Жаңа оқу жылында мектеп формасына қойылатын талаптар өзгермейді
Мектеп формасына қойылатын талаптар 2016 жылдан бастап енгізілді. Жоғарыда көрсетілген талаптар білім алушылар арасындағы әлеуметтік, мүліктік және өзге де айырмашылықтар белгілерін жоюға бағытталған. Жаңа оқу жылында мектеп формасына қойылатын талаптар өзгермейді. Яғни оқушылар мектепке бұрын сатып алған немесе биылғы оқу жылында дайындаған формамен келе алады. Ал мектеп формасы жоқтар таза, ұқыпты классикалық киім үлгісімен мектепке бара алады, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.
Ата-аналар мектеп формасының өндірушісін таңдауда және оны бөлшек сауда желісі арқылы тиімді бағамен өз еркімен сатып ала алады.
Қазақстандықтар колледжге түсуге 180 мыңнан астам өтініш берді
Елімізде колледждерге құжат қабылдау аяқталды. Екі айдың ішінде қазақстандықтар 180 мыңнан астам өтініш беріп үлгерді. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында республикалық бюджет есебінен тегін техникалық және кәсіптік білім берумен 100% қамту бойынша мемлекеттік тапсырыс 45 мың орынға ұлғайтылып, рекордтық 128 мың орын болды.
Сонымен қатар тегін оқығысы келетіндерге квоталар тізімі кеңейтілді. Көпбалалы отбасыдан шыққан балалар үшін 5%, мәртебесі кемінде үш жылға толық емес отбасы балалары үшін 1%, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасы балалары үшін 1% квота қосылды. Ұпайлар тең болған жағдайда квота санаты мен аттестаттың орташа бағасы есепке алынады.
Биылғы оқу жылында білім беру гранттарының басым бөлігі техникалық мамандықтарға бөлінеді: «IT», «Құрылыс», «Инженерия», «Металлургия».
Сондай-ақ осы оқу жылында қазақстандық колледждер «Робототехника және ендірілетін жүйелер», «Өндірістің аддитивті технологиялары», «Ғимараттарды жобалау мен пайдаланудың автоматтандырылған жүйелері», «Графика және мультимедия дизайны», «Ландшаф дизайны» және т.б. жаңа мамандықтар бойынша кадрлар даярлауды бастайды.
Қазақстанда барлығы 770 колледж жұмыс істейді, онда 480 мыңнан астам студент оқиды.
Жаңа оқу жылының тағы бір жаңалығы – жұмысқа орналастыру міндеттемесі бар кәсіпорындардың сұранысы бойынша кадрларды мақсатты түрде оқыту.
Ол үшін кәсіпорын колледжбен мақсатты оқыту туралы келісімге отырады. Бұл ретте өз базасында оқытушылардың практикасын, тағылымдамадан өтуін және түлектерді одан әрі жұмысқа орналастыруды ұйымдастыру міндеттерін алады. Бүгінгі таңда кәсіпорындардан 10 мың жұмыс орнына нысаналы мемлекеттік тапсырысқа өтінімдер түсті.
Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірлерде колледждерге ірі бизнесті қамқорлыққа алу тәжірибесі бар. Сондай-ақ бүгінде 498 кәсіпорын 410 колледжге қамқорлық жасайды.
Қазіргі уақытта Қазақстан колледждері жұмыс берушілермен бірлесіп 4 мыңнан астам білім беру бағдарламасын жаңартты.
Түркістан, Атырау, Ақтөбе облыстарында 2 мың орындық 6 жатақхана пайдалануға берілді. 165 мемлекеттік колледж күрделі жөндеуден өтті.
Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып жатыр.
Қазақстанда 2022 жылдың соңына дейін 225 мектеп салынады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылға дейін 1 000 мектеп салу жөніндегі тапсырмасы аясында елімізде жыл сайын 200-ден астам мектеп пайдалануға беріледі. Үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешу үшін облыс әкімдіктері 2022 жылдың соңына дейін 225 мектеп салуды жоспарлап отыр. Жаңа оқу жылының басына дейін 21 мың оқушыға арналған 41 мемлекеттік мектепте және 15 мың оқушыға арналған 40 жекеменшік мектепте құрылыс жұмыстары аяқталуы тиіс.
Әр аймаққа нақты көрсеткіштер бекітілген.
Сонымен бірге оқу жылының басына қарай барлық орта мектепте жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 263 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мектептердегі жөндеу жұмыстары 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс.
1 қыркүйекте барлық қазақстандық мектепте салтанатты сап өтеді
Жаңа оқу жылында 3,6 млн баланы қамтитын 7 637 мектеп жұмыс істейді. 1 қыркүйекте республиканың барлық мектебінде Білім күніне арналған салтанатты жиын, сондай-ақ «Білімге ұмтылу, еңбексүйгіштік және патриотизм» тақырыбында сынып сағаттары өтеді.
Салтанатты сапты өткізудің форматын және қатысушылардың құрамын білім беру ұйымдары дербес белгілейді.
Оқу жылы 1 қыркүйекте басталып, 31 мамырға дейін 36 аптаға созылады. Жаздың алғашқы күндерінен бастап оқушылар жазғы демалысты бастайды, яғни жазда балалар демалады.
Қазақстанда жазғы демалыстың ұзақтығы басқа елдермен салыстырғанда ең ұзақ, яғни 92 күн болып қалып отыр. Жалпы жазғы демалысты есепке алғанда, оқу жылында балалар 192 күн демалады және оқу күндерінің саны 173 күн.
Оқу жылының ұзақтығының ұлғаюына байланысты жаңа оқу жылында 7 мыңнан астам мектеп бес күндік оқыту форматына көшеді, бұл үш ауысымда оқитын мектептерді қоспағанда, 3,4 млн бала мен 300 мыңнан астам мұғалім. Сенбі демалыс күні болады, соның нәтижесінде оқушылар, мұғалімдер, мектеп директорлары мен оның орынбасарлары оқу жылында қосымша 36 күн демалады.
Мектепке жол қайырымдылық акциясы жалғасып жатыр
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясын өткізуді жалғастырып жатыр. Балалар жылында «Мектепке жол – Шекарасыз жақсылық» ұранымен өтіп жатыр. Акция 30 қыркүйекке дейін жалғасады.
Акцияға кез келген адам қатыса алады: волонтерлар, бизнесмендер, меценаттар, үкіметтік емес ұйымдар және т.б.
Акция аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қажетті көмек көрсету мақсатында өткізіліп келеді. Осылайша балалардың әлеуметтік себептермен мектепке келмеуінің алдын алу шаралары жүргізіледі. Әр мектепте әлеуметтік көмекке мұқтаж балалардың атаулы жеке тізімдері жасалды.
Миллионға жуық қазақстандық оқушы тегін тамақпен қамтамасыз етіледі
Жаңа оқу жылында миллионға жуық оқушы мектептегі бір реттік тегін тамақпен қамтылады.
Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 400 мыңнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктеріне қарай 7 өңірде, атап айтқанда, Нұр-Сұлтан, Шымкент және Алматы қалаларында, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарында 1-4 сынып оқушылары мектепте тегін ыстық тамақпен қамтылады. Ақмола және Маңғыстау облыстарында 1-сыныптың барлық оқушысына тегін ыстық тамақ беріледі.