Баптау
Тіл
Тақырып
Жаңарту

Теңгедегі депозиттер бойынша өтемақы қалай есептеледі

680

Қазақстандық салымшыларға қолдау көрсету және қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанда Жеке тұлғалардың ұлттық валютада (теңгемен) орналастырылған депозиттері бойынша өтемақы (сыйлықақы) төлеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) әзірленді, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Қағидалар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 27 тамыздағы № 614 қаулысымен бекітілген және 2022 жылғы 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді.

Өтемақы мемлекеттен 10% сыйлықақы  алуға келісімін растаған және 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін өтінім жіберген салымшыларға ғана төленетін болады.

Сыйлықақы ашылған және 2022 жылғы 23 ақпанда операциялық күннің соңында қалдығы болған теңгедегі салымдар бойынша төленетін болады. 10% мөлшерлеме бойынша өтелуі мүмкін ең жоғары сома 20 млн теңгені құрайды. Бұл депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы бір банкте (бұдан әрі – банк) ашылған барлық салымдар бойынша жалпы сома.

Өтемақыны мынадай теңгедегі салымдар бойынша алуға болады:

  • жинақ салымдары;
  • мерзімді салымдар (тұрғын үй құрылыс жинақтары мен білім беру жинақтау салымдарын қоса алғанда).

Сондай-ақ салымшыда бір банкте біреуден артық өтемақы төленетін депозит болған кезде өтемақы жалпы сомасы 20 млн теңге шегінде жүзеге асырылады.

Сыйлықақы:

  • қоса алғанда 2023 жылғы 23 ақпанға дейін өтемақы төленетін депозиттен ішінара ақша алынбаған кезде;
  • 2022 жылғы 23 ақпаннан бастап қоса алғанда 2023 жылғы 23 ақпан аралығындағы кезеңде өтемақы төленетін депозит толықтырылған, ішінара ақша алынған кезде - 2022 жылғы 23 ақпаннан қоса алғанда 2023 жылғы 23 ақпан аралығындағы кезең үшін операциялық күннің соңына тіркелген, өтемақы төленетін депозиттегі ең төменгі қалдық сомасына;
  • өтемақы төленетін жаңа депозит(-тер) ашқан кезде, өтемақы төленетін депозит мерзімі аяқталған күннен бастап жаңа өтемақы төленетін депозит жасалған күнге дейінгі кезең үшін операциялық күн ішінде тіркелген ең төменгі қалдыққа;
  • 2022 жылғы 23 ақпаннан бастап қоса алғанда 2023 жылғы 23 ақпан аралығындағы кезеңде салымдарды тұрғын үй құрылыс жинақтарына біріктірген кезде - 2022 жылғы 23 ақпаннан бастап қоса алғанда 2023 жылғы 23 ақпан аралығындағы кезеңдегі операциялық күннің соңына тіркелген, біріктірілген салымдардың ең төменгі қалдық сомасына;
  • 2022 жылғы 23 ақпаннан бастап қоса алғанда 2023 жылғы 23 ақпан аралығындағы кезеңде салымдарды тұрғын үй құрылыс жинақтарына бөлген кезде - 2022 жылғы 23 ақпаннан бастап қоса алғанда 2023 жылғы 23 ақпан аралығындағы кезеңдегі операциялық күннің соңына тіркелген, бөлінген салымдардың ең төменгі қалдық сомасына есептеледі.

Егер өтемақы төленетін депозиттің мерзімі аяқталса және 2022 жылғы 24 ақпаннан қоса алғанда 2022 жылғы 1 қазан аралығындағы кезеңде ұзартылмаса, салымшының келісімімен осындай өтемақы төленетін депозиттен сол банктегі жаңа өтемақы төленетін депозитке (-терге) ақша аударуға жол беріледі. Бірақ мынадай талаптар сақталған жағдайда: мұндай аударым 2022 жылғы 23 ақпанда операциялық күннің соңында қолданылған, өтемақы төленетін депозиттің қолданылу мерзімінің өтуіне байланысты банк ақшаны қайтарған жағдайда, жинақ шотынан, оның ішінде «Жеке тұлғалардың талап етілгенге дейінгі салымдары» шотынан не салымшының ағымдағы шотынан жүзеге асырылған.

Салымшыларға сыйлықақы 2023 жылғы 23 ақпаннан кейін олардың салымдарына есептелетін болады. Өтемақы төлемі үшін арнайы жеке шоттар ашудың керегі жоқ.

Өтемақы (сыйлықақы) алуға қалай өтініш беруге болады?

Өтемақы (сыйлықақы) 2023 жылғы 1 қаңтардан кешіктірілмейтін мерзімде банкке өтініш беру арқылы өз келісімін берген салымшыларға ғана төленеді.

Салымшының келісім беру туралы өтінішін беру тәртібі мен тәсілін банк Қағидаларға сәйкес айқындайды.

Салымшы өтініште мынадай деректерді: өзінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), жеке сәйкестендіру нөмірін көрсетуі және сыйлықақы алуға және банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты ұсынуға келісімін беруі, сондай-ақ «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісімін беруі қажет.

Салымшыларға өтемақы (сыйлықақы) алу мәселелері бойынша қайда жүгінуге болады?

Салымшылар өтемақы (сыйлықақы) алу талаптарына байланысты консультациялар алу үшін, «1477» нөмірі бойынша Қазақстан Ұлттық Банкінің байланыс орталығына хабарласа алады.

Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша салымшылар Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне:

  • жазбаша – А15С9Т5, Алматы қ., Көктем-3 шағын ауданы, 21 үй мекенжайы бойынша;
  • Egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы;
  • Өңірлік өкілдер басқармасы арқылы – аумақтық тиесілігі бойынша жүгіне алады.

Қаржы реттеушісіне өтініш жазу бойынша консультациялар алу үшін салымшылар «1459» нөмірі бойынша Агенттіктің call-орталығына қоңырау шалуға немесе мына сілтемелер арқылы: App Store, Play Market жүктеуге болатын «Fingramota Online» мобильдік қосымшасы арқылы сұрақтар қоя алады. Сондай-ақ мобильдік қосымшаның веб-нұсқасы қолжетімді.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Приложение DKNews для Android Приложение DKNews для iPhone
МИА «DKNews» © 2006 -