«Қарттар күні» мерекесі Ұлттық ұлан әскерінің назарынан биыл да тыс қалған жоқ. 1 қазан күні «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Атабек Салықбаев бастаған 6679 және 5512 әскери бөлімінің офицерлері Павлодар облысындағы қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемеге арнайы барды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Сол мекемеде тұрып жатқан қарт адамдарды атаулы мейраммен құттықтап, көңілдерін аулап, сыйлықтар тарту етті. Қариялар алдында 5512 әскери бөлімнің оркестрі өнер көрсетті. Полковник Атабек Қуандықұлы Қайырбай ақсақалды 65 жасқа толған мерейлі мерекесімен құттықтап, басына тақия, иығына шапан жауып, құттықтау хатын тарту етті. Ал, әлеуметтік мекеме әкімшілігіне қарияларға көрсеткен қамқорлығы үшін алғыс хат табыс етті.
Ұлттық ұлан әскері атынан сіздерді бүгінгі мейрамдарыңызбен құттықтаймын. Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-баба мен ұрпақтар арасында ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан өнегелі байланыс. Халқымыз қарттарға қашанда құрметпен қараған. Әрдайым аман болыңыздар! Сіздерге мықты денсаулық, қажымас қайрат тілеймін Полковник Атабек Салықбаев.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Павлодар облысындағы қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемеде 240 адам тұрып жатыр. Олардың барлығы мемлекеттің қамқорлығында.