Астана Балет сахнасында Қазақ ұлттық хореография академиясының есеп беру концерті өтті

23100

2022 жылы мамырдың 14 күні «Астана Балет» театрының сахнасында Қазақ ұлттық хореография академиясының 2021-2022 оқу жылы есеп беру концерті өтті, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Академия білім алушылары көрермендердің назарына М. Фокин, М. Петипа, А. Горский, В. Чабукиани секілді атақты балетмейстерлердің классикалық мұрасына жататын балет спектаклдерінен үзінділер ұсынып, сондай-ақ академия үшін арнайы қойылған В. Медведев, Д. Пимонов, А. Садықова, А. Шәмшиев және басқа қазіргі хореографтардың туындыларын сахналады.

«Есеп беру концерті – академияда тәлім алып жүрген балалар үшін қуанышты іс-шара. Себебі бүгін академия оқушылары мен студенттері өткен оқу жылы ішінде қандай нәтижеге жеткенін, өздерінің кәсіби тұрғыдан қаншалықты өскенін көрсетіп, қорытынды шығаратын күн болды, - деді Қазақ ұлттық хореография академиясының проректоры Бибігүл Нүсіпжанова. – Сондай-ақ Астана Балет сияқты мәртебелі театрда өнер көрсетуге ерекше жағдай жасалғаны маңызды, себебі бұл академия білім алушыларына жастайынан бастап өздерін нағыз балет әртісі ретінде сезінуге мүмкіндік беретін үлкен кәсіби сахна. Әр есеп беру концертіміз алдыңғы өткендерден ерекше екенін атап өткім келеді. Жыл сайын біз көрермендерге жаңа репертуар ұсынып, сахнаға жаңа орындаушылар мен солистерді шығарамыз. Бүгін біз әртүрлі бағдарлама ұсындық, нөмірлердің барлығы қызықты болды. Академиямыздың үздік бетке ұстар қойылымы – Р. Дригоның музыкасына жазылған «Раушан гүлі мен көбелектің романы» спектаклі екені баршаға мәлім, оның да бір үзіндісін есеп беру концертіне қосуды, әрине, міндет көрдік».

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -