Белгілі журналист Жандар Асан Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Маркетинг және медиакоммуникациялар департаментінің директоры болып тағайындалды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жандар Асанның журналистика, қоғаммен байланыс, PR және мемлекеттік қызмет салаларында 15 жылға жуық еңбек тәжірибесі бар.
1990 жылғы мамырда қазіргі Түркістан облысының Түлкібас ауданында дүниеге келген.
2011 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, 2014 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Магистратура және PhD докторантура институтын үздік бітірген. Гуманитарлық ғылымдар магистрі.
Польшаның (University of Warsaw) және Түркияның (Istanbul University) іргелі жоғары оқу орындарында mass-media және жобаларды басқару бойынша кәсіби біліктілігін арттырған.
Еңбек жолын баспа корпорациясының бас редакторы қызметінен бастаған.
2011-2014 жылдары отандық жетекші бұқаралық ақпарат құралдарында шеф-редактор, бағдарлама продюсері, бас редактордың орынбасары – жауапты хатшы қызметтерін атқарды.
2014-2017 жылдары – Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті ректорының баспасөз хатшысы, Баспасөз қызметінің басшысы, Ақпараттық-имидждік орталығының басшысы;
2017-2022 жылдары – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы, Маркетинг және коммуникациялар департаментінің директоры;
2022-2023 жылдары – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің кеңесшісі, Алматы облысы әкімдігі Тілдерді дамыту басқармасының басшысы м.а., Алматы облысы әкімдігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының басшысы қызметтерін атқарған.
Жандар Асан бірнеше деректі фильмнің және ақпараттық-танымдық энциклопедиялық жинақтардың авторы. Отандық және шетелдік ғылыми журналдарда 20-ға жуық ғылыми мақаласы шыққан. Республикалық беделді басылымдарда 500-ден астам публицистикалық мақаласы жарық көрген.
ҚР Білім және ғылым министрінің Алғыс хатымен және салалық медальдармен марапатталған.