Алты өңір артта қалып отыр: Бозымбаев коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуды жеделдетуді талап етті

682
Фотосурет: UKIMET

Коммуналдық жобалар қатаң бақылауға алынады.

«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша шілдеден бері конкурс рәсімдеріне 300-ге жуық шағым түсіп, оның 112-сі қанағаттандырылған, деп хабарлайды DKNews.kz.

Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев ЭКСЖ Жобалық кеңсесінің отырысында заңсыздық анықталған жағдайда мәселеге құқық қорғау органдары тартылатынын ескертті. Жиында ұлттық жобаның қазіргі нәтижесі, 2027 жылға дайындық, қаржыландыру, цифрландыру және қазақстандық өндірушілердің қатысуы қаралды.

347 жобаға 839 миллиард теңге қарастырылған

Қазір ЭКСЖ ұлттық жобасы аясында жалпы құны 839 миллиард теңге болатын 347 жоба дайындалған.

Оның ішінде:

  • 220 жоба бойынша мердігер ұйымдар анықталды;
  • 126 миллиард теңгенің 77 жобасында құрылыс пен жабдық сатып алу басталды;
  • тағы 29 жоба конкурс кезеңінде тұр;
  • алғашқы 14 нысанда жұмыстар толық аяқталды.

Аяқталған нысандар жеті өңірде орналасқан. Оларға салынған инвестицияның жалпы көлемі 27,3 миллиард теңгені құрады. Конкурс қорытындысында шамамен 975 миллион теңге үнемделген.

Жеті жоба Павлодар облысында, екеуі Батыс Қазақстан облысында іске асырылды. Астана мен Шымкентте, сондай-ақ Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында да жұмыстар аяқталған.

Қазір бұл нысандарды пайдалануға беру үшін құжаттар рәсімделіп жатыр.

67 жобада құрылыс әлі басталмаған

Өңірлердегі жағдай біркелкі емес.

Жетісу облысында 31 миллиард теңгеге 24 шарт жасалып, жұмыстар басталды. Қарағанды облысында жалпы құны 88,1 миллиард теңге болатын 15 жоба бойынша келісімшарттарға қол қойылған.

Сонымен қатар 30 кәсіпорынға тиесілі 67 жобада құрылыс түрлі себептермен әлі басталмаған.

Жобаларды іске асыру қарқыны төмен өңірлер қатарында:

  • Шымкент;
  • Абай облысы;
  • Ұлытау облысы;
  • Алматы облысы;
  • Атырау облысы;
  • Түркістан облысы аталды.

Қанат Бозымбаев өңірлердегі жауапты мамандарға мәселені құжат алмасу деңгейінде қалдырмай, нысандарға тікелей баруды тапсырды.

«Егер өңірде біліктілік немесе тәжірибе жетіспесе, өзара тәжірибе алмасыңыздар. Әрбір жобаға ерекше көңіл бөліп, туындаған мәселелерді сол жерде шешу үшін нысандарды барып аралау қажет», — деді Қанат Бозымбаев.

2027 жылға 300 миллиард теңгенің жобалары дайындалып жатыр

Жиында келесі құрылыс маусымына дайындық та талқыланды.

2027 жылға жоспарланған жалпы құны 300 миллиард теңге болатын 245 жоба қажетті келісімдерді алған. Олар бойынша конкурс рәсімдері басталды.

Вице-премьер конкурстар мен құжаттарды рәсімдеуді келесі құрылыс маусымына қалдырмауды тапсырды. Мақсат — құрылыс басталған кезде уақытты келісімдер мен мердігер іздеуге жоғалтпау.

Енді ЭКСЖ Жобалық кеңсесінің қатысушылары атқарылған жұмыс туралы апта сайын есеп береді. Ал Ұлттық экономика министрлігі қазан айына дейін әр өңірдегі тапсырмалардың орындалуына жеке талдау жасауы тиіс.

Шағын коммуналдық кәсіпорындарға қаржы тарту жолы қаралады

Ұлттық жобадағы тағы бір мәселе — жеке коммуналдық кәсіпорындарды қаржыландыру.

Кепілге қоятын мүлкі жеткіліксіз шағын кәсіпорындардың қарыз қаражатына қол жеткізу мүмкіндігі шектеулі. Бозымбаев осындай жобалар үшін қосымша қаржы көздерін іздеп, қарызды кепілдендіру тетіктерін пысықтауды тапсырды.

Бұл шешім шағын коммуналдық кәсіпорындардың жаңғырту жобаларынан қаржылық талаптарға байланысты тыс қалмауына бағытталған.

Жасанды интеллект үшін бастапқы дерек қажет

Инфрақұрылымды цифрландыру да ұлттық жобаның жеке бағытына айналып отыр.

Коммуналдық нысандарды есептеу құралдарымен жабдықтау және әртүрлі салалық ақпаратты бір жүйеге жинау жоспарланған. Бозымбаев мұны жасанды интеллектіні енгізу міндетімен байланыстырды.

«Есептеу құралдарымен қамту – тек Ұлттық жобаның шаруасы емес. Президент алдымызға жасанды интеллектіні енгізу мен цифрландыру бойынша нақты міндет қойып отыр. Біз инфрақұрылымды жаңартып, желілерді қайта жөндеп жатырмыз, бірақ сонымен қатар мәліметтермен де дұрыс жұмыс істеуді жолға қоюға міндеттіміз. Бастапқы мәліметтерсіз, оларды жібермей және талдамай жасанды интеллектіні толыққанды енгізу мүмкін емес», — деді Қанат Бозымбаев.

Жауапты мемлекеттік органдарға ақпараттық жүйелердің өзара байланысу тетігін әзірлеу, есептеу құралдарына қойылатын талаптарды белгілеу және өңірлер, кәсіпорындар мен салалар бойынша нақты жоспар бекіту тапсырылды.

300-ге жуық шағымның 112-сі қанағаттандырылған

Жиындағы ең қатаң ескерту конкурс рәсімдеріне қатысты айтылды.

Табиғи монополияларды реттеу комитеті мен «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ жүргізген тексерулер кейбір жобаларды іске асыру кезінде заңбұзушылықтарды анықтаған.

Шілдеден бері уәкілетті органға конкурс рәсімдеріне қатысты 300-ге жуық шағым түскен. Оның 112-сі қанағаттандырылды.

«EPC-мердігерлерді анықтау үшін өткізілетін конкурс процедураларының сапасына жеке тоқталғым келеді. Шілде айынан бері уәкілетті органға 300-ге жуық шағым түсіп, оның 112-сі қанағаттандырылды. Бұл конкурс құжаттамасының нашар дайындалғанын және тапсырыс беруші тараптың біліктілігі төмен екенін көрсетеді. Ескертемін, конкурстарды өткізу кезінде заңсыз әрекеттер анықталса, құқық қорғау органдарын тарта отырып, бұл мәселемен жеке өзім айналысамын. Осыны тапсырыс берушілеріңізге жеткізіңіздер», — деді Қанат Бозымбаев.

Ұлттық экономика министрлігіне әкімдіктермен бірге конкурс рәсімдерін бақылауды күшейту тапсырылды.

Егер заңбұзушылықтар анықталса, 2026 жылғы 1 қазанға дейін табиғи монополия субъектілерінің басшыларын әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі пысықталуы тиіс.

Бөлінген қаржы Қазақстан экономикасында қалуы керек

Ұлттық жобаға жұмсалатын жүздеген миллиард теңгенің қайда кететіні де жеке мәселе ретінде көтерілді.

Бозымбаев инфрақұрылымды жаңғыртуға бөлінген қаражат қазақстандық кәсіпорындарға тапсырыс беруге және ел ішінде қосылған құн қалыптастыруға жұмыс істеуі тиіс екенін айтты.

«Қазақстандық тауар өндірушілерді барынша тапсырыспен қамтамасыз ету қажет. Бөлінген қаржы Ұлттық жобаны жүзеге асыруға бағытталған, сондықтан ол біздің экономикамызға жұмыс істеуі тиіс. Қосылған құн Қазақстанда қалуы керек», — деді Қанат Бозымбаев.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 15 қазанға дейін сатып алу мен офтейк-келісімшарттарға қатысты нормативтік құқықтық актілерге қажетті өзгерістер енгізуі керек.

Сонымен бірге отандық өндірушілермен жұмыс істеудің нақты тетіктерін айқындау тапсырылды.

2027 жылғы жобаларды қоса алғанда, барлық жоба Ұлттық жобаның электронды платформасына енгізілуі тиіс. Әкімдіктер мен «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ жаңғыртылатын нысандарда отандық өнімдердің қолданылуын бақылауға жауап береді.

Енді есеп апта сайын сұралады

Отырыстың қорытындысында ұлттық жобаны басқару тәртібі қатаңдатылды.

Жобалық кеңсе қатысушылары енді жұмыстың барысы туралы апта сайын есеп береді. Өңірлердегі артта қалған жобалар жеке бақылауға алынып, конкурс рәсімдеріндегі заңбұзушылықтарға әкімшілік және қажет болған жағдайда құқық қорғау органдары деңгейінде ден қою көзделіп отыр.

Бозымбаев басты талапты қысқа тұжырымдады:

«Жұмыс қарқынын үдету керек. Биыл жоспарланған көлемді толық игеруіміз қажет. Сонымен қатар бәрі сапалы болуы тиіс. Созбақтауға уақыт жоқ», — деп түйіндеді Қанат Бозымбаев.

Қазіргі есеп бойынша ұлттық жоба портфелінде 839 миллиард теңгенің 347 жобасы бар. Соның 14-і аяқталғанымен, 67 жобада құрылыс әлі басталмаған. Ендігі бақылаудың негізгі нүктесі — осы жобаларды жеделдету, конкурс сапасын көтеру және 2027 жылғы 245 жобаны құрылыс маусымы басталғанға дейін дайындап қою.

Бұған дейін біз Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландыру үшін бірыңғай платформа әзірленіп жатқаны туралы жазған едік. Smart Turmys жүйесі коммуналдық саланың негізгі үдерістерін бір ортаға біріктіріп, инфрақұрылымның жай-күйі мен қызмет көрсету сапасын бақылауға мүмкіндік беруге тиіс. Толығырақ «Қазақстан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының цифрлық платформасын құрып жатыр» материалынан оқуға болады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -