Шүберекке түйілген тағдыр

4158
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Көк аспанның көзге көрінер-көрінбес тұсынан үш түйір мақта төмен құлап келе жатқандай көрінді. Жақындаған сайын жаңағы ноқат ұлғайып, біресе шарға, енді бірде ақ допқа ұқсағандай болады. Таң енді қылау бере бастаған сәтте, ұйқыдан ісінген көзді уқалап, қайта үңілсек, жерге қарай құлдилап келе жатқан парашют асынған 3656 авиациялық бөлімінің командирі полковник Дмитрий Бастер екен.

Сөйтсек, елорданың солтүстік беткейіндегі айналма жолдың арғы бетінде орналасқан айлаққа Ұлттық ұланға қарасты 3656 әскери бөлімінің әскери қызметшілері жинала қалыпты. Олардың басты мақсаты – жыл сайынғы шеберліктерін арттырып, норматив тапсырмаларын орындау.

Күн шықпастан бұрын аэрадромға келіп үлгерген әскерилер алдымен ауа температурасы мен ылғал мөлшерін және желдің екпінін тексеріп алды. Саптық жиын барысында жеке құрам түгенделді. Сондай-ақ күн райы мен құрал-жабдықтардың әзірлігі жайлы ақпарат авиабаза басшылығына баяндалды.  3656 әскери бөлімінің командирі полковник Дмитрий Бастер және ҚР ҰҰ БҚ қамтамасыз ету орталығының авиациялық қамтамасыз ету қызметінің аға офицері подполковник Ержан Абдыков оқу-жаттығуға келген әскерилерге қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, сәттілік тіледі.

Сөз басында айтқанымыздай, ең бірінші болып 800 метр биіктіктен полковник Дмитрий Анатольевич секірді. Бірінші болу – әркез тәуекелді қажет ететін, батыл қадам. Бұл ретте командир қол астындағы қызметкерлерге үлгі көрсетті.

- Ендігіде ІІМ 2023 жылғы 17 сәуірдегі № 300 бұйрығына және Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының биылғы жылдың 26 шілдесіндегі  № 343 бұйрығына сәйкес 3656 әскери бөлімінің  авиациялық қызметшілері өздігінен тұрақты түрде парашютпен секіру жаттығуларын орындап тұратын болады. Бұрындары мұндай іс-шараларды өзге әскер түрлерімен бірлесе отырып өткізсек, биыл алғаш рет Ұлттық ұлан өз әлеуетін көрсетіп отыр. Сондықтан МИ-171 тікұшағының көмегімен Д-1-5у парашютін қолдана отырып, минималды норматив көрсеткіштерін орындап жатырмыз. Осы ретте айта кетейік, аталған әскери бөлімнің командирі ретінде мен де алғаш рет парашюттен секірдім. Әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Секірген кездегі қобалжуға қарағанда, секіргенге дейінгі сәт көбірек алаңдатты, - деді бөлім командирі.

22-24 тамыз аралығында өтетін оқу-жаттығу барысында барлығы 35 әскери қызметші 2 реттен норматив тапсырмаларын орындайды. Олардың әзірліктері мен қауіпсіздіктері қайта-қайта қатаң бақылауға алынған. Әр жаттығудан бұрын олар медициналық тексерістен екі қайтара өтіп, физикалық дайындықтарын растайды.

- Мен сарбаз болып жүріп те Д-6 парашютімен төрт мәрте секірген едім. Бүгін қазіргі қызметтегі бірінші жаттығуымды орындадым. Осы арқылы парашютпен секіру жөніндегі біліктілігімді бөлімдік дәрежеге көтердім. Жалпы мен осындай жаттығулар кезінде ашылған парашюттерді қайта жинау және оларды мұқият қадағалау жұмыс
тарымен шұғылданамын. Бұл ісім – қауіпсіздік шараларының басты қағидаларына жатады, - деді құтқару және парашюттік десанттік топтың аға маманы сержант Юбилей Кашкинбаев.

Биіктен алғаш рет секіргендердің арасында әуе жолсерігі эфрейтор Жанар Кубенова да болды.

- Бір апта бойы жасаған жаттығуларымыздың пайдасы тиді. Жерге еш кедергісіз, қиналмай қондым. Дәл қазір бойымды ерекше бір сезім билеп тұр. Өзімді ұлан-ғайыр даланың еркін құсы тәрізді сезіндім деуге болады, - деді топ етіп жерге қонған сәтінде-ақ әсерімен бөліскен Жанар Кубенова.

Әскери бөлім басшылығы мұндай жаттығулар әскери қыз-
метшілердің қиын жағдайлар туындаған сәтте әуе кемесінен секіру машықтарын шындауға әсер ететінін айтып отыр. Сондай-ақ ауа райының өзгерістерін бағамдауға да үйретеді.  Мәселен, күн көкжиектен біршама көтерілген сәтте желдің ұшу бағыты да құбылып, екпіні арта түскен еді. Жаттығу бірден тоқтатылып, үзіліс жарияланды. Осы аралықта қолданылған парашюттер мұқият оралып, келесі адамға әзірленіп жатты.

- Қазір жел сәл күшейіп кетті. Қарқыны қалай басылады, солай іске қайта кірісеміз. Бұған дейінгі тапсырмаларды орындау кезінде ешкім қолайсыз жағдайға немесе қателікке ұрынған жоқ. Барлығы штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Әскерилердің нәтижелері қанағаттанарлық деңгейде, - деді жаттығу барысын баяндаған капитан Даниил Зайцев.

Жел екпіні белгіленген нормаға сай қалыпқа түскен соң жаттығу жұмыстары қайта жалғасты. Парашютін арқасына асынған әскерилер тікұшаққа қарай жүгіріп барады. Сырт көзге бәрі оңай көрінгенмен бұл жаттығулар қауіпті саналады. Сондықтан да адам да, парашют те, техника да жіті қадағаланып отыр. Қазақы қалыпқа салып айтсақ, бұл жердегі әр адамның тағдыры оралған шүберектің беріктігі мен дұрыс орналасуына тікелей байланысты. Сондықтан көк тарландары парашют арқалап бара жатыр дегеннен гөрі, жауапкершілік арқалап барады десек әлдеқайда орынды айтқан болар едік. Әзірге Ұлттық ұланның тарландары жарап тұр. Лайым, сол абыройдан айырылмасын!

Қатардағы

Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -