Отан қорғаушылар күнін және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 78 жылдығын мерекелеу аясында Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру қызметінің жас қызметкерлері салтанатты түрде ант қабылдады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ант қабылдау рәсімі Қарағанды қаласының Жеңіс саябағындағы Құтқарушылар аллеясында өтті.
Ант қабылдай отырып, әрбір жас қызметкер еліне, азаматтарына адал қызмет ету, игі іс – қиыншылыққа тап болғандарға қол ұшын беру, азаматтардың қауіпсіздігі мен қорғалуын қамтамасыз ету міндетін өз мойнына алады. Бұл игі миссияны қоғам қастерлейді және ерекше сұранысқа ие.
Жаңадан қабылданған қызметкерлер қызметтік міндеттерін абыроймен атқаруға ант берді. Олар Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасын сақтауға, мемлекет мүддесін қорғауға, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, мемлекеттік қызметші деген жоғары атақты абыроймен атқаруға ант берді.
Жаңа қызметкерлер салтанатты түрде ант қабылдап, Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің толыққанды қызметкері атанды.
Іс-шара бөлімшелердің жеке құрамының салтанатты маршпен өтуімен аяқталды.
Қарағанды облысында барлығы 66 жас өрт сөндіруші-құтқарушы Отанға адал болуға ант берді.