25916

Бір шаңырақта ерлі-зайыпты екеуінің бір саланың отымен кіріп, күлімен шыққанын естіп, қызыға қарайтын сәттеріміз жоқ емес. Ондай жандар өмірде көптеп кезігеді.

Біреулер жанына шипа іздеп келген науқастарға көмек қолын созатын ақ халатты абзал жан болса, енді біреулері жеткіншектерді білім нәрімен сусындататын мәртебелі мамандық иесі атанып жатады. Сондай жарасымды жұптардың қатарында Досым мен Айнұр да бар, бүгінгі таңда олар Петропавлдағы Ұлттық ұланда қызмет істейді. 
Досым Қабылбеков тактика циклі, тактика және жалпы әскери кафедрасында аға оқытушы қызметін атқарса, жұбайы Айнұр Қабылбекова Ұлттық ұлан Академиясы оқу-методикалық орталығында. Екеуі 2004 жылы танысып, кейін отау құруға бекініпті.

Қазір бақытты шаңырақтың біріне айналып отырған жайы бар. Досым Бекболатұлы болашақ жарымен алғаш танысқан кезін әдемі еске алады. 2004 жылдың алтын күзінде досымның ата-анасы ару Алматыға қоныс аударып, өзі Қаракемер ауылында орналасқан 6654 әскери бөлімінде қызмет атқарып жүрген кезі екен.

Демалыс күндері Алматы қаласына жиі қыдыратын көрінеді. Сөйтіп қаланың орталық саябағында өмірлік жарын кездестірген.

Айнұрдың мамандығы – химия, биология пәнінің мұғалімі. Кейін әскери жігітке тұрмысқа шыққаннан кейін әкери қызметке қызығушылық танытып, 2008 жылдың қыркүйек айынан бастап осы салаға ауысады. Бүгінде екеуі ынтымағы жарасқан жұптардың біріне айналып, екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Тұңғышы Дарын Петропавл қаласындағы «ЛОРД» мектебінің 6 сынып оқушысы, Азамат №23 орта мектепте оқиды. Ал кенжесі Айым болса облыстық арнайы мамандандырылған гимназия интернатында білім алуда. 

Әскери сала айтарға оңай болғанымен қызығы мен қиындығы қатар жүретін қызмет. Қатаң тәртіп пен жауапкершілікті қатар сезініп жұмыс істеу үшін адамның идеялық дайындығы, өмірге деген көзқарасы мықты болу керек. Досым Бекболатұлы бұл салаға өзінің қызығушылығы арқылы келіпті. 1976 Алматы облысы Райымбек ауданы Сарыжаз ауылында дүниеге келген ол 1983 жылы Сарыжаз мамандандыру техникалық училищесіне түсіпті. 1994 жылы маусым айында Сарыжаз мамандандыру техникалық училищесін бітіріп үшінші разрядтық «газоэлектр сварщик» маманы бойынша диплом және жүргізуші куәлігін алған. 1995 жылы Сарыжаз орта мектебінде «завхоз» болып жұмыс істеп жүргенде Қазақстан Республикасы Қарулы күштер қатарына шақырылып, «Жас сарбаздар» курсінен Қарағанды қаласындағы 6505 әскери бөлімінде өтіпті. Кейін Қаракемер ауылындағы 6654 әскери бөліміндегі оқуды тамамдаған соң, Алматы қаласындағы 5459 әскери бөліміне ауысады. 

1996 жылы 5449 әскери бөлім командирінің №158 әскердегі мерзімдік қызметін аяқтап, Алматы қаласындағы 5449 әскери бөліміне мерзімнен жоғары әскери қызметке резерв взводының взвод командирінің лауазымына тағайындалады. Одан кейін Петропавл жоғары әскери училищесіне түсіп оны 2002 жылы тәмамдайды. Кейін Алматы қаласындағы 5572 әскери бөліміне жолдама алып, қозғалысты қамтамасыз ету және коменданттық қызмет взвод командирі атанады.  

Ол осы күнге дейін 6654 әскери бөлімінде 5 батальон 4 взвод командирі, 7 оқу ротасының командирі, 1 оқу батальонының командирі, РХБ қорғаныс қызмет бастығы болып жұмыс атқарып келген. 2017 жылы Кострома қаласындағы Кеңес одағы атындағы Маршал С. Тимошенко РХБ қорғаныс академиясына түсіп, магистр және әскери жоғары білім алып шығады. Осыдан кейін Ұлттық ұлан Академиясына жалпы әскери циклі тактика әскери кафедрасына РХБ қорғаныс пәнінен сабақ береді.  

Досым көп балалы шаңырақта өскен, бір үйдегі он баланың бірі. Бала кезден бергі арманы әскери қызметте болып, елдің іргесін күзету болыпты. Бастапқыда тұрмыстық шарт-жағдай ондай арманға беттете қоймапты, кейін өзінің табандылығы мен патриоттық сезімі жеңіп ойлағанына қол жеткізіпті. 

– Ол кездегі адамдардың таным-түсінігі басқаша болатын. Ауылдан шыққан біз сияқты жігіттер ақша мен мансаптан гөрі адамгершілікті бірінші орынға қоятынбыз. «Арым – жанымның садағасы» дейтін өр мінезді, қайтпас қайсар жігіттер көп еді. Әскери міндетін өтемеу ұят саналатын. Қазір, керісінше, амалын тауып бармай қалуға тырысады. Бұл жалпы қоғамның, одан қалды ата-ананың намысына саятын дүние. Біздің кезімізде Отанға деген сүйіспеншілік үстем еді, – дейді ол. 

Отбасы жағдайына байланысты жоғары оқу орнына түсе алмай қап жатқан небір таланттар жетерлік. Досым да бастапқыда қара шаңырақта қалып, ата-анасының аяғын ыстық суға салуды жөн көріпті.

Оқып, ел үшін қызмет етсем деген асқақ арманы жетелеп, отбасы жағдайына қарамастан әскери міндетін өтеуге бел шешіпті. Ендігі ойы – артынан ерген жастарға өзінің осы күнге дейін жинаған тәжірибесін үйретіп, дұрыс жолға салу. Балаларын да елжанды, отансүйгіш етіп тәрбиелеу. Қоғамда осындай қарапайым әрі қызметке адал жандар көп болса үмітіміздің көкжиегі кеңіп, болашағымыз нұрлана түсер еді. 


Бектұрған ЛАҚАДЫЛ, «Soltüstık Qazaqstan».

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -