«Астана Опера» сахнасында ескі сурет жанданады

20966

Концерттік нөмірлердің премьерасы мен дарынды әртістердің жарқын дебюттері әлемдік балет жұлдызы Алтынай Асылмұратованың жаңа авторлық бағдарламасы аясында көрсетіледі. «Astana Opera жас балеті» галасы көпшіліктің назарына осы демалыс күндері, яғни 14-15 мамырда ұсынылады, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Ауқымды бағдарламаға 15 нөмір енді және оның әрқайсысы – айтулы оқиға, себебі барлық орындаулар әртістер үшін дебюттік болмақ. Сондай-ақ көрермендерге ешкімді бейжай қалдырмайтын бірқатар премьералық нөмірлер көрсетілетінін айта кеткеніміз жөн.

Балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова труппаға міндетті түрде дем беретін үлкен жұмыс жүргізілгенін айтты. Дәстүр бойынша тәжірибелі солистер, сахна шеберлері жас орындаушыларға жаңа партияларды меңгеруге көмектеседі. Сонымен, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Басбаева болашағынан зор үміт күттіретін жас әртіс Рустам Чахаловпен өнер көрсетеді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Рахматуллаев пен халықаралық байқаулардың лауреаты Арман Уразов та өз өнерлерін көпшілікке және жас әріптестеріне паш етеді, бұл күні жас әртістердің де армандары ақиқатқа айналады, себебі олар бұрын сахна сыртынан ғана сүйсініп қарап жүрген нөмірлерді өздері де орындайды.

Бұл кештің айтулы оқиғасы «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің музыкасына танымал балетмейстер П.Бананың хореографиясындағы «Қилы заман» ұлттық нөмірінің премьерасы болмақ. Миниатюраны денесінің иілімділігі көптеген балет сыншыларын таңғалдырып әрі тамсандырып жүрген балет труппасының солисі Сұлтанбек Ғұмар орындайды.

– Бұл нөмір біздің театр сахнасында алғаш рет орындалады, ол жуырда ғана дүниеге келген және оны Алматы жұртшылығы тамашалап үлгерді, алайда елордада ол дебют болады. Атауы айтып тұрғандай, бұл би халқымыздың басынан өткен ауыр кезеңдерді жеткізеді. Ол қазақ халқының тәуелсіздік жолында көрген қиындықтарын адамдардың есіне салады. Оған әйгілі хореограф Патрик де Банамен өте көп дайындалдық. Айта кету керек, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің музыкалық композициясының да атауы «Қилы заман» және оның да негізінде біздің тарихымыз жатыр, – деді Сұлтанбек Ғұмар.

Осы кеште көрермендерді тағы бір қызықты премьера – Дмитрий Брянцевтің хореографиясындағы «Ескі фотосурет» нөмірі күтеді. Хореографтың түпкі ойы кейіпкерлердің, яғни қарапайым адамдардың өмірінен алынған ескі суреттерге жан біткенін көрсету. Мәселен, зауыт өткелінде өзінің жүретін қызымен Жұмысшы жалындап билеп жүреді. Бұл нөмірде Дмитрий Шостаковичтің Екінші балет сюитасынан төртінші және алтыншы бөлімдер естіледі.

– Менің ойымша, бұл көрерменнің де, орындаушының да ұстанымы бойынша өте қызықты, ерекше нөмір. Оқиға желісі ең қарапайым ауыл жігіті мен бойжеткен туралы баяндайды. Қазір тренд қуу сәнге айналып кетті, мәселен, TikTok-тан билер орындау секілді, осы нөмірдегі бойжеткеннің де сол кезеңде өте танымал болған тангоны билеуге жаны құмар. Жігітке келсек, ол не болып жатқанын, оған не үшін мұны билеу керектігін түсінбейді. Билеу қажет болса, әлбетте, тарсылы, отырып-тұруы бар жарқын мәнерлі орыс биін билеу керек деп санайды. Бастапқыда ол қыздың өтінішін еркінен тыс орындауға тырысады, бірақ оның ішкі қалауы мен қағидалары жеңіп шығады, ол билей жөнеліп, сонымен бірге қызға да өзіне ұнайтын мәнерді үйретуге тырысады, – деді осы нөмірді бидегі жұбы Нұрай Нұрсафинамен бірге орындайтын Александр Корнилов.
– Бұл арада әртістің жинақылығы мен төзімділігі тексеріледі демесек, техникалық жағынан хореография соншалықты қиын емес, әйтсе де нөмірде күрделі элементтердің бар екені сөзсіз. Ол шамамен 5 минутқа созылады, осы уақыт ішінде үздіксіз билей, түрлі қимылдарды, биік секірулер мен әуе айналымдарын орындай отыра, ең бастысы билеп болып, көрерменге тәжім етіп, сахна сыртына кеткенге дейін босаңсымау керек. Осы нөмірде маңызды рөл атқаратын актерлік құраушы бөлік туралы да ұмытпау қажет, мұнда оқиға желісінің түпкі мәні мен кейіпкерлердің мінезін ашатын беттің нақты мимикасы мен айрықша ишаратты көрсету маңызды, – деді әртіс.

Орындаушылар осынау нөмірдің қоюшылары – балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова мен тәлімгер ұстаз, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Константин Заклинскийге үлкен алғыстарын білдірді.  

– Алтынай Асылмұратова және Константин Заклинский секілді керемет тәлімгер ұстаздармен жұмыс істеу мәртебесіне ие болған біздің жолымыз болды. Олар есімдері әлемге жайылған балет өнерінің нағыз кәсіпқой мамандары. Қай кезде әртіске ой салып, немен жұмыс істеу керектігін, сол немесе басқа қимылды, ишаратты, тіпті көздің қарасын қалай орындаған дұрыс болатынын олар жақсы біледі және соны дайындықтарда әртістермен қуана-қуана бөліседі. Әр дайындықтан кейін, мен залдан жаттығу текке өтпеді, бүгін өзіме ертең сахнада және залда көмектесетін әлдебір жаңа әрі пайдалы нәрсені үйрендім деген сезімде шығамын. Біз осы нөмірге қызыға дайындалғанымыз сонша, оның премьералық көрсетілімінің уақыты жақындағанын байқамай қалдық, бұл өте қызықты және ерекше нөмір. Ол ұмытылмас сезім мен әсер сыйлайды, – деп қорытындылады Александр Корнилов.

Сондай-ақ жарқын бағдарламаға М.Петипаның хореографиясында Ц.Пунидің «Сатанилла» балетінен «Венециялық карнавал» па-де-десі енді. Үзіндіні Шұғыла Әдепхан мен Диас Құрманғазы орындайды. Бұдан бөлек, көрерменді Д.Брянцевтің хореографиясында Ф.Шопеннің «Қиялдағы бал» балетінен дуэт қуантады, оны Еркежан Жүнісова мен Жәнібек Ахмедиев таныстырады. Анастасия Заклинская мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Рахматуллаев Л.Лавровскийдің хореографиясында С.Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта» балетінен жарқын дуэт орындайды, басқа да көптеген әртістер түрлі нөмірлерді паш етеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -