Оңтүстік ұландары қазыналы қарттарға құрмет көрсетті

13288
Фотосурет: "Оңтүстік"өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

«Қартың болса үйіңде, жазып қойған хатпен тең» деген сөздің қасиетін терең түсінген ұландықтар «1 қазан – Қарттар күнін» үлкен құрметпен мерекеледі, деп хабарлайды DKNews.kz.

Еліміздегі мерекелердің ішінде ұрпақтан ұрпаққа өсиет болып келе жатқан – қазыналы қарттарды сыйлау, оларға қамқор болуды дәріптейтін мерекені «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдер ұйымшылдықпен атап өтті.

Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мен әскери қоғамдық ұйым өкілдері зейнеткерлерге, мүгедек­терге, қамқорлық пен күтiмдi қажет ететiн азаматтарға жылдағы бағыт бойынша ерекше көңiл бөліп келеді. Осы ретте, үлкенге құрмет көрсетуде құқықтық тәртіп әскері салтынан жаңылған емес.

Қарттар күніне арналған мерекеде сыр еліндегі 5547 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтк-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Берік Қараманов және ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерлан Әбдікәрімов бөлімнің офицерлерімен бірге ардагер Қанат Минасипов пен Ұлы Отан соғысының тыл ардагері 98 жастағы Ануарбек Әбенов ақсақалдың үйлеріне арнайы барып құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады. 5547 әскери бөлімінің командирі подполковник Ерден Бастамиевтің  арнайы алғыс хаттарын табыстап, қазыналы қарттарымыздың өмір жолдары бүгінгі ұрпаққа үлгі екенін жеткізді.

Ал 3660 әскери бөлімінің ұжымы Заречный ауылдық округі әкімдігімен бірлесіп Арна ауылының мәдениет үйінде және Заречныйдегі №12 орта мектепте «Дария кеуде тау мүсін - қарттарым аман саумысың» атты мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Өмір белестерінен өткен аға буын өкілдерінің атына жылы лебіздер айтылды. Оларға лайықты сый-сияпат жасалды.

Мағыналы ғұмыр кешкен ақсақалды қарттарымыз бен ақ жаулықты аналарымыз өздеріне қиын да қызықты қызметтеріне қарамастан ілтипат танытқан ұландық әскери қызметшілер мен Заречный ауылдық округінің әкімі Гүлбану Несіпбаеваға дән ризашылықтарын білдіріп, зор денсаулық, шапағаты мол жауапты қызметтерінде табыс тіледі.

5513 әскери бөлімінің әйелдер кеңесі мен ардагерлер кеңесі бүгінде еңбектерінің зейнетін көріп отырған бөлімнің құрметті ардагері Владимир Лозавой, ардагерлер Владимир Грушко, Александр Змиевский, Владимир Семенов, Алексей Антониади, Сагдолла Мейлиев және Махкам Шарифходжаевқа да лайықты құрмет көрсетті. Ардагерлер кеңесінің төрағасы запастағы подполковник Ақайдар Дүйсенбиев қарияларға жүрек жарды лебізін арнады. Ардагерлерге бригада командирі полковник Ғазиз Кәдірбектің Алғыс хаты мен ұйымдастырушылар дайындаған арнайы сый-сияпаттар табыс етілді.

Өз кезегінде ардагерлер атадан қалған асыл қасиеттен танбай көрегенділік танытып, құрмет көрсетіп жатқан ұландық әскери қызметшілерге шынайы алғыстарын айтып, ақ батасын берді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -