Әртістер бізге арнап әдемі ән шырқады, осындай концертке тағы барғым келеді, – деп пікірімен бөлісті 6-сынып оқушысы Рамазан Ысқақов. 
– Қазақстан – біздің ортақ үйіміз және біз ұлан-байтақ еліміздің барша тұрғындарына өз өнерімізді паш еткіміз келеді, – деп атап өтті әртістер.  

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -