Қарағандыда бес қабатты тұрғын үйдегі өрт сөндірілді

45573
Фотосурет: Gov

Қарағандыда Әлихан Бөкейхан ауданында, 11-ші орамда бес қабатты тұрғын үйдің шатыры өртеніп кетті. Қазіргі уақытта ТЖД бөлімшелері өртті сөндіріп болды. 37 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Өрт туралы хабарлама ТЖД диспетчерлік пультіне бүгін сағат 14:59-да келіп түсті. Құтқарушылардың айтуынша, шатырдың ағаш тақтайшасы өртеніп кеткен. Өрт бесінші қабаттағы балконда пайда болған деп болжануда. Кейіннен от ғимараттың бүкіл шатырын шарпыған.  Болжалды ауданы – 840 ш. м. 16:23-те өрт жойылды. Өртті сөндіруге 88 адам, 17 техника жұмылдырылды.

Штаб ұйымдастырылды. Облыс және қала әкімдері оқиға орнында. Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев тұрғындарды уақытша баспанаға орналастыруды тапсырды.

– Адамдар эвакуацияланды. Өрт сөндірілді. Енді оның себептерін анықтау міндеті тұр, – деді облыс әкімі.

Оқиға орнында өрттің себептерін зерттеу үшін анықтау бөлімшелері жұмыс істеп жатыр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -