«Ешкім де генерал болып тумайды, генералдар да солдаттан өсіп шығады»
Бауыржан Момышұлы
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының академиясы құқықтық тәртіп әскерлері мен елдің басқа да әскерлері мен әскери құралымдары үшін жоғары білікті офицерлерді даярлауды жүзеге асыра отырып, өзіне жүктелген міндеттерді лайықты орындайды. Осы орайда академияның оқу бөлімшелерінің командирлері болашақ офицерлерді оқыту мен тәрбиелеу ісіне елеулі үлес қосады.
“Командир - аға, солдат - іні” деп даңқты қолбасшы, атақты жауынгер, қазақтың Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы атамыз айтпақшы, командир өз жеке құрамының қамқоршысы, арқа сүйер ағасы десек артық етпейді. Солардың бірі Ұлттық ұлан академиясы 1 оқу батальоны 2 оқу ротасының командирі майор Ерхан Жанысов.
Ерхан Жанысов 1990 жылдың 21 сәуірінде Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына қарасты Дәуқара ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі - Берік Сүйіндікұлы жүргізуші, анасы – Ләйла Кайкенқызы облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінде тілші болып қызмет атқарған. Ерхан отбасындағы кенжесі, өзінен басқа әпкесі Ақмарал бар.
Орта білімді Петропавл қалалық қазақ классикалық гимназиясынан алған. Сөйтіп, мұндағы оқуын 2007 жылы жақсыға тәмамдаған Ерхан кейін арманы жетелеп Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің Әскери училищесіне (қазіргі Ұлттық ұлан академиясына) оқуға түседі. «Ішкі әскерге тактикалық басшылық» мамандығын алып 2011 жылы оқу орнын тәмамдайды.
Аз да болса әскери өмірдің қыр сырын меңгерген Ерхан Берікұлы нағыз әскери қызметкер өмірін енді бастайды. Алғашқы жұмыс орны Өскемен қаласында 5518 әскери бөлімінде басталды. Кейін Өскемен қаласындағы 6699 әскери бөлімі және осы әскери бөлімге қарасты Шемонайха қаласындағы 4 жеке атқыштар ротасы командирінің бақылаушылар қызмет жөніндегі орынбасары лауазымында қызмет атқарды.
Осы кезде әскери борышын атқара жүріп өзінің әскери іске деген ұқыптылығымен және де командирлердің қойылған тапсырмаларын орындау кезінде үлкен жауапкершілігімен көзге түсе бастады.
Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде қызмет атқарып, 2018 жылы өзі білім алған Әскери институтқа (академияға) 1 оқу батальонының взвод командирі болып жұмыс орнын ауыстырды. 2021 жылдың шілде айынан бастап 1 оқу батальоны 2 оқу ротасының командирі. Ерхан Берікұлы сүйікті жар, ардақты әке, екі қыз және бір ұл бала тәрбиелеп отыр. Жұбайы Мадина Қабиқызы командиріміздің қызметіне түсіністікпен қарап, қиын уақыттарда қолдау көрсететін жұбанышы.
Ерхан Берікұлы академия қабырғасында болашақ офицерлерді тәрбиелеп, жеткен жетістіктері де аз емес. 2018 жылы Ұлттық ұлан академиясында өткізілген «Үздік взвод командирі» байқау-сайысында 1 орынға иеленген.
Ең әуелде Ерхан басқаратын рота білім ордасында тәртіптілігі әрі үздік оқуымен ерекшеленеді және заңдылық пен тәртіптің сақталуы жағынан үздік бөлімшелердің бірі болып табылады.
Сондай-ақ офицердің кеудесінде 10 және 15 жылдық «мінсіз қызметі үшін» медалі, ІІ дәрежелі «Қайсар» кеуде белгісі және ҚР Ішкі істер министрі мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының атынан бірқатар марапаттары да бар.
Бұл жетістіктерге жету әрине оңайлықпен келген жоқ, рота командирінің күн сайынғы аянбай еңбек етіп, көп уақытын отбасымен бірге емес, жеке құраммен өткізіп, әрдайым әскери тәртіп пен әрбір курсанттың әскери қызметке деген жауапкершілікті сезінуінің талап етуінің жемісі. Майор Ерхан Жанысов Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген қағиданы үнемі қол астындағы жеке құрамның есіне салады.
«Командирлік өнердің басты міндеті – сарбаз көңілін табар кілтті табу» деп, Бауыржан Момышұлы бекер айтпаған, курсанттың көңілінен шығу нағыз өнер мен шеберлікті талап етеді. Бұл қасиет Ерханнан да кездеседі, ол үнемі ата – аналарынан жырақта жүрген курсанттарға әрдайым жылы қабақ танытып, ағалық ақылын айтып, көңілін табуға тырысады. Білімді де білікті офицер болуымыз үшін бар білгенін үйретіп, дұрыс тәрбиелеп келеді. Әрине, осындай рота командирі басқаратын ротада білім алып, тәрбиеленіп жатқанын курсанттар мақтан етеді.
Қорыта келе, Ерхан Берікұлының еңбек жолын біле отырып, оны өз ісіне адал офицер деп айтуға болады. Оның таланты мен ерекше командирлік шеберлігі академияның көптеген офицерлері үшін үлгі болып табылады.
Аға лейтенант Олжас Әділбек
Петропавл қ.