Денсаулық сақтау министрі 75-ші Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясына қатысты

11594

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бастаған қазақстандық делегация Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының (ДСА) “Бейбітшілік үшін денсаулық, денсаулық үшін бейбітшілік” тақырыбындағы 75-ші сессиясының жұмысына қатысты, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына (ДДСҰ) мүше-елдердің делегациялары алдында Ұйымның тарихында алғаш рет қазақ тілінде сөйлеген сөзінде А.Ғиният Қазақстанның орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) қол жеткізуге, оның ішінде денсаулық сақтау қызметтерімен жаппай қамтуды (ДСҚЖҚ)  қамтамасыз етуге және инфекциялық емес аурулардың алдын алуға бейілділігін растады.

Қазақстан министрі ДДСҰ-ның Бас директоры д-р Тедрос Гебрейесуспен кездесіп, алғашқылардың бірі болып оны екінші мерзімге қайта сайлануымен құттықтады. Тараптар Қазақстан мен Ұйым арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы туралы пікір алмасты.

ДДСҰ басшысы еліміздің медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) жөніндегі бастамаларын жан-жақты қолдады.

Тедрос Гебрейесус Қазақстанның бастамаларын ДДСҰ-ның 2023 жылы атап өтілетін 75 жылдығын мерекелеу жөніндегі жаһандық күн тәртібіне енгізуді ұсынды.

Сұхбаттасушы МСАК пандемияның алдын алу және оған ден қою контексінде жаһандық денсаулық сақтау күн тәртібінің басым мәселесі болуы тиіс екенін атап өтті. Сонымен бірге, ДДСҰ Бас директорының Қазақстанға жоспарланған сапарының ықтимал мерзімдері талқыланды.

ДСА-75 алаңында Министр А.Ғиният ДДСҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры Х.Клюгемен 2022-2023 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Сессия барысында қазақстандық делегация ДДСҰ бас директорының орынбасары Ж.Якабпен, ДДСҰ Темекімен күрес жөніндегі негіздемелік конвенциясы Хатшылығының басшысы А.Бланко Маркизомен, Stop-TB әріптестігінің Атқарушы директоры Л.Дитиумен, сондай-ақ ЖҚТБ, туберкулез және безгекке қарсы күрес жөніндегі Ғаламдық қордың өкілдерімен келіссөздер өткізді.

Қазақстан делегациясының басшысы Орталық Азия елдерінің денсаулық сақтау министрлерінің Х.Клюгемен кездесуіне қатысты, сондай-ақ Үндістан, Индонезия, Таиланд, Грузия Денсаулық сақтау министрлерімен және Ресей Федерациясы мен Жапония делегацияларының басшыларымен кездесті. Тараптар ДСА-75 бағдарламасының негізгі бағыттары бойынша ұстанымдарды, ДСҚЖҚ-қа қол жеткізудің маңызды құралы ретінде МСАК ілгерілету мәселелерін және 2018 жылы Қазақстанда 150-ден астам ел қабылдаған МСАК жөніндегі Астана декларациясын бірлесіп ілгерілетуді қоса алғанда, ҚР-дың осы бағыттағы халықаралық бастамаларын талқылады.

Денсаулық сақтау ассамблеясы ұйымның саясатын анықтайтын және оның бюджетін бекітетін ДДСҰ-ның ең жоғары директивалық органы болып табылады. ДСА-ға ДДСҰ-ға мүше барлық 194 мемлекеттің делегациялары қатысады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -