Тозған ауыл шаруашылығы техникасы Қазақстан экономикасын бұзады

5544
Фотосурет: Ж. Жұмабекова / Мәжілістің баспасөз қызметі

Бүгін Мәжілісте  Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаевтың жетекшілігімен машина-трактор паркін жаңғыртуға және жаңартуға қатысты тақырыптық отырыс өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Онда отандық ауыл шаруашылығы техникаларын жасауды дамыту, саланы мемлекеттік қолдау, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасын лизингке  алу бағдарламаларына қатысты маңызды мәселелер талқыланды.

Мәжіліс депутаты, осы комитеттің мүшесі Жигули Дайрабаевтың айтуынша, бұл – елімізде оңтайлы шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселенің бірі. Осы орайда Мемлекет Басшысы өз Жолдауында машина-трактор паркінің тозуын және ауыл шаруашылығы техникасының жаңару қарқынын жылына 8-10%-ға дейін жеткізу туралы тапсырма бергенін атап өтті.

 

Техниканы жаңартпай еңбек өнімділігі мен фермерлердің табысын арттыру мүмкін емес.  Мұны үкіметтегілер жақсы біледі. Бірақ Үкімет тарапынан қолда бар жеңілдетілген лизинг құралдарына қаржылардыру көлемін едәуір ұлғайтуға қандай кедергі бары түсініксіз. 19 қыркүйекте Үкімет басшысы өз қаулысымен жеңілдетілген лизинге 20 млрд теңге бөлу туралы шешім шығарды. Алайда бұл қаражат әлі күнге шаруаларға жетпей жатыр Жигули Дайрабаев

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда елімізде 149 800 трактор, 38 мың комбайн, 4 900 егіс кешені және 76 300 сепкіш, сондай-ақ әр түрлі топырақ өңдеу құралдарының 219 мың бірлігі бар. Бүкіл парктің орташа тозу деңгейі 76 пайызға жеткен. Ал технологиялық жаңару нормасы жылына 8 пайыздың орнына 4,5 пайызды ғана құрайды.

Жигули Дайрабаевтың пікірінше, тозығы жеткен техниканы пайдалану жанар-жағармайға жұмсалатын шығындардың 20 пайызға артуына, жиналымның 14 пайызға дейін жоғалуына әкеп соқтырады.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек өз баяндамасында шаруашылық техникаларын  және суарудың ұтқыр жүйелерін сатып алу үшін министрлік «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамымен бірлесіп, жылдық 6 пайыз мөлшерлемесімен 20 млрд теңгеге жеңілдікті лизинг бағдарламасын іске асыра бастағанын, бюджеттен 2024-2025 жылдары тағы 30 млрд.теңгеден бөлу жоспарланғанын айтты.

Жиынға қатысқан қоғамдық ұйымдар мен ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілер және шаруа қожалық иелері жедел шешуді қажет ететін көптеген проблеманы ортаға салды.

Мәжіліс депутаттары талқыланып отырған мәселенің өзектілігін алға тартып, нақты ұсыныстарын жеткізді.

Мәжіліс депутаты Динара Шүкіжанова бейне байланыс арқылы Татарстанның ауылшаруашылығы техникасын жаңғырту бойынша ұтымды тәжірибесімен бөлісті.

Комитет төрағасы Серік Егізбаев ауыл шаруашылығы техникасының барлық түрлерінің – құралдар мен жабдықтардың жаңартылу және істен шығу деңгейіне жыл сайын нақты  талдау жасау үшін оларды электрондық тіркеу мен есепке алуды көздейтін тиісті ұсынымдар әзірленіп,  уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберілетінін айтты.

Жалпы алғанда, машина-трактор паркін жаңарту Аграрлық мәселелер комитетінің тұрақты бақылауында болады.

Іс-шараға Өнеркәсіп және құрылыс, Ауыл шаруашылығы, Экология және табиғи ресурстар министрліктерінің, «Бәйтерек «ҰБХ» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Жасыл даму» АҚ салалық қауымдастықтардың өкілдері де қатысты.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -