Семей қаласындағы Қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты №11 түзеу мекемесінен қылмыскер қашты. Алайда, қашқын мекеменің күзету аймақтарының бірінде құрықталып, тәртіп сақшыларына табысталды. Бұл – аталмыш түзеу мекемесі мен ондағы қауіпсіздікті күзететін 5511 әскери бөлімінің қарауылы өткізген кезекті жаттығудың сценарийі. Дегенмен, жаттығу болса да, әрбір жауынгер оған үлкен жауапкершілікпен қарайды. Себебі, темір торға тоғытылған қауіпті қылмыскер кез келген уақытта түрмеден қашуы немесе шабуыл жасауы бек мүмкін. Сонымен, қадірлі оқырман, бүгін Сіздерге Семейдегі іс-сапар аясында 1 атқыштар ротасының ерекше қызметі жайлы көрген-білгенімізді баяндайтын боламыз, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.
Түсірілім тобы барған күні түзеу мекемесіне қарауыл бастығы болып осы атқыштар ротасында 2006 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан білікті маман сержант Берік Омаров кезекшілікке түскен екен. Кәсіби шыңдалған қарауыл бастығы құқықтық тәртіп әскеріне келгенге дейін Зайсанда орналасқан
Шекара қызметіне қарасты заставалардың бірінде байланысшы міндетін атқарған. Одан кейін де азаматтық өмірде күзет қызметінде біраз тәжірибе жинақтаған. Яғни әскери өмірге бейім болып, жауапты жолдың іргетасын қалап келді деуге болады. Бірнеше бағытта қызмет атқарғаны, сәйкесінше – оның жан-жақты, өзіне де, қарамағындағыларға да талабы қатаң, жауапкершілігі жоғары маман болып қалыптасуына оң ықпал еткен екен.
Ел аузында «№11 түрме» аталып кеткен ОВ-156/14 түзеу мекемесі – барынша қатаң түрдегі жазасын өтеу режимінде жұмыс жасайды. Мұнда 400-ге жуық сотталушы бар, олар негізінен бұрын сот және құқық қорғау саласында қызмет еткендер. Мұндағы тәртіптің сақталуын, бақылап-өткізу пункттеріндегі тексеру міндетін, сотталушылардың қашып кетпеуін 1 атқыштар ротасының жеке құрамы қамтамасыз етеді. Рота штатында 4 атқыштар взводы бар, яғни сол взвод командирлері қарауыл бастығы болып табылады. Олар – жоғарыда айтып кеткен сержант Берік Омаров, аға сержант Ержан Құрмашов және сержанттар Әсет Алпысбаев пен Аман Боғасбаев. Сондай-ақ, қызметке ауысым бойынша түсіп отыратын 6 қарауыл бастығының көмекшісі бар.
Қарауылдың жауынгерлік қызметінің басқа қызметтерге қарағанда басты ерекшелігі – қарауыл жеке құрамы бір тәуліктік қызметке түседі. Қарауылға түсерден бұрын алдын-ала бекітілген жеке құрам даярлықтан, психологиялық тестілеуден өтеді. Тәулік бойы түзеу мекемесінде қамауға алынған және сотталған азаматтардың қашып кетпеуін қадағалайды, арнайы мұнараларда мекеме аумағын күзетеді, автокөлік паркінен мекеме аумағына кіретін көліктерді тексереді. Сондай-ақ темір тордағы туыс-жақындарына азық-түлік, киім-кешек әкелген адамдардың сәлемдемелерін тексереді. Яғни, тыйым салынған заттардың мекеме аумағына өтуіне, іргелес жатқан аймақтардан ішке лақтырылуына жол бермейді.
Иә, түзеу мекемесіндегі жауынгерлік қызмет күрделірек. Қарауыл бөлмелерінде көпшілікпен жүргенмен, бекеттерге жауынгерлер жалғыз шығады. Мұнарада түнді қорып, таңды жалғыздықта атырады. Аз ғана арақашықта қаншама қылмыскер, айлакер бар, қоршау сыртында олардың сыбайластары болуы мүмкін. Іштен де, сырттан да кез-келген уақытта қауіп төнуі ықтимал. Мүлгіп немесе жаман ойға беріліп кетуге болмайды. Өжет, сергек және шапшаң болуың керек. Бұл – қарауыл сақшысына аса қажет үш қасиет!
Қарауыл бастығына артылатын жүк те ауыр. Өздеріңіз білесіздер, қазіргі жаһандану заманындағы жастардың бәрі дерлік әскерге өз еркімен, қалауымен келді деп айту қиын. Әскери өмірге деген моральдық дайындығы жоғары деуге келмейді. Өз қалауымен келгендер де, амалсыз жүргендер де бар. Сондықтан жаңадан келген сарбазды қарауыл бастығы бірден өз тәрбиесіне алады. Физикалық тұрғыдан ғана бағалап қоймай, ішкі психологиялық ахуалына, көңіл күйіне де ерекше мән береді.
– Өзім 1978 жылы Мақаншыда туғанмын. Жалпыәскери жарғы ортақ болған соң, әскерилерге қойылатын талап бір. Тәртіп, жауапкершілік, бұйрықтарды орындау етене ұқсас. Әйтсе де, Ұлттық ұланның өзіне жүктелген маңызды міндет бар. Қоғамда болсын, түзеу мекемесінде болсын, жалпы мемлекет көлемінде алып қарасақ та, біздің әскер ішкі тұрақтылық пен тыныштықты, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сондықтан, өз қарамағыма сеніп тапсырылған әрбір сарбазды, ата-анасы аманаттаған азаматты тәрбиелеуден танбаймын. Олардың қырағы, батыл, қызметке адал болуларына үлкен мән беремін. Өзімнің де балаларым бар. Білмегенін үйретемін, ағалық қамқорлық танытамын, – дейді Берік Садығажыұлы.
Берік жан-жары Жанат Қапжаппарқызымен бірге Тәуекел, Баян және Айша есімді ұл-қыздарды тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Әріптесі аға сержант Ержан Құрмашов екеуі 2006 жылдан бері қарауыл бастығы болып бір сапта иық тіресе қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі мамандар. Олардың сарбаз тұрмақ, жоғары әскери оқу орнын тәмамдап осы бағытқа жаңадан келген офицерлердің өзіне үйретері мол. Мұны 1 атқыштар ротасының командирі аға лейтенант Шалқар Қайырбеков те өз пікірімен растады.
– Бір бөліністе он алты жылдық қызмет өтілі бар адам – өзіңізге белгілі, бұл саланы бүге-шүгесіне дейін біледі деген сөз. Берік Садығажыұлын офицерлер де, сержанттар да, сарбаздар да қатты құрметтейді. Жасы үлкен деп қана емес, кәсіби біліктілігі мен адамгершілігі үшін деді. Қаншама қарауыл сақшылары легін тәрбиеледі. Кейбір сарбаздар үйлеріне кетерде оның әкелік қамқорлығын айтып, көрсеткен жақсылығын айтып қимай жатады. Офицерлер де «Қарауылды тексеруге алғаш келгенде, неден бастарымызды білмейтін кездер болды. Бастасақ та, бірін тексеріп, екіншісін ескермей жатамыз. Сонда өзі айтып, көмектесіп жіберетін» деп күледі. Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығымен талай рет марапатталды. Әр мереке сайын бөлім басшылығы оның еңбегін, адал қызметін жатады. Қарауыл бастықтары арасында өткізілетін байқауларда шеберлік танытып, қаншама рет топ жарып келді. Шығыс Қазақстан облысының, өңірлік қолбасшылықтың үздік қарауыл бастығы, – дейді Шалқар Тоқмұқамбетұлы.
Жаттығу аяқталған соң, қарауыл бастығының өзі де қызметі жайлы біршама әңгімелеп берді.
– Сарбаздардың қызметке қызығушылығын арттыру үшін, тез үйренісуі үшін бар жағдайды жасап, үйлесімділігін ұйымдастырамыз. Қызмет барысында жауынгерлік есеп жүргізіледі. Кезектесіп жауынгерлік бекеттерге жеке-жеке аттанады. Олардың әрқайсысының жеке қауіпсіздігі де менің мойнымда. Сондықтан, бейнебақылау арқылы бүкіл қозғалысты жіті бақылап отырамыз, ішкі байланыс құралы арқылы әрі ахуалды, әрі сақшының халін біліп отырамыз. Жасыратыны жоқ, бұрынғыдай емес, қазір әскери бөлімдерде жауынгерлерге, олардың ұстамдығына деген сенімсіздік болып жатады, мысалы «жалғыз қалғанда өз-өзіне қол жұмсай ма?» дегендей. Сарбаз болған соң, «бес саусақ бірдей емес қой», ашылып сырын айта бермейтіндер бар. Нұсқаулық беріп жатқанда да іштей бір күйзелісі бар ма, оны да біздер қас-қабағынан білуге тиіспіз. Бәлен жыл қызмет етіп, психолог болып кетесің ғой. «Шабуыл болуы мүмкін, өте сақ, сергек болыңдар!
Сотталушылардың арбауына түспеңдер! Сендердің іс-әрекеттеріңе көп жағдай тікелей байланысты» деп айтып отырамын. Сонымен қатар, сотталған тұлғаларға тыйым салынған заттардың өтпеуіне жол бермеуіміз қажет. Кейде тіпті автокөліктерді бақылау бекеттерінен көлікке жасыру арқылы өткізбек болып жатады. Түрлі тәсілмен жасырылған тыйым салынған заттарды талай рет тауып жатады біздің сақшылар, – дейді кейіпкеріміз.
Қарауылдар бойынша кезекшілер әскери бөлімнің басқарма офицерлерінен тағайындалып отырады екен. Олар да өз кезекшіліктерінде тәулік бойы қарауылдық қызметтің сапалы орындалуын қадағалайды.
Ал қарауылдың құрамын бекітіп, қызметке дайындығын тексеру, жауынгерлік міндеттерін үйлестіру, атқыштар ротасындағы әскери қызметшілердің тәртібі мен күн тәртібін реттеу, жауынгерлік даярлығын шыңдау, қарамағындағыларға басшылықтың нұсқауларын, және оны ұйымдастыру, әскери қызметшілерге маңызды ақпараттарды жеткізу, оқыту міндеті – рота командирінің еншісінде. Бұл ретте жеке құрамға жас та болса, бас болып жүрген аға лейтенант Шалқар Қайырбековтің басшылық қабілеті, үйлестірушілігі мен жауапкершілігі жоғары. Қарауыл бастығы мен құрамы қызметтегі ерекшеліктерді, оқыс оқиғаларды, міндетті атқару барысын, болған жәйтті, қарауылдың жай-күйін, сақшылардың жағдайын түгелдей рота командиріне және қарауыл бастықтары бойынша кезекшіге баяндап отырады.
Сержант Берік Омаровтың кезекшілігі кезінде сотталушылардың бірімен байланыста болған әйел азаматша өз көлігімен түзеу мекемесінің қақпасын талқандап өтпек болған. Алайда қарауыл жедел әрекет етіп, оны ішкі нысандарға өткізбей, бірден тұтқындаған. Өз түсініктемесінде тәртіп бұзушы бұл әрекетін «жазасын өтеуші азаматтың бірі жоғары көлемде қарызға ақша алып, қайтармағандықтан, одан осылай кек алмақ болғанын» айтумен түсіндірген.
Дегенмен, қос тараптың арасында нендей пиғыл-ниет болғанын тергеу анықтар. Қайткен күнде де, қарауыл өз міндетіне берік, өзіне сеніп тапсырылған нысанға мұқият, өзіне бек сенімді, қызметте қырағы болуы тиіс. Мұны ротаға келген әрбір жас сақшыға үйрету мен ұғындыру. – Беріктей білікті қарауыл бастықтары барда қиынға соқпас. Осыны өз көзімізбен көріп, көңіліміз сеніп, түсірілімнен үлкен мақтаныш сезімімен оралдық.