Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Сергей Симонов, Аманғали Бердалин және Ғалымжан Елеуов партияның Жол картасы аясында Ақтөбеде салынып жатқан көп қабатты үйлердің құрылысы алаңында болды. Құрылыс жұмысымен танысу барысында Мәжіліс депутаттары құрылыс сапасын, жұмыс қарқынын бағалап, қаражатты игеру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.
Айта кетейік, қазір Нұр-Ақтөбе шағын ауданында 1425 пәтерлі 11 көпқабатты үй салынуда. Жергілікті мердігер «Ақтөбе Сәулет» ЖШС 9 қабатты бес панельді үйдің құрылысын қолға алды. Құрылыс жұмыстарын биыл аяқтау жоспарланып отыр. Жалпы биыл облыс бойынша 1 миллион 200 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.
Өзекті мәселелерді талқылау барысында Мәжіліс депутаттары құрылыс материалдарының қымбаттауы жұмыстың сапасына да әсер ететінін алға тартты. Аманғали Бердалиннің айтуынша, жыл сайын шығындар коэффициентін арттыру қажеттігі туындайды. Шын мәнінде, құрылыс материалдары халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етудің негізгі тәсілі болуы тиіс. Ал Мәжіліс депутаты Сергей Симонов Үкімет құрылыс қарқынын өткен жылдар деңгейінде ұстап тұру үшін тиісті шараларды қолға алып жатқанын, құрылыс материалдары бағасының өсуін ескере отырып, сметаларға түзету жүргізілетінін, өткен жылдан бері тоқтап тұрған нысандар бойынша сараптама жүргізілетінін алға тартты.
Мәжіліс депутаттары бұған дейін Ойыл, Байғанин, Мәртөк аудандарында халықпен кездесулер өткізіп, жергілікті жерлердегі ахуалмен танысқан болатын. Олар тұрғындар көтерген маңызды мәселелерді зерделеп, Үкімет назарын аудармақ.
Ал Ғалымжан Елеуов:
- біз аудан тұрғындарымен, қоғамдық пікір көшбасшыларымен, көпбалалы аналар мен жастармен кездестік. Кездесу қорытындысы бойынша және әрі қарай жалғасқан қоғамдық қабылдауларда ауыл шаруашылығы мәселелері, әсіресе, тері, жүн және ет экспортын дамытуға бағытталған, малды егу және мемлекеттік бағдарламаларға қатысты мәселелердің өткірлігі байқалды. Көтерілген мәселелер өте өзекті және жергілікті атқарушы органдар, орталық мемлекеттік органдар мен депутаттар тарапынан да ерекше назар аударуды талап етеді деп ойлаймын. Сұрақтарды жеке бақылауға алдым, - деді.
Еске сала кетейік, 14 шілдеге дейін депутаттар Хромтау, Әйтеке би ауданы тұрғындарымен кездеспек.