2023 жылғы 21-25 тамыз аралығында Қарағанды қаласында жауынгерлік қарудан оқ ату бойынша Қазақстан чемпионаты өтті.
Чемпионатқа "Оңтүстік", "Орталық", "Батыс", "Шығыс" өңірлік қолбасшылықтарынан, Ұлттық ұлан Академиясынан және 5573, 6654 әскери бөлімдерінен келген 35 әскери қызметші қатысты.

Осы жарысқа қатыспас бұрын қатысушылардың әрқайсысы өздерінің әскери бөлімдері мен аймақтық қолбасшылықтарында іріктеуден өтті.
"Бұқаралық спортты дамытуға құқықтық тәртіп әскерлерінде айтарлықтай көңіл бөлінеді. Оқ ату бойынша жарыстар әскери қызметшілердің бойындағы мақсатқа ұмтылу, табандылық таныту, шыдамдылық көрсету және өзін-өзі бақылау сияқты қасиеттерді жетілдіруге әсер етеді" Генерал-майор Нұрбол Миртаев
Чемпионаттың ашылуына Ұлттық ұлан батырларының ата-аналары: Мадияр Қайсаровтың әкесі - Оразалы Бейспеков және Айбат Амановтың анасы-Төлеуова Гүлназ қатысты. Олар спортшыларға сәттілік тілеп, ұлдарының жетістіктерін еске алғаны үшін алғыс айтты. Ата-аналар сөз сөйлегеннен кейін әскери қызметшілер, чемпионатқа қатысушылар мен қонақтар Мадияр Қайсаров пен Айбат Амановты бір минут үнсіздікпен еске алды.

Біріншілікте ерлермен қатар әйел әскери қызметшілер де сайысқа түсті.
Қатысушылар 25, 100 және 300 метр қашықтық бойынша бақ сынады.
Жарыс командалық және жеке сында өткізілді. Қатысушылар Драгунов мергендік мылтығы мен Макаров тапаншасынан оқ атты.
Жарыстың жекелеген түрлерінде үздік нәтижелер тіркелді:
№2 атыс жаттығуында "Оңтүстік" ӨңҚ капитаны Айман Қайназарова, №3 атыс жаттығуында "Батыс" ӨңҚ майоры Роман Абдрахманов, № 4 атыс жаттығуында "Батыс" ӨңҚ ефрейторы Омар Асқар өзін жақсы көрсетті. №5 атыс жаттығуында кіші сержант Оксана Борсай үздік атанды ("Орталық" ӨңҚ), №6 атыс жаттығуында – ҚР Ұлттық ұлан Академиясының подполковнигі Роман Гроскоп, Калашников автоматынан орындалған № 3 атыс жаттығуында - "Шығыс" ӨңҚ-нан келген қатардағы Әділ Жақсыбаев, Драгунов мергендік мылтығынан № 1 атыс жаттығуында - "Батыс" ӨңҚ-нан келген қатардағы жауынгер Даврон Раймжанов жаұсы көрсеткішке ие болды.

Командалық біріншіліктің қорытындысы бойынша: 1 орынды "Батыс" ӨңҚ командасы, 2 орынды "Орталық" ӨңҚ командасы иеленді, ал қола Ұлттық ұлан Академиясының командасына бұйырды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, медальдармен, грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
"Орталық" өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары
полковник Ілияс Сағандықов