2023 жылдан бастап шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық салу режимдерінде қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлердің кірістерінен салықтарды төлеуден босату кезеңі аяқталды.
Осы 3 жыл ішінде дара кәсіпкерлердің саны 1,1 миллионнан 1,6 миллион адамға дейін өсті. Дегенмен, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлердің үлесі әлі де төмен деңгейде қалып отыр.
Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің Төрағасы Данияр Жанәлінов ОКҚ-де өткен баспасөз конференциясы барысында хабарлады.
2022 жылы бір дара кәсіпкердің орташа кіріс сомасы
9,2 миллион теңгені құрады, 2019 жылы бұл көрсеткіш
5,1 миллион теңгені құраған.
Бірыңғай төлем
Жалдамалы қызметкерлердің көрінбеуі - үлкен проблема күйінде қалуда, бұл болашақта зейнетақы және әлеуметтік төлемдерді ала алмау, медициналық қызмет алудағы шектеулер түріндегі әлеуметтік салдарға әкеп соғады.
Бүгінгі таңда 1,2 миллион дара кәсіпкерде жалдамалы жұмысшылары жоқ, ал 89,3 мың дара кәсіпкерде 1 ғана жалдамалы қызметкері бар. Кәсіпкерлердің тек 9,5 пайызында 5-тен астам қызметкері бар.
Кәсіпкерлердің қызметкерлерді «көлеңкеден» шығаруға ынталандыру мақсатында 2023 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еңбекақы төлеу қорының 20 пайызы мөлшерінде жалақыдан бірыңғай төлем енгізілді.
Бұл еңбекақы төлеу қорына жүктемені едәуір төмендетіп, төлемді жеңілдетті. Бірыңғай төлем бір төлеммен енгізіледі, одан әрі бөлуді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жүргізеді.
Бүгінгі таңда 491 кәсіпкерлер бірыңғай төлем төлеуде, оның ішінде бұрын жалдамалы жұмыскерлер көрсетпегендер саны - 35.
Яғни, жалдамалы жұмысшыларды көрсету біртіндеп ашылып келеді.
Бөлшек салық
Тағы бір проблема - кәсіпкерлердің кірістерді толық көрсетпеуі не арнайы салық режимін сақтау және қосылған құн салығы шегінен асып кетпеу үшін бизнесті бірнеше дара кәсіпкерлікке бөлу.
Кәсіпкерлерді көлеңкеден шығаруға ынталандыру үшін заңнамалық жағдайлар жасаудағы үлкен қадамы 2023 жылдан бастап жаңа форматта бөлшек салықты енгізу болды.
Өздеріңіз білетіндей, пандемия кезінде бұл салық экономиканың зардап шеккен секторлары үшін уақытша енгізілді, ол 114 қызмет түрін қамтыған.
Қазір рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесі бөлшек саудаға және негізінен халыққа қызмет көрсетуге байланысты 190 қызмет түрін қамтиды.
Шекті табыс 600 мың айлық есептік көрсеткіш немесе
2 миллиард 70 миллион теңгені құрайды. Осы шектің шеңберінде кәсіпкер қосылған құн салығының төлеушісі болып табылмайды, бұл бұрын бизнесті бөлудің негізгі себебі болған.
Кәсіпкер 200-ге дейін жұмысшыны жалдауға және олар үшін жоғарыда айтқандай бірыңғай төлемді қолдануға құқылы.
Жеңілдетілген декларация режимімен салыстырғанда, мөлшерлеме қосылған құн салығы бойынша шығындарды ішінара өтеу үшін небәрі 1 пайызға көтерілді және 4 пайызды құрайды. Жалпы алғанда, осы 4 пайызға 3 салық кіреді: табыс, әлеуметтік салық және қосылған құн салығы.
Сондай-ақ, жергілікті мәслихаттар жекелеген салалар үшін мөлшерлемені 2 пайызға дейін төмендетуі мүмкін. Яғни, біз жергілікті өзін-өзі басқару органдарының рөлін арттырдық, мөлшерлемені реттеу арқылы белгілі бір саланың дамуын ынталандыруға мүмкіндік бердік.
Сондай-ақ, ірі кәсіпорындардың салығын төмендету үшін дара кәсіпкердерді пайдалануын болдырмау мақсатында шығыстарды сатып алушы шегерімге жатқызған кезде салықтың жоғары мөлшерлемесі белгіленді – бұл 8 пайыз.
«Яғни, біз бұл режимді салықтан жалтарудың жаңа схемаларын жасаудан гөрі, адал бизнесті пайдалану үшін жасадық. Бүгінгі таңда 3 390 кәсіпкер осы режимге көшті және біз болашақта бұл режимнің кеңінен таралуын күтеміз», - деді Д. Жанәлінов.
Платформалық жұмыспен қамту және электронды сауда алаңдары бойынша пилоттық жоба
Спикер салық салудың сервистік моделі шеңберінде жүргізілетін жұмыс туралы айтып өтті.
Қазір 2 пилоттық жоба дайындалды, бұл:
1) платформалық жұмыспен қамту бойынша пилоттық жоба, ол қазірдің өзінде іске асырылуда;
2) және электрондық сауда бойынша жоба, 1 шілдеден бастап жоспарлануда.
Платформалық жұмыспен қамту бойынша пилоттық жоба қазірдің өзінде іске асырылуда, салық органдарының, Еңбек және Цифрлық даму министрліктерінің ақпараттық жүйелерінің және «Яндекс» интернет-платформасының интеграциялық жұмыстары жүргізілуде, олармен бүгінгі күні келісімге қол қойылды.
Бұл өте үлкен жұмыс.
Өздеріңіз білетіндей, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде, мысалы, такси қызметін көрсету кезінде такси жүргізушісі міндетті түрде кәсіпкер болуы немесе таксопарк штатында болуы керек.
Әрине, егер төлем сомаларын салыстырсаңыз, дара кәсіпкер ретінде тіркелу тиімдірек болады. Бүгінгі күні такси жүргізушілерінің көпшілігі заң алаңынан тыс. Осы қызмет түрі бойынша барлығы елімізде 16 811 дара кәсіпкер тіркелген.
Басқалар дара кәсіпкер де емес, таксопарктердің қызметкерлері де емес, тиісінше әлеуметтік жағынан қорғалмаған.
МКК азаматтардың парасаттылығына сенеді және көп жағдайда қаржылық сауатсыздық пен кәсіпкерлікті тіркеумен байланысудан қорқу салық міндеттемелерін орындауға кедергі келтіреді деп санайды.
Сондықтан пилоттық жоба шеңберінде дара кәсіпкерлікті қарапайым және түсінікті интерфейсте тіркеуден тікелей серіктестік интернет-платформаға өтуге болады. Кейіннен кәсіпкер дербес есеп айырысудан және салық төлеуден босатылады. Мұның бәрін ол үшін интернет-платформа жасайды.
Осылайша, артық әкімшілік кедергілерсіз азамат салық міндеттемелерін орындайды, әлеуметтік кепілдіктер мен медициналық көмекке қол жеткізеді.
Жаңа Салық кодексі шеңберінде тек интернет-платформаларда жұмыс істеген кезде дара кәсіпкерлікті тіркеуді алып тастау мәселесі қаралады, азамат жай ғана тәуелсіз қызметкер болады, ол үшін барлық міндеттемелерді платформа орындайды.
Интернет-сауда бөлігіндегі пилоттық жобаны
1 шілдеден бастау жоспарлануда. Осы жоба шеңберінде сауда-интернет алаңдары сату туралы деректерді Мемлекеттік кірістер комитетіне, ал Комитет өз кезегінде барлық интернет алаңдардан деректерді жинап, деректерді кәсіпкерлерге қызмет көрсететін әріптес-банктерге береді.
Алынған деректер негізінде банк ай сайын салық сомасын есептейді және клиентке төлеу үшін пуш-хабарлама жібереді. Ал салық кезеңінің қорытындысы бойынша салық декларациясын толтырады.
Бұл, біріншіден, кезең ішінде салық сомасын бөліп төлеуге мүмкіндік береді, екіншіден, салық есептілігін тапсыруды жеңілдетеді.
Бүгінгі таңда 80 мыңнан астам кәсіпкер тауарларды интернет-алаңдар арқылы сатады.
Спикер барлық пилоттық жобаларға қатысу тек ерікті болып табылатынын ерекше атап өтті.
Мобильді аударымдар
Тағы бір проблема - тіркеусіз қызметті жүзеге асыру, кәсіпкерлердің туыстарының жеке карточкалық шоттарына аударымдарды қабылдау.
Комитет осы жылдан бастап банктік деректерге сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру белгілері бар тұлғалар туралы мәліметтерді ала бастады.
Кәсіпкерлік қызмет белгілері бар операцияларға жатқызу критерийлері жеке тұлғаның қатарынан үш күнтізбелік айдың әрқайсысында 100 және одан да көп әртүрлі тұлғалардан жеке банктік шотқа (кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға арналмаған) ақша қаражатын алуы болып табылады.
Банктерден ақпарат кезең-кезеңімен:
1) 2023 жылдан бастап – мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары бойынша;
2) 2024 жылдан бастап – мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары бойынша;
3) 2025 жылдан бастап – жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары және олардың жұбайлары бойынша;
4) 2026 жылдан бастап – халықтың қалған бөлігі бойынша берілетін болады.
Осылайша, бүгінгі таңда ақпарат тек мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары, яғни жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңінің декларанттары бойынша алынды.
Қазір әлеуметтік желілерде осы мәселе бойынша жеке тұлғалардың атына Комитет шығаратын хабарламалар туралы мәселе ара-тұра көтеріліп жүр.
Бүгінгі күні Мемлекеттік кірістер комитеті ешқандай хабарламалар жіберген жоқ, бұл жалған ақпарат.
Қазіргі уақытта МКК келіп түскен деректерді өңдеп, талдауда.
Бірыңғай жиынтық төлем
Бірыңғай жиынтық төлем бастапқыда дара кәсіпкер ретінде тіркелмеген өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін, егер олар тек жеке тұлғаларға қызмет көрсетсе және олардың кірісінің сомасы жылына 4 миллион теңгеден аспаса, 5 жылға (2019 жылдан 2023 жылға дейін) уақытша енгізілді.
Бірыңғай жиынтық төлем енгізудің негізгі және жалғыз мақсаты – өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, әлеуметтік сақтандыру және зейнетақымен қамсыздандыру жүйелеріне тарту. Сондықтан бұл төлемдері төмен, жеңілдік кезеңі болды. Және ол аяқталуда.
Қазір, белгілі болғандай, жеке тұлғалардың кірістерін декларациялауды кезең-кезеңімен енгізуі жүріп жатыр, онда кірістің мөлшерін көрсету қажет. Бұрын кәсіпкерлік қызметті тіркемеген азаматтар кәсіпкер болуды немесе жалдамалы қызметкер болуды таңдауы керек.
Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда тиісті салық режимін таңдау қажет.
Жеке қызметтерді көрсету кезінде ең тиімдісі – арнаулы мобильді қосымшаны пайдаланатын салық режимі болып табылады, ол чек беруге мүмкіндік береді, сіз үшін салықтар мен төлемдерді есептейді, бұл ретте декларация ұсынылмайды.
Бюджетке төлемі алынған кірістен 1 пайызды құрайды, бұл жеке табыс салығының мөлшерлемесі. Жеңілдікті санаттарға жатпайтын кәсіпкердің әлеуметтік төлемдерінің ең төменгі сомасы 14 350 теңгені құрайды. Бұл кәсіпкердің пайдасына түсетін төлемдер.