Елтаңба авторы Жандарбек МӘЛІБЕКОВ: МЕМЛЕКЕТТІҢ ТУЫ ӘР ҮЙДІҢ ТӨРІНДЕ ТҰРУЫ КЕРЕК
Елдің ел екенін танытар алқалы жиындар мен аламан жарыстардың барлығында да Әнұран айтылып, Көк байрағымыз көкте желбірейді. Елтаңбамыз да еліміздің мемлекеттілігін айшықтап, төрлерге көрік береді. Ендеше, ұлттық біртұтастық пен мемлекеттік айырықша белгіні көрсетер рәміздеріміздің қадір-құрметін білудің маңызы зор. Осыдан 30 жыл бұрын тәуелсіз Қазақстан тарихында үлкен қадам жасалып жатты. Соның бірі – 1992 жылы 4 маусымда Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері қабылданған болатын. Осыған орай, мемлекеттік Елтаңба авторы, құрметті сәулетші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Барыс» орденінің иегері Жандарбек Мәлібековпен рәміздердің қасиет-құндылығы туралы сұхбаттасуды жөн көрдік.
Жандарбек Мәлібекұлы, Ұлттық ұланға қош келдіңіз! Биыл мемлекеттік рәміздеріміздің қабылданғана 30 жыл толса, елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлы сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Алдымен мерейтой құтты болсын дейміз! Елтаңба сынды ұлы дүниелерді жасау үшін алдымен елге, жерге деген сүйіспеншілік керек шығар?
- Рахмет, айналайын. Расында да, мерейлі даталардың ұштасқан жылы екен ғой. Жәй емес болар, Елтаңба – менің ердің жасына келгенде жасаған игі істерімнің бірі деп білемін. Онымен ерекше мақтанамын. Сүйіспеншілік, әрине, керек! «Отанымыз – Қазақстан. Мекеніміз – қазақ жері» деп жатамыз. Бір қарағанда көтеріңкі леппен айтылғандай сезілгенімен, ойдағы және қырдағы қазақтың бәрінің басын құрайтын, біріктіретін сөздің төресі – осы. Ұшқан құстың қанаты, жүгірген аңның аяғы талады деп сипаттайтын осы ұлан-ғайыр жерді атамекені санаған жұртты біріктіретін нәрсе Отанға деген махаббат болса, сол махаббаттың бір сипаты – мемлекеттік рәміздерге құрмет деуге де келетін шығар.
Мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші нышандар. Онда еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастығының жарқын көрінісі, ұлтымыздың арман-тілегі, салт-санасы тоғысқан. Сан алуан салтанатты жиында егемендіктің нышаны – Елтаңба төрде жарқырап, көк Туымыз желбіреп, Әнұранымыз шырқалып жатады.
Өскелең ұрпақтың ұлттық нышандарымыздың қадірін түсінуі қаншалықты маңызды?
- Орасан маңызға ие сұрақ бұл. Туымыздың әр отбасында болуы өте маңызды. Мейрам күндері әр үйдің төрінде Ту ілініп тұруы керек. Мейлі қазақ болсын, мейлі басқа ұлт болсын. Соған қарап-ақ, ол отбасының елін, жерін, ұлтын қалай құрметтейтінін көруге болады. Мысалы, түріктер өз туын қалай қадірлейді?! Қарапайым футбол матчы болатын күннің өзінде халқы туын желбіретіп жүреді, жеңсін деп тілектес болып отырады. Ұлттық мейрам күндері терезеде, көшеде ілінген тудан көз алып жүру мүмкін емес. Біз неге көп жағдайда спорттық ойындардан ұтылып қаламыз? Өйткені, жан беріп, рух беріп ойнамаймыз, күреспейміз. Ұлтжандылығымызды таныта алмаймыз. Жанын беріп ойнауы үшін демеу, қолдау білдірмейміз. Ал рәміздер – ұлтты біріктіруші символ. Сондықтан, рәміздерді барынша насихаттаудан қорқудың қажеті жоқ. Бір тудың астында жиналу халықтың рухын асқақтатады.
Бір сұхбатыңызда мемлекеттік рәміздерімізді 30 жыл бойы жоғары деңгейде насихаттай алмай жүрміз депсіз. Жастарымыз нышандардағы белгілердің түп мағынасын түсініп, жанымен сезіну үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
- Қабылданғалы бері аттай отыз жыл өтсе де, рәміздерімізді өз дәрежесінде насихаттай алмай отырмыз. Бұл туралы жүрген жерімнің бәрінде айтып жүрмін. Өйткені рәміздерді насихаттауды науқанға айналдырып жібердік. Жылына бір рет, яғни маусым айының басында, есеп үшін ғана түрлі кездесулер, бір реттік шаралар өткізіледі. Соның ешқайсысы дұрыс жұмыс істемейді. Айтатыны – бір сөз, қабылдайтыны – бір нәрсе, беретіні – бір есеп. Сондықтан оларды рәміздерді насихаттайтын шаралар деп атауға келмейді. Неге Наурыз мейрамында немесе Тәуелсіздік күнінде, басқа да мерекелерде көшелерде, аулаларда көк туымыз желбіреп тұрмайды? Демек, бізде көп нәрсе айтылған сөз күйінде қалып жатыр. Рәміздеріміз әр үй, әр отбасы, әр мекемеде болатындай қылып насихаттауымыз керек. Бұны айтсаң, қаржы жетпейді деп шығатындар бар. Дәл осы рәміздердің насихатынан қаражат аяуға болмайды. Ол адамның рухы биік болуы үшін керек. Төрінде Туы, Елтаңбасы тұрмаған, жүрегінде Әнұраны жоқ адамның бойында Отанға деген, елге деген сүйіспеншілік қайдан болады? Рәміздерге тауар ретінде қарайтын болсақ, оның қадір-қасиеті ойына кіріп-шықпайды ғой. Сондықтан рәміздерді насихаттау жұмысын халыққа түсінікті қылып, қайтадан қарастыру керек.
Сондықтан «ана шараны өткіздім, мына шараны өткіздім» деп құр сөзбен қуырдақ қуырмай, ақшаны босқа шашпай, нәтижеге жұмыс істеуді қолға алуымыз керек. Екіншіден, балабақшадағы, мектептегі, университеттегі балаларға, жастарға, ересектерге, қызметтегілерге жеке-жеке арнап, рәміздер туралы кітапша шығаруымыз керек. Солай әр санаттың жасына, дүниетаныма негіздеп, насихаттасақ қана нәтиже болады. Мысалы, балабақшадағы бүлдіршіндерге қызылды-жасылды қылып, мультфильм түрінде, жоғары сынып оқушылары мен студенттерге тарихи тұрғыда түсіндіру қажет.
«Уақыт алға жылжыған сайын, техника мен технология дамыған сайын елдік рәміздердің нақтылығы, жауапкершілігі артады» деген пікіріңізді естідім. Тәуелсіздікті нығайту жолында мемлекеттік рәміздердің символикалық мәні қандай?
– Рәміздеріміз отыз жыл бойы ұлтты тұтастандырушы рөлін атқарып келе жатыр. Бірақ қоғамның дамуына, заман талабына қарай рәміздерді насихаттау алгоритмі өзгеріп тұруы, халықтың ой-пікірін, санасын алға тартып отыруы керек. Рәміз дегеніміз – елдің тәуелсіздігін білдіретін символикалық айырым белгілері дедік қой. Сондықтан ол елімізде шығатын барлық өнімде: киімде де, көлікте де болуы керек. Америкалықтар іш киімге туының суретін салады деп күлеміз. Әрине, бізге шетелдің менталитеті жат. Бізде ұлы даланың мыңдаған жыл бойы қалыптасқан, бойымызға сіңген таным-түйсігі бар. Ел рәміздерін адамның кіндігінен төмен түсірмеу керек. Қазақтың ұят деген ұғымы бар. Содан аспауымыз керек. Ал белден жоғары жердің бәрінде қолдана беруге болады. Әр нәрсенің өз функциясы бар. Мысалы, газеттерде де Елтаңба мен Тудың суреті қолданылып жатады. Бірақ газеттің негізгі міндеті – ақпаратты уақытылы жеткізу. Адам ақпаратты оқып алғаннан кейін газетті ары қарай не істейтінін өзі шешеді. Бастысы, газет өз міндетін атқарып жатыр ма, атқарып жатыр.
Балалардың ойыншығында да рәміздердің суреті болады. Керісінше, солай рәміздерімізді ойыншықтар арқылы да балаларға таныта беруіміз керек. Ойыншықтың қызығы біткен соң, бала оны қолына алмай қоятын болар. Есесіне сол арқылы рәміздерді біліп, танып өседі.
Менен ұлттық валютамыз теңгеде де Елтаңбаның бейнесі бар екенін айтып, «Жерде жатқан тиын көрсеңіз аласыз ба?» деп сұрайтындар бар. Денсаулығым жетсе, алармын. Қадір-қасиетін білемін, бірақ оның тиын екенін де естен шығармаймын. Ол үшін адамда парасат болуы керек. Сондықтан біз бірінші адамның парасатын өзгертуіміз керек. Ақыл бәрінде бар, ал парасат деформацияға ұшыраған. Қазір біздің тоқырауда жүргеніміз, адасып жүргеніміз – бәрі сол парасаттың төмендігінен. Парасаттың төмендігі – өзіміздің құндылықтарды білмеуден, рәміздің не екенін түсінбеуден. Өз алдымызға ел болып, ұлттық рәміздерімізді бекіту үшін бабаларымыз қасық қаны қалғанша күрескенін, жанын қиғанын, жұтқа ұшырағанын, ату жазасына кесілгенін білмейміз, рухымыз сезбейді. Кеше өткен қуғын-сүргін құрбандары осындай құндылықтар – дербестігіміз, сол дербестігімізді білдіретін төл нышандарымыз, азаттығымыз болса деп қан жұтты. Бүгінгі бақытты ұрпақ сол бақыттың қалай келгенін ұғынса деймін.
Еліміздің салиқалы ақсақалы ретінде Ұлттық Ұландықтарға не не айтасыз?
- Жас та болса, еліне қорған болып жүрген азаматтарға өзім құрметпен қараймын. Сендер нағыз патриот болуларың керек. Рәміздерді дәріптеуден көпке үлгі болатын белсенді топ өздеріңсіңдер. Жыл басындағы қиын күндерде елдің берекесін, бейбіт күнін сақтап қалдыңдар. Ұлттық ұланнан шақырту келгенде, қуана келістім, келдім. Армиямыз осы құндылықтардың қорушысы деп түсінемін.
Адамда ой да, тек те шексіз. Кезінде Елтаңбаның дизайнын сызған кезде де қазақтың ұлттық құндылықтарының бәрін қамтуға тырыстым. Шаңырақ та, пырақ та, жеті ата – жеті ұрпақ та, ою да бар. Демек, рәміздеріміз – біздің ұлттың болмысымыз. Ал рәміздерді құрмет тұту деген – өзімізді құрмет тұту. Сондықтан ел, елдік, ұлтжандылық, патриотизм айтылған жерде, рәміздердің де бағасы биік болуы шарт. Қызметтерің адал болсын, рухтарың асқа болсын, еліміздің бірлігі бекем болсын!
Айтқаныңыз келсін! Қатар келген қос мерекемен тағы да құттықтаймыз! Сүбелі әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан аға лейтенант
Мөлдір НӘЛІБАЕВА