Елордадағы Триатлон паркінде Алматы ауданының спорттық секциялары арасында еркін және грек-рим күресі, қазақша күрес пен дзюдо бойынша фестивальдің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Спорттық іс-шара Астана күніне орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Турнирдің мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салты мен бұқаралық спортты насихаттау.
Алғашқы күні еркін және грек-рим күресі, дзюдо және қазақша күрестен жарыстар өтті. Оған 8 бен 18 жас аралығындағы 100-ден астам спортшы қатысты. Әсіресе қазақша күрес бойынша өткен белдесулер көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Жарысқа қатысушылар тек күш-қайратын ғана емес, қарсыласына деген құрмет пен көне дәстүрлер рухын да көрсетті. Жас балуандарға қолдау білдіруге жаттықтырушылар, ата-аналар мен аудан тұрғындары келді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге мақтау қағаздары мен медальдар табысталды.