Негізгі жобаларды іске асыру: Ұлытау облысы даму жолында

36795
Фотосурет: Үкіметінің Баспасөз қызметі

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Ұлытау өңіріне 14 сәуірде жасаған жұмыс сапарының қорытындысы бойынша берген тапсырмаларының орындалу барысы Үкіметте орталық мемлекеттік органдар мен облыстық әкімдік басшылығының қатысуымен өткен кеңесте қаралды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Премьер-Министрге Сәтбаев қаласындағы жылу жүйелерін жөндеу, облыс орталығындағы жылу электр орталығының қазандықтарын жаңғырту, Жезқазған – Қызылорда және Жезқазған – Қарағанды автомобиль жолдарын күрделі жөндеу, сондай-ақ Үйтас-Айдос су құбырын күрделі жөндеу, Есқұла су құбыры құрылысын аяқтау және Жезқазған қаласындағы шаруашылық-ауыз су тазарту құрылыстарын қайта жабдықтау, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар салу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы баяндалды.

Сондай-ақ кеңесте Жезқазған мыс қорыту зауытын жаңғырту жобаларын жүзеге асыру барысы, агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларға жеңілдетілген несие беру және жалпы кәсіпкерлерді қолдау мәселелері қаралды.

Бұдан бөлек, өңірде жайлы мектептер, перинаталдық және онкологиялық орталықтар, сондай-ақ бірқатар спорт нысандарын салу мәселелері талқыланды.

Әлихан Смайылов Ұлытау облысының әкімдігі 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарында көзделген іс-шаралардың уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз ету керектігін айтты. Осы ретте ол инфрақұрылымдық жобалардың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуді және автожолдарды күрделі жөндеу жұмыстарын жеделдету қажеттігін айтты.

«Бүгінгі талқылауды ескере отырып, мүдделі мемлекеттік органдар мен Ұлытау облысының әкімдігі жұмыс сапарының қорытындысы бойынша берілген барлық тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз етуі тиіс» Әлихан Смайылов

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -