Әскери салада «Командир – туған әкем» деген әзіл-шыны аралас қалыптасқан сөз бар. Салыстырмалы түрде алсақ, бұл сөздің жаны бар. Себебі, жеке құрамның барлық тұрмыс тіршілігіне бірінші кезекте командир жауапты. Командир – жеке құрамды басқарудағы, жауынгерлік міндеттерді орындаудағы, бөлініс шаруашылығын жүргізудегі аса маңызды лауазым.
Жөн сілтеп, жол бастау, айналып келгенде тұлғалық тұрғыда бағынысындағыларға үлгі болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Қуаныштысы сол, нағыз командир атанып жүргендер құқықтық тәртіп әскерінде молынан кездеседі. Солардың бірі – 5513 әскери бөлімінің атқыштар батальоны 3 атқыштар ротасының командирі капитан Мирзахит Перметов.
Мирзахит офицер болуды мектеп қабырғасында жүргенде-ақ шешіп, сол арманына қол жеткізу үшін мектепті ойдағыдай тәмамдаған бозбала Петропавл қаласындағы Ұлттық ұланның Әскери институтына 2011 жылы түсіп, төрт жыл білім алып, офицер шенін алып шықты. Әрі қарай жас офицердің қиын да қызықты офицерлік жолы оңтүстік өңірден басталып кетті. Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында қызмет етіп жатқанына биыл, міне, табаны күректей сегіз жылға жуықтапты. Взвод командирі лауазымына тағайындалған жас түлек ширап-шынығып, бүгінгі күні әбден ысылған, тәжірибе жинақтаған рота командирінің
қызметін абыроймен атқарып жүр.
Әскери өмірде ең маңызды шара – ол әскери қызметшілердің тәртібі, тәрбиесі екендігі баршаға аян. Әскери азамат болған соң қатаң тәртіпке бағынып, мойнына түскен барша қиыншылықтарға шыдай білу – әскери сардардың бірінші ерекшелігі. Осындай жауапты міндетті Мирзахит Перметов үлкен абыроймен атқарып келе жатқан, барлық санаттағы әскери қызметшілерді тәрбиелеуші, әскери саладағы айтарлықтай орны бар тұлға.
Капитан Мирзахит Перметов басқарып отырған үшінші атқыштар ротасы бөлімнің үздік ротасы деп танылып отыр. Оның қарамағында 6 офицер, 150-ден аса келісімшарт бойынша әскери қызметші және 70-ке тарта сарбаз қызмет атқарады.
– Мен өз ротамның көптеген жетістіктерін айтып бере аламын. Алдымен, рота ұжымы туралы айтсам, ұжым – өте тату, тәртіп пен талап басты орында, Жарғы талаптарын қатаң сақтаймыз. Сержанттар жоғары білімді, қызметтеріне жауапты қарайды. Қылмыстық атқару жүйесі мекемесін күзету бойынша қызмет атқару барысында қызметтерін асқан жауаптылықпен орындап, қырағылық үлгілерін көрсетіп жатқан жағдайлар аз емес. Сол үшін де басшылық тарапынан алғыс естіп келеміз. Бір мысал келтіре кетсем. Былтыр күзде сағат түскі 13.00 шамасында қызметін қырағы атқарып тұрған ефрейтор Оралхан Мамбетәлі және кинологиялық қызмет мамандары взводының аға маманы кіші сержант Бақытжан Байдуанов мекеме қызметкерлерімен бірлесіп, бақылау-өткізу пунктіне құрылыс материалдарын алып келген А. есімді азаматты арнайы құралмен тексере бастайды. Оның әкелген ағаш және фанер тақталары жәй ағаш болмай шықты. Тақтайлардың арасына күдікті заттар жасырылған екен. Бұны сақшылар бірден байқап, тиісті адамдарға хабар берді. Көліктегі күдік тудырған заттардың арасында түрлі маркадағы 26 ұялы телефон, 51 дана сим-карта және 25 дана флэш-карта табылды. Күдікті смартфондарды ағаш материалдарының арасына мұқият жасырыпты. Алайда, қырағы көз қызметкерлер мұның өзін мүлт жібермей, дер кезінде анықтады. Айта берсек, мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады, – дейді рота командирі.
Рота жеке құрамының қырағы қызметінің арқасында №59 түзеу мекемесінде тәртіп бұзушылықтар мен құқық бұзушылықтарға жол берілген емес. Мақсат – мекемедегі тәртіп пен сотталған азаматтардың қашуына жол бермеу. Сол үшін де 5513 әскери бөліміндегі капитан Мирзахит Перметовтың басшылық жасап отырған 3 атқыштар ротасы қызметтерін қырағы да адал атқарып келеді.
Подполковник
Бақыт ӘЛІПБАЕВ,
Тараз қаласы