ҚазҰУ-дың IT-инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды

790

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ғылыми кеңесінің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде «Корпоративтік басқару моделін құрудың негізгі параметрлері», «ҚазҰУ ІТ-инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасы» сынды тақырыптар тыңдалып, талқыланды, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Негізгі баяндаманы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректоры Әсел Уәлиева мен ІТ-инфрақұрылымын дамыту департаменті директорының орынбасары Ғалымжан Сариев жасады.

Проректор Ғылыми кеңесте корпоративтік басқару моделінің ерекшеліктеріне тоқтала келе, қатысушыларды «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ» КеАҚ-тың 2022-2026 жылдарға арналған даму бағдарламасымен таныстырды. Бағдарламаның негізгі мақсаты – оқу ордасын әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналдыру.

Ғылыми кеңесте алға қойған мақсатты іске асыру үшін бірнеше міндет айқындалды. Негізінен, баяндамашы төртінші міндет – университеттің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін тиімді корпоративтік басқару моделін құру мәселесіне кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, университеттің стратегиялық міндет-мұратын орындау барысында қызметкерлерге ерекше мотивация беріп, іске жұмылдыру жағы айтылды.

Білім ошағында стратегиялық HR жүйесін енгізіп, профессорлық-оқытушылық құрам мен қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға арналған онлайн-платформаны жетілдіру жұмыстары қолға алынбақшы. Сондай-ақ әлеуметтік инклюзия мен қолайлы оқу шарттарын нығайту, цифрлық менеджмент пен «paper free university» (қағазсыз университет) жүйесі т.б. өзекті іс-шаралар жетілдіріледі.

Бұған қоса, кезекті Ғылыми кеңес барысында корпоративтік басқару көмегімен университет қызметін ұлғайту мәселесі, ашықтық пен есептілікті қамтамасыз ету, оқу ордасының абырой-беделін нығайтып, шығындарды азайту туралы да айтылды. 

Кеңесте операциялық қызмет жөніндегі проректор корпоративтік басқарудың тиімді жұмыс үлгісіне қол жеткізу құралдары жайында кең ауқымда баяндап берді. Осыған орай, проректордың пайымынша, университеттік кеңестер мен комитеттердің қызметін жетілдіру керек. Кадрлық әлеуетті дамытып, кәсіби тұрғыда ынталандыру ортасын құруға бейілді болған абзал. Сондай-ақ корпоративтік рухты көтеру жұмысы қолға алынуы тиіс.

Спикер, бұған қоса, университеттің құрылымдық бөлімшелері арасындағы байланысты жақсарту қажеттілігіне де тоқталды. «Осы мақсаттың үдесінен шығу үшін қажетті цифрлар мен инфографиканы қамтитын апталық және айлық дайджест шығару қажет. Өйткені ол икемді ақпараттық арна ретінде танылады. Нәтижесінде оқытушылар мен қызметкерлер университетте қолға алынған шешімдер мен оқиғалардан хабардар болады», – деді. Проректор Ә.Уәлиева университет қызметінің барлық саласында цифрлық құралдарды қолдануды және университет сайтын жаңартуды ұсынды. Одан әрі алға қойылған міндеттерді іске асыру бойынша іс-шаралар жоспарын уақтылы орындау туралы қаулы жобасын жария етті.

Ғылыми кеңесте сондай-ақ «ҚазҰУ IT-инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасы» жобасы қаралды. Жоба жайында IT-инфрақұрылымды дамыту департаменті директорының орынбасары Ғалымжан Сариев баяндама жасады. Ол басқарманың атқарған жұмысы мен алдағы жоспарына кеңінен тоқталды. Бүгінде цифрлық құралдарды пайдалана отырып, оқытушы-профессорлық құрам мен қызметкерлердің үлесін арттыру жұмыстары жүргізілуде. Қызметкерлер мен студенттерге пайдалы ақпараттық жеке кабинет құру үшін ҚазҰУ порталын жаңарту жұмысы қолға алынды. Ғ.Сариевтің айтуынша, биыл факультеттерде студенттерге арналған (коворкинг) тегін интернетке қолжетімді аймақтар құрылды.

Таяуда күрделі жөндеу жүргізілген №5 жатақханада модем жаңартылды. ІТ-инфрақұрылымын дамыту бөлімінің қызметкерлері тренингтер өткізеді әрі кері байланыс үшін тоқсан сайын онлайн сауалнама жүргізеді. Мамандар қабылдау комиссиясына виртуалды кезек құрып, Бішкектегі ҚазҰУ филиалының сайтын әзірледі. Портал арқылы 2700-ден астам өтініш қабылданды. Қазіргі уақытта электронды анықтамалық жасалуда. Жиын барысында ҚазҰУ-да халықаралық IT-форум өтетіні, оған белгілі шетелдік және отандық мамандар шақырылатыны туралы айтылды.

Ғылыми кеңесті қорытындылай келе, ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев қысқы сессияға дайындықты дәйекті түрде жүргізуді, бар инфрақұрылымды сараптауды, цифрлық жүйелердің сапасын арттырып, университеттің негізгі процесс бағдарламасын дайындауды тапсырды. Барлық факультеттер цифрлық технология жұмысын оңтайландыру ісі бойынша ұсыныс енгізуі керек.

Ғылыми кеңес соңында университеттің Ғылыми кітапханасының «Сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры» және шығыстану факультетіндегі дәрісханаға Әбсаттар қажы Дербісәлінің есімін беру туралы шешім қабылданды.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -