Қор нарығын дамытуды ілгерілету: сенаторлар АХҚО-мен кездесуде

5093
Фотосурет: Сенаттың Баспасөз қызметі

Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары «Астана» халықаралық қаржы орталығында болды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Сенаторлар сапар барысында биржаның және АХҚО қаржы қызметтерін реттеу комитетінің қызметімен танысты.

Сенат комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауында қор нарығын одан әрі дамыту жөнінде міндеттер қойғанын атап өтті.

«Президент атап өткендей, қазіргі уақытта Қазақстанда бір-бірін қайталайтын, кейде бір-бірімен бәсекелесетін екі қор биржасы жұмыс істейді. Мемлекет басшысы ішкі нарықтың сыйымдылығы мен тартымдылығын арттыру мақсатында осы биржалардың әлеуетін бірыңғай басқаруғабіріктіру мәселесін пысықтау міндетін алға қойған болатын. Біз Парламент депутаттары ретінде қажет болған жағдайда заңнамалық деңгейде жәрдемдесуге дайынбыз» Сұлтанбек Мәкежанов

Шара барысында «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров баяндама жасады. Ол парламентшілерге орталықтың жұмысы туралы айтып берді. Оның айтуынша, АХҚО 2,3 трлн АҚШ доллары мөлшеріндегі жиынтық ЖІӨ-мен ТМД-ның қарқынды өсіп келе жатқан нарығына қол жеткізуді қамтамасыз ете отырып, стратегиялық жағдайға ие болып отыр.

Кездесу барысында қатысушылар сондай-ақ бағалы қағаздар нарығының өзекті мәселелерін, капитал нарығын дамытудағы, инвестиция тартудағы, сондай-ақ басқа да қаржыландыру көздеріндегі АХҚО-ның рөлін талқылады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -