Astana Hub пен IT Park Uzbekistan бірлесе отырып, Draper University серіктестігімен жүзеге асырылатын Hero Training халықаралық акселерациялық бағдарламасының төртінші легіне қатысу үшін өтінім қабылдау басталғанын хабарлайды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бағдарлама ауқымын кеңейтуге және жаһандық нарыққа шығуға дайын технологиялық стартаптарға арналған.
Өтінімдер 2025 жылғы 13 тамызға дейін қабылданады. Қатысуға ниет білдірушілер сілтеме арқылы тіркеле алады.
Hero Training дегеніміз — Кремний алқабында орналасқан Draper University кампусында өтетін бес апталық қарқынды бағдарлама. Онда әлемнің түкпір-түкпірінен келген жүзге жуық стартап білім алып, дамуға жол ашады. Бағдарлама аясында қатысушылар воркшоптар мен стратегиялық сессиялардан өтеді, инвесторлармен ашық AMA-кездесулерге қатысады, жетекші кәсіпкерлерден менторлық алады және халықаралық нетворкинг іс-шараларына қатысады.
Бағдарлама 25–30 елдің нарығына қол жеткізуге мүмкіндік береді және команда тиімділігі мен көшбасшылық дағдыларды дамытатын ерекше тәжірибемен аяқталады.
«Біз IT Park Uzbekistan-ның аталған бағдарламаға қосылғанына ерекше қуаныштымыз. Мұндай мықты экожүйенің қатысуы өңірлік ынтымақтастықты нығайтып, Орталық Азиядағы стартаптар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бірлесе отырып, біз командаларымыздың жаһандық нарыққа шығуына және әлемдік технологиялық қауымдастыққа интеграциялануына берік негіз қалап отырмыз. Біздің мақсат — стартаптарды тек жергілікті деңгейде қолдау ғана емес, сондай-ақ оларға халықаралық нарыққа шығудың нақты мүмкіндіктерін жасау» Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев
Бағдарламаға қатысуға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркия, Моңғолия, Әзербайжан, Грузия елдерінен MVP кезеңіндегі және одан жоғары даму сатысындағы стартаптар шақырылады. Қатысу шарттары: компанияның Қазақстанда немесе Өзбекстанда тіркелген заңды тұлға болуы, ағылшын тілін еркін меңгеруі, АҚШ визасының болуы немесе оны алуға өтінім берілгені туралы құжат.
«Кремний алқабындағы Hero Training — Орталық Азиядан шыққан стартаптар үшін ең қарқынды бағдарламалардың бірі. Қазақстан мен АҚШ арасындағы серіктестіктің, атап айтқанда Astana Hub пен Draper University арасындағы ынтымақтастықтың нәтижесінде қатысушылар Силикон алқабының венчурлік экожүйесіне, халықаралық менторлыққа және жаһандық деңгейде дамуға арналған құралдарға қол жеткізеді. IT Park мұндай стратегиялық одақтың бір бөлігі болғанына қуанышты: аталмыш бағдарламалар өнімдердің жылдам ауқымдануына ғана емес, сонымен қатар жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті жаңа буын қалыптастыруға сеп болады» IT Park Uzbekistan бас директоры Абдулахад Кучкаров
Бағдарламаның алғашқы үш легіне өңірден 37 стартап қатысты. Нәтижесінде олар жалпы сомасы 3 миллион доллар көлемінде инвестиция тартты. 2024 жылы отандық BeyimTech командасы Draper University 2024 үздік командасы атанып, 26 елден келген 70 қатысушының арасынан топ жарды.
«Бұл бағдарлама — тек білім алу ғана емес, әлемдегі ең бәсекелі нарыққа жұмсақ әрі нәтижелі қадам жасау. Біз өнімді жаңа нарыққа қалай бейімдеу, инвесторлармен және клиенттермен келіссөз жүргізу, идеяны бәсекелестер арасында ерекшелеп ұсыну жолдарын үйрендік. Кремний алқабының ашықтығы — ерекше әсер қалдырды: табысты кәсіпкерлер өз тәжірибесімен, инсайттарымен, жаңа мүмкіндіктерімен бөлісіп отырды» TrustExam.ai компаниясының бас директоры, бағдарламаның алдыңғы легіне қатысушы Нұралы Сарбақыш
Қосымша ақпарат пен өтінім беру үшін төмендегі сілтеме арқылы өтіңіз.