Елге қызмет ету – ерге міндет, ұрпаққа өнеге

858
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Әскери қызмет – адамның өмірін түгелдей өзгертетін, оның бойына тәртіп пен жауапкершілікті, табандылық пен төзімділікті сіңіретін қасиетті жол. Бұл жолда қызмет атқарған әрбір офицердің артында ел алдындағы еңбегі, тәрбиелеген шәкірті, берген тәлімі мен кейінгі буынға қалдырған өнегесі қалады. Осындай ғибратты ғұмыр иелерінің бірі – полковник Балғымбаев Ерден Еркінұлы.

Ерден Еркінұлының әскери жолы сонау 1995 жылдың 1 тамызында басталды. Алматы жоғары шекара командалық училищесінің курсанты атанған жас жігіт сол кезден бастап өмірін Отан қорғау ісіне арнады. 1999 жылы училищені «Бөлімшелердің қызметтік-жауынгерлік қызметін басқару» мамандығы бойынша тәмамдап, офицерлік қызметке кірісті.

Алғашқы қызмет орны – Алматы қаласында орналасқан нөмірі 7552 әскери бөлімі еді. Взвод командирі, рота командирінің ТжӘҚЖЖ орынбасары, рота командирі, штаб бастығының орынбасарына, 2 - ші атқыштар батальонының штабы бастығы, содан әскери бөлімнің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі бөлім бастығына дейін жалғасты. Әскери өмірдің талай белесінен өткен офицер үшін бұл лауазымдар жай ғана қызмет сатылары емес еді. Әрбір жаңа міндет – жаңа жауапкершілік, әрбір әскери ұжым – жаңа мектеп болды.

«Жақсының жүрген жері – өнеге» дейді дана халқымыз. Ерден Еркінұлының қызмет жолына көз жүгіртсек, осы нақылдың мәнін аңғаруға болады. Ол командирлік қызметпен қатар, әскери қызметшінің рухани ахуалына, оның әлеуметтік жағдайына, тәртібі мен отансүйгіштік қасиетіне ерекше мән беретін офицер ретінде қалыптасты.

2009 жылдан бастап оның қызметтік жолы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс бағытымен тығыз байланысты болды. Әскери қызметшілермен жұмыс істеудің қыр-сырын терең меңгеріп, жеке құрамның моральдық-психологиялық ахуалын нығайту, әскери тәртіпті сақтау, ұжымдағы өзара сыйластық пен ауызбіршілікті қалыптастыру бағытында мол тәжірибе жинақтады. 2011 мен 2013 жыл аралғында Тараз қаласындағы нөмірі 5513 әскери бөлімінде командирдің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарса, кейін 2013 жыл мен 2016 жыл аралығында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлері Бас басқармасында әлеуметтік-құқықтық жұмыс бағыты бойынша  қызметін жалғастырды.

2016–2019 жылдары Қарағандыдағы нөмірі 6505 және Астанадағы нөмірі 5573 әскери бөлімдерінде командирдің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарып, практикалық тәжірибесін одан әрі шыңдады.

 Әскери маман ретінде білімін жетілдіруге де әрдайым мән берген Ерден Еркінұлы 2019–2021 жылдары Мәскеу қаласындағы Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Әскери университетінм «Алтын белгіге» бітіріп, «моральдық-психологиялық қамтамасыз етуді ұйымдастыру» бағыты бойынша кәсіби даярлығын жетілдірді.

Білім мен тәжірибені ұштастыра білген офицер 2021 жылдан бастап Батыс өңірлік қолбасшылығында тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс басқармасының бастығы қызметін атқарып, әскери ұжыммен жұмыс істеудің жоғары деңгейдегі мектебінен өтті. Ал 2024 жылдың 10 сәуірінен бастап оның әскери өміріндегі жаңа кезең басталды. Ерден Еркінұлы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Академиясы бастығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды. Петропавлдағы әскери оқу орны оның қызмет жолындағы тағы бір маңызды белеске айналды.

Ұлттық ұлан Академиясы қабырғасында ол курсанттардың кәсіби маман ретінде ғана емес, ел мен жердің қадірін білетін, әскери антқа адал, жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасуына ерекше көңіл бөлді. Жас офицерлермен жұмыс істеп, олардың бойындағы көшбасшылық қасиеттерді дамытуға, әскери тәртіп пен ішкі мәдениетті нығайтуға, ұжымдағы өзара құрмет пен жауапкершілікті арттыруға өз үлесін қосты. Тәрбие жұмысының мәні – бір күндік нәтиже емес. Оның жемісі уақыт өте көрінеді. Бүгінгі курсант – ертеңгі офицер, ал бүгін айтылған ақыл мен көрсетілген үлгі оның ертеңгі қызметінде жалғасын табады.

Сондықтан да «Ұстаздан шәкірт озар» деген халық даналығы әскери тәрбие саласына да тікелей қатысты. Ерден Еркінұлының саналы ғұмырының елеулі бөлігі жас әскери қызметшілерді тәрбиелеуге арналды. Оның талапшылдығы мен әділдігі, сабырлылығы мен қарапайымдылығы, ең бастысы – адамға деген құрметі әріптестері мен жас офицерлерге үлгі болды.

Ол үшін әскери қызмет – тек погон мен лауазым емес, ең алдымен Отан алдындағы жауапкершілік. Осы ұстаным оның бүкіл қызметтік жолынан анық байқалады.

Алайда ұзақ жылдарға созылған әскери жолды тек қызметтік жетістіктермен өлшеу аз. Әскери адамның әрбір жетістігінің артында оның отбасының да үлесі, түсіністігі мен төзімі тұрады. Өйткені әскери қызмет – тек сарбаздың немесе офицердің ғана емес, оның отбасының да өмір салтына айналатын жауапты жол.

Ерден Еркінұлының отыз жылдан астам уақытты қамтитын әскери қызметінде отбасының орны айрықша. Жұбайы Әсел Маратқызы жылдар бойы әскери өмірдің жауапкершілігі мен өзіндік қиындығын бірге көтеріп, отбасының береке-бірлігін сақтап, жарын әрдайым қолдап отырды. Қызмет бабымен бір қалада тұрақтап қалмай, түрлі әскери бөлімдер мен өңірлерде еңбек ету, оқу, жаңа қызмет орындарына ауысу – мұның барлығы әскери отбасы үшін оңай сынақ емес. Осындай сәттерде шаңырақтың шырағын жағып, бала тәрбиесі мен отбасының тынысын бір арнада ұстап отыратын жанның еңбегі өлшеусіз. Қазіргі таңда Академиямязда өз қызметін жалғастыруда.

«Жақсының жүрген жері – өнеге» дейді дана халқымыз. Бұл сөз Ерден Еркінұлы Балғымбаевтың өмір жолына да лайық. Отыз жылдан астам уақытын әскери қызметке арнаған азаматтың еңбек жолындағы ұстанымдары мен өмірлік құндылықтары өз отбасында да жалғасын тауып келеді.

Ерден Еркінұлы мен Әсел Маратқызы төрт перзент тәрбиелеп өсірді. Тұңғыштары Әлішер, қыздары Альфия, Тамирис және Райяна – отбасының басты қуанышы әрі өмірлік мақтанышы.

Тұңғыштары Әлішер 25 жаста. Ол Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік академиясын 2025 жылы тәмамдап, бүгінде Семей қаласының 44736 әскери бөлімінің Мемлекеттік құпиялар қорғау және ақпарат қауіпсіздігі саласында қызмет атқарып келеді. Әке жолын жалғап, Отан қорғау саласын таңдауы – отбасы үшін айрықша мәнге ие. Бұл – отбасында қалыптасқан елге қызмет ету дәстүрі мен жауапкершілік құндылығының кейінгі буынға жалғасуының жарқын көрінісі.

Үлкен қызы Альфия бүгінде өз алдына шаңырақ көтеріп, отбасылы болды. Жары Ерқанат жалпы практика дәрігері болып еңбек атқаруда. Екі асыл жанның махабатынан жаралған аяулы перзенті Еңлік есімді қызы бар. Осылайша, Ерден Еркінұлы мен Әсел Маратқызы бүгінде ата-ана қуанышымен қатар, немере сүйген бақытқа да бөленіп отыр.

Ал Тамирис – Әл-Фараби атындағы мектеп-лицейдің 10-сынып оқушысы, ал кенже қыздары Райяна Петропавл қаласындағы №4 мектептің 5-сыныбында білім алып жүр. Қыздарының білімге ұмтылысы мен болашаққа деген талпынысы ата-аналарының берген тәрбиесі мен бағыт-бағдарының нәтижесін көрсетеді.

Әскери қызметтің талапшыл тәртібі мен жауапты міндеттерін отбасылық өмірмен сабақтастыра білген Балғымбаевтар әулеті үшін перзент тәрбиесі әрдайым маңызды орын алды. Бүгінде олардың әрқайсысы өз жолын қалыптастырып келеді: бірі – әскери қызметті таңдаған азамат, бірі – шаңырақ көтерген ана, енді бірі – білім жолындағы жас өрендер.

«Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» деген халқымыздың қанатты сөзі отбасының қадірін дәл бейнелейді. Перзенттерінің ер жетіп, өз орнын табуы, қызының отбасы құрып, немере сүйгізуі – ата-ана үшін ұзақ жылғы еңбектің ең үлкен жемісі.

Ерден Еркінұлының әскери қызметтегі абыройлы жолының артында оның отбасының қолдауы, ал бүгінгі күнінде сол еңбектің ең қымбат жемісі – балаларының жетістігі мен әулетінің жалғастығы тұр. Бүгінде Ерден Еркінұлы үшін перзенттерінің өз жолын тауып, өмірден өз орындарын қалыптастырып келе жатқаны – ең үлкен қуаныш. Әр баласының жетістігіне сүйсініп, қызының отбасылық бақытын, ұлының азаматтық жолын көріп, немере қызығын бірге көру – ата-ана үшін баға жетпес бақыт.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді дана халқымыз. Перзент тәрбиесінде ата-ананың жеке үлгісі айрықша мәнге ие. Осы тұрғыдан алғанда, әкенің елге адал қызметі, әскери антқа беріктігі мен еңбекке деген жауапкершілігі – балалары үшін үлкен өмір мектебі.

Бүгінде полковник Балғымбаевтың әскери қызметтен құрметті демалысқа шығуы – отыз жылдан астам уақытқа созылған абыройлы қызмет жолының бір белесінің аяқталып, өмірдің жаңа кезеңінің басталуы.

Әскери қызметтің жауапкершілігі мен талапқа толы жылдарында оның жанынан табылып, әр қуанышы мен қиындығын бөліскен отбасының орны ерекше. Сондықтан бұл күн – бір азаматтың ғана емес, оның жанұясының да ортақ белесі.

«Отан – отбасынан басталады» деген тағылымды сөздің мәні де осында. Елге қызмет ету жолындағы табандылық пен жауапкершіліктің негізінде әрдайым туғандарының қолдауы мен жақын жандардың сенімі тұрады. Ендігі уақытта қызметтік міндеттердің орнын отбасымен бірге өткізер қымбат сәттер басып, перзенттерінің жетістігі мен шаңырағының қуанышы басты орынға шықпақ. Жылдар бойы ел мүддесі үшін атқарылған еңбектің ең үлкен жемісі де – кейінгі буынға қалдырған өнегесі мен өмірлік тәжірибесі.

Саптағы жылдар – өмір жолының маңызды бір тарауы. Ал алдағы кезең – сол еңбектің жемісін көріп, отбасының ортасында жаңа белестерді бағындыратын уақыт.

Полковник Балғымбаевтың ел алдындағы қызметі – адалдық пен жауапкершілікке негізделген абыройлы жол. Осы жолда жинаған тәжірибесі мен кәсіби білімі кейінгі буынға әрдайым үлгі болары сөзсіз.

Лейтенант Талапкер М.Е.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Как разместить агитационные материалы политическим партиям на DKNews.kz

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -