Шығармашылық взвод сарбаздары әскери ант қабылдады

1208
Фотосурет: ҚР ҚМ

Бұл оқиға еліміз Қарулы күштерінде алғаш рет осындай взводтың құрылуымен ерекшеленіп отыр. Ерекше бөлімше Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың бұйрығымен Ұлттық әскери-патриоттық орталық базасында құрылған болатын, деп хабарлайды DKNews.kz.

Салтанатты рәсімге Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың басшылығы мен жеке құрамы, Қарулы күштердің ардагерлері, сарбаздардың туыстары мен жақындары қатысты.

Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың бастығы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Әсенов жас жауынгерлерді айтулы оқиғамен құттықтады.

"Сендер Қарулы күштердің имиджіне ықпал етуге арналған ерекше бөлімде қызмет ету құрметіне ие болдыңдар. Бұл жерде ер жігіттей шыңдалып, бойдағы қабілеттеріңді дамыта аласыңдар. Сонымен қатар келешекте Қарулы күштердің шығармашылық ұжымдарында келісімшарт бойынша қызметтеріңді жалғастыруға да мүмкіндіктерің бар. Сендерге мерзімді қызметтен соң жоғары оқу орындарына ҰБТ тапсырмай түсу құқығы беріліп отыр. Осылайша, армия сендерге өз болашақтарыңды құруға негіз болмақ"  Арман Әсенов

Сарбаздар бір ай уақыт жас жауынгер курсынан өтті. Олар саптық, атыс, дене дайындықтарының, жалпы әскери жарғылардың негіздерін оқып, алғашқы практикалық атыстарды орындады.

Өскемендік Арсен Бақытбеков көпбалалы отбасынан шыққан. Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесін бітірген. "Жас қанат" және "Жас дарын" республикалық музыкалық конкурстарына қатысқан. Анасы – музыка мектебінде вокалдан сабақ береді. Әкесі – жеке кәсіпкер.

"Шығармашылық взводта кәсіби орындаушылардан вокалдық өнердің қыр-сыры туралы көп нәрсе білдім. Мерзімді қызметтен кейін Жүргенов атындағы Өнер академиясына түсуді армандаймын" Арсен Бақытбеков

Семей қаласынан шақырылған Сержан Жандыбаев төрт жасынан бастап бимен айналысады. Ол 2015 жылғы Silk Way халықаралық бал билері турнирінің екі дүркін чемпионы және Гран-при иегері. Мұқан Төлебаев атындағы музыка училищесінің түлегі. Отбасында – екі бала, анасы үй шаруашылығында, әкесі дәнекерлеуші болып жұмыс істейді. Сержан келешекте жоғары әскери білім алуды армандайды. 

Бөлімде хореографиялық, вокалдық-аспаптық және журналистік бөлімшелер бар. Яғни, мұнда музыканттар, вокалистер, бишілер, сондай-ақ журналистер SSM және мобилография саласында алғашқы тәжірибесі бар жастар қызмет өткереді.

Әскери ант қабылдау рәсімінен кейін взвод қолбасшылығы сарбаздардың ата-аналарымен кездесті. Оларға балаларының қызмет өткеру шарттары туралы егжей-тегжейлі айтып, хореографиялық, вокалдық сыныптар, концерт залы көрсетті. Қарулы күштердің мемлекеттік әскери-тарихи мұражайына экскурсия ұйымдастырылды.

Іс-шара Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың шығармашылық ұжымы мен елордалық құраманың әскери қызметшілері дайындаған концертпен аяқталды.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -