Қазақстан ІІМ басшылығында кадрлық өзгеріс болды. Полиция генерал-лейтенанты Игорь Лепеха төрт жылдан астам уақыт атқарған ішкі істер министрінің орынбасары қызметінен босатылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті өкімге қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Аудандық бөлімнен министрлік басшылығына дейін
Игорь Владимирович Лепеха 1962 жылғы 20 қарашада Қарағанды облысының Осакаровка кентінде дүниеге келген. Қарағанды политехникалық институтын инженер мамандығы бойынша тәмамдап, кейін Ресей Федерациясы ІІМ академиясында заңгер мамандығын алған.
Оның ішкі істер органдарындағы еңбек жолы төрт онжылдықты қамтиды. 1986 жылы Теміртау қалалық ішкі істер басқармасы саяси бөлімінің аға нұсқаушысы болып жұмыс істеген. Кейін Қарағанды облысының полиция бөлімшелерінде басшылық қызметтер атқарған.
2005–2009 жылдары Қарағанды облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары болды. Одан кейін Қазақстан ІІМ-нің орталық аппаратына ауысты.
Әкімшілік полицияны жеті жыл басқарды
Лепеханың кәсіби қызметінің едәуір бөлігі қоғамдық қауіпсіздік, патрульдік қызмет және әкімшілік полиция салаларымен байланысты.
2011–2018 жылдары Қазақстан Республикасы ІІМ Әкімшілік полиция комитетін басқарды. Кейін министрліктің Штаб-департаментіне жетекшілік етіп, 2020 жылдың наурызында ведомство аппаратының басшысы болып тағайындалды.
2022 жылғы 6 қазанда Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің орынбасары қызметіне кірісті.
Генерал-лейтенант атағы және мемлекеттік наградалары
2023 жылдың мамырында Игорь Лепехаға полиция генерал-лейтенанты арнаулы атағы берілді.
Ол II дәрежелі «Даңқ» орденімен және «Еуразиялық экономикалық одақты дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталған.
Мемлекет басшысының өкімінде Лепеханың ішкі істер органдарындағы қызметін жалғастыратыны немесе оның орнына кім тағайындалатыны туралы ақпарат берілмеген.
Бұған дейін біз Игорь Лепеханың қатысуымен өткен кеңесте талқыланған Қазақстандағы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесіндегі өзгерістер туралы жазған едік.