Бүгін Мәжілісте Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаевтың жетекшілігімен ауыл халқының тұрғын үй жағдайларын жақсарту жөніндегі «Отбасы Банкінің» қызметі туралы тақырыптық отырыс өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шараның басты мақсаты – «Отбасы банк» қызметін бірінші кезекте моноқалалар, аудандар мен ауыл тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге қайта бағдарлау бойынша Президенттің Жолдауда берілген тапсырмасын жүзеге асыру.
Тақырып төңірегінде баяндама жасаған «Отбасы банк» Басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова қазіргі уақытта Банк алдына Перспективалы өңірлерді анықтау, ауылда тұрғын үй салудың жаңа тетіктерін енгізу, банктің кредит беру аумағын кеңейту, кредиттік және кепіл саясатына өзгерістер мен толықтырулар енгізу сынды нақты мақсаттар қойып отырғанын атап өтті.
Биылдан бастап «Отбасы Банк» ауылдағы жас мамандарды ипотекалық несиелеу механизмін қарастыратын «Дипломмен ауылға» бағдарламасының операторы болып саналады. Сол арқылы жыл сайын мыңдаған жас маман ауылдық жерлерден баспана алу үшін жеңілдетілген несие ала алады.
Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров ауылдағы тұрғын үй қорының әбден тозығы жеткендігін айтып, ондағы тұрғын үй қоры 141,2 млн шаршы метр немесе 1,8 млн тұрғын үйді құрайтынын, оның 50 пайызға жуығы 40 жылдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілгендігіне назар аударды. Осы орайда мәселені жедел шешуге серпін беретін бірқатар ұсынысын ортаға салды.
Ең алдымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін пайдалану керек. Бұл инвесторлардың ресурстарын тартып, жергілікті әкімдіктерге ауылдық тұрғын үй қорының тозуы мәселесін де, инфрақұрылымды жаңғыртуды да шешуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен бірге ауылдағы тұрғын үй ипотекасының жаңа тетіктерін енгізе отырып, бағдарламаға әлеуетті қатысушыларды таңдаудың баллдық үлгілерін әзірлеу қажет Айдарбек Қожаназаров
Сонымен қатар Айдарбек Қожаназаров ауылды дамыту мәселелерін Ауыл шаруашылығы министрлігіне жүктеуді ұсынды. Оны елді мекендерді дамытудың бірыңғай стратегиясы ретінде қарастыру қажеттігін атап өтті.
Жиынға қатысушылар ауылдық жерлерде тұрғын үйді жаңғырту және салу мәселелерін жүйелі шешу бағытында нақты ұсыныстарын айтты.
Отырыс қорытындысы бойынша Комитет уәкілетті органдардың атына ауылдық жерлерде тұрғын үй құрылысына несие беру бағдарламасын жетілдіру жөнінде тиісті ұсынымдар жіберетін болады.
Іс-шараға Өнеркәсіп және құрылыс, Қаржы, Ауыл шаруашылығы және Ұлттық экономика министрліктерінің, сондай-ақ «Отбасы банк» АҚ, «Бәйтерек «ҰБХ» АҚ, «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының, Президент жанындағы Әйелдер істері және демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның өкілдері, салалық қауымдастықтар мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысты.