Үлгілі офицер - ел қорғаны

7084
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Штаб – әскердің қара қазаны секілді. Көз  алдыңызға бұрқ-сарқ қайнаған қазанды елестетіп көріңіз. Штабтағы шаруалар сол көрініспен парапар деуге болады. Ал штаб бастығы қыруар жұмысты үйлестіре білетін жалғыз адам. Осал адам штаб бастығы болмайды. Біз бүгін 6655 әскери бөлімінде құрылған батальонның штаб бастығы капитан Марғұлан Төкенов жайлы әңгіме қозғаймыз.

Марғұлан Қуатұлы 1994 жылы 16 наурызда Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Қарақұдық ауылында дүниеге келген. Қаршадайынан қағілез болып өскен ол үйдегі үш баланың үлкені.  Артынан ерген інісі мен қарындасы бар. Оның өмір жолы білім іздеп мектепке барған сәтінен бастау алған. 9 сыныпқа дейін Қарақұдық ауылындағы Амангелді орта мектебінде оқыған соң, Қарағанды республикалық әскери мектеп-интернатына оқуға түскен. Бұл мекеме қазіргі уақытта «Жас ұлан» республикалық мектебі деп аталады. Аталған білім ордасында екі жыл білім алып, 2011 жылы оны ойдағыдай аяқтап шығады. Содан кейін бірден қазіргі Ұлттық ұлан Академиясына курсант болып қабылданған. 2012-2016 жылдар аралығында білімін жетілдірген жас жігіт дипломын қолға алып, «Батыс» өңірлік қолбасшылығына аттанады. Қысқа-нұсқа айтқанда, бала Марғұланның есею кезеңдері осылай өрбіді. Осыдан кейін білімін жетілдірген бозбала офицер деген атақты арқалап қазақ даласының батысын бетке алған еді. Дәм-тұз айдап барған соң, батыл істің маңайына жақындап, әскери қызметке кірісіп те кетеді.

«2016 жылы әскери институтты бітірген соң, 6655 әскери бөліміне рота командирінің орынбасары лауазымына келдім. Бұл кез сол жылдың 5 маусымын да аталған әскери бөлімге лаңкестік шабуыл жасалғанына көп бола қоймаған уақыт. Нақтырақ айтқанда, мен мұнда 2016 жылдың шілде айының соңында табан тіреген едім. Сондықтан мұндағы жағдай әлі де күрделі болып тұрған. Әскери бөлімдегі жағдайдан бөлек, Ақтөбе қаласының да ішкі жағдайы адам алаңдатарлық болып тұрды. Мұның бәрі қызметке енді ғана кіріскелі жатқан біз секілді жас буынға үлкен жауапкершілік жүктеген еді», - деп еске алды алғашқы әскери қызметін Ұлттық ұлан сапында бастаған Марғұлан Төкенов.

Ақтөбе өңіріне қоныс ауыстырған оған 6655 әскери бөліміндегі 2 атқыштар рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары лауазымы сеніп тапсырылады. Екі жыл көлемінде қызмет атқарған соң осы  әскери бөлімнің материалдық-техникалық қамтамасыз ету ротасына рота командирінің орынбасары болып бекітілді. Ол бөлімшеде бір жарым жылдай қызмет атқарып, іле 1 атқыштар ротасы командирінің орынбасары болып бекітілді. Ол жерде екі жылдай қызмет етіп, кейін сол ротаның командирі болып тағайындалады. Бұл лауазымда ол екі жыл отырды. Ал 2022 жылдың қаңтар айынан бастап 2 жедел мақсаттағы батальон командирінің орынбасары – штаб бастығы болып тағайындалған еді.  Қазіргі уақытқа дейін ол осы қызметті атқарып келеді.

«Батальон командирінің орынбасары – штаб бастығы ең алдымен жауынгерлік әзірлікті ұстап тұруы тиіс. Жауынгерлік қызмет міндеттерін уақытылы атқаруға  және орындауға жауапты болуы керек, жеке құрамның – офицерлердің, сержанттардың және сарбаздардың жауынгерлік  даярлығын арттыруға және жеке құрамның есебін уақытылы жүргізуге тиіс», - дейді қызметіне адал капитан.

Оның тұлғалық қалыптасуына атсалысқан азаматтар аз емес. Өмірлік ақыл кеңесін айтып, бағыт-бағдар берген жанашырлары қаншама. Сірә, олардың бәрін айтып, тауысу мүмкін емес. Десе де кейіпкерімізге әскери өмірде ең көп қолдау білдірген азамат – өзінің батальон командирі полковник Жолдасбек Нұркешов болатын. Ал бүгінде Марғұлан Төкеновты 6655 әскери бөлімінің командирі полковник Мирас Тұрдалин әскери өмірдің қыр-сырына баулып жүр.

«Жолдасбек Тұрмұханбетұлы Петропавлда оқып жүрген кезімде батальондегі командиріміз болған. Ол кісі 2018 жылы Академияны бітіріп, осы әскери бөлімге бөлім командирінің орынбасары болып келді. Содан бері биылға дейін бірге   қызмет атқарып келген едік. Қазіргі уақытта «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының Жауынгерлік дайындық басқармасының бастығы болып қызмет атқарып жүр. Сол кісі жауынгерлік қызмет бойынша, жалпы әскери қызметті өтеу барысында мән беруге тиіс жайттар жайлы, түрлі жағдаяттар жайында ақыл-кеңесін беріп жүрді», - деді шарапаты тиген ұстаздарының бірі жайлы баяндаған Марғұлан Төкенов.

Оның отбасында өмірін әскери саламен байланыстырған ешкім жоқ. Бір қызығы, әскери адамды өз әулетінен де, нағашыларының арасынан да кезіктіре алмайсыз. Сондықтан да оның әскери мамандықты таңдауы ағайынның арасындағы елеулі оқиғаның біріне айналған. Марғұлан Қуатұлының әскери адам болуға деген қызығушылығы сонау балалық шақта, дәлірек айтқанда, 5-6 сыныпта оқып жүргенде ояна бастады. Оның санасына арнайы жасақ туралы фильмдер, әскери сериалдар көп әсерін тигізген. Бұл оның өзін әскери ортаға лайық адам сезінуіне түрткі болды. Тіпті соған сай болу үшін спорт түрлерімен де шұғылданған. Ал оның әскери оқуға баруына әскери мектеп-интернатқа түскен ауылдас азаматтардың пікірі ықпал етсе керек. 6-7 сыныпта оқып жүрген шағында талапшыл жігіт алдыңғы буын ағаларының алдына барып, ақыл сұрап тұрған. Осылайша, сол бір мектеп-интернат оның әскери өмірге қарай жасаған ең алғашқы қадамы болды.

«2016 жылы оқу бітірген соң «Бүркіт» арнайы жасақ бөлімшесіне өтуге ниеттендім. Сол кезде менен қазіргі 6655 әскери бөлімінің арнайы жасақ командирі подполковник Денис Ткаченко сынақ қабылдаған еді. Барлық талаптан сәтті өттім. Бірақ, өкінішке қарай, дәл сол уақыттарда үміткерлерді қабылдаудың талап-ережелерін өзгерту талқылау кезеңінде болыпты. Ал мен сынақтан өтіп болғаннан кейінгі бір айдан соң ғана аталған жаңа өзгерістер күшіне енді. Соның салдарынан, жаңартылған ережелерге байланысты бойымның ұзындығы талапқа сай келмей қалды. Сонда да болсын мен мұнымен тоқталып қалған жоқпын. 2017 жылы осы әскери бөлімге келгеннен кейін тағы да талаптанып көрдім. Мұнда да нормативтердің бәрінен өткеніммен, бойымның ұзындығы қайтадан талапқа сай келмегендіктен жолым болмады. Дегенмен, мен бұған еш өкінбеймін. Мүмкіндік әрқашан бар. Тіпті арнайы жасақ құрамында жауынгерлік лауазым бойынша ғана емес, басқарма лауазымы бойынша да қызмет етуге мүмкіндік болады», деді бір кездері арнайы жасақ құрамына қосылуды қалаған азамат.

Осындай сәтсіздіктерге қарамастан жауапкершілгі зор қызметті арқалай білген офицер патриот сарбаздарды тәрбиелеуде аянбай еңбек етіп жүр. Оның айтуынша,  оқу пунктіне келген сарбаздардың 40 %-дан астамы әскери өмірге ынтасыз екені байқалады. Бұл тек бір ғана әскер құрылымында немесе бір ғана әскери бөлімде болатын жайт емес, барлық жерде бірдей. Бірақ оқу пункті аяқталып, сарбаздар негізгі бөлімшелерге жіберілгеннен кейін, олардың әрбірімен жеке жұмыс жүргізіледі. Нәтижесінде 1-2 айда олар әскери ортаға бейімделіп шығады. Мұндай жетістік топтық әңгіме мен жауынгерлік даярлықтарды мүмкіндігінше қызық өткізудің нәтижесінде келеді. Бұл ретте әскери қызметшілердің еңбегі орасан. Ал әскерилер алаңсыз қызмет етуі үшін олардың  әлеуметтік жағдайы да назардан тыс қалмағаны белгілі.

«Кейінгі екі-үш жылда Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының қолдауымен әскери қызметшілердің айлықтары ұлғая бастады. 2024 жылы тұрғын үй төлемі де көбеюі мүмкін. Сондай-ақ жаңа әрі ыңғайлы киім үлгілері беріледі деген жоспар бар. Мұндай  жұмыстар алдағы уақытта да атқарыла береді деп үміттенеміз. Сондықтан да әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайына қатысты аса бір алаңдаушылығым жоқ. Бастысы ел-жұрт аман-есен, бейбіт күнде ғұмыр кешсе біз секілді азаматтарға одан артық не керек?!», - дейді біздің кейіпкер.

Ол мұндай қолдаудың маңызы зор деп санайды. Сондықтан өзі де сарбаздардың жағдайларын әркез бақылауда ұстап, оларға үнемі моральдық қолдау танытып отырады. Бүгінде офицердің елеулі жұмысы еленіп те жүр.

«Курсант болып жүргенде Ұлттық ұлан үздігі ІІ дәрежелі кеуде белгісін алып едім. Мерейтойлық медальдермен де марапатталдым. 2023 жылдың алғашқы айында Ішкі істер министрінің Алғыс хатын иелендім. «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы атынан алған Алғыс хаттарым бар. Ұлттық ұлан Бас қолбасшысынан алған грамотам кабинеттің төрінде ілулі тұр. Былтыр Бас қолбасшылықта өткен батальонның үздік штаб бастығы  номинациясында үшінші орынды иелендім», - деді алған марапаттарын азайтып айтқан капитан Марғұлан Төкенов.

Әскери қызметшінің әңгіме барысында өзін-өзі ұстауы, байыпты сөйлеуі нағыз офицерге лайық қасиеттерге ие екенін аңғартып тұрды. Бұл оның бойында рухани мәдениеттің ұшқыны барын байқатса керек. Бұлай ойлауымыздың себебі бекер емес екен. Өйткені ол адамзаттың мәдени құндылығына ортақ руханияттан сусындап, өзін-өзі үнемі жетілдіріп отыратынын айтты.

 «Әскери тақырыптағы     фильмдерді көп көремін. Әсіресе, ІІ дүниежүзілік соғыс туралы түсірілген Кеңес одағының киноларын тамашалаған ұнайды. Себебі мені ертедегі ұрыс және қорғаныс тактикалары қызықтырады. Сол кездегі әдіс-тәсілдерді бүгінгі күнмен салыстырып, қорытынды жасауға тырысамын. Ертедегі уақытта командирлердің басқармасы қалай болғаны да бүгінгінің адамдары үшін қызық екені рас қой. Ал кітапқа аса қатты қызығушылығым жоқ. Дегенмен Александр Бектің «Волоколамское шоссе» кітабын оқығанмын», - деді әскери қызметші бос уақытында шұғылданатын істері жайлы.

Марғұлан Төкенов өнерге жақын. Әсіресе, музыкаға әуестігі бар. Қазақтың ұлттық аспабы домбырада ойнап, іштегі сырын күмбірге қосқанды жаны сүйеді. Гитара тартып, ән салудан да алыс емес. Кеудесіндегі рухани сандықты сырлы ән, мағыналы өлеңмен толтырған ол өмірдегі құндылықтарға мән береді. Сол себепті, кез келген адам өзін-өзі дамытып, ілгері ұмтылуы қажет деп санайды. Өзі де үнемі    ізденісте жүретін жан. Ал спорт оның өмірлік серігі десе де болады. Спорт – оның хоббиі. Дене шынықтырумен жиі шұғылдануға мұршасы бола бермейтініне қарамастан, қол үзбеуге тырысады. Уақыт тауып кикбоксинг және бокс үйірмесіне барып тұрады. Ақтөбе қаласындағы «К1» спорт клубында жұмыс істейтін Азамат Наурызбаев есімді бапкердің қоластында жаттығады. Кикбоксинг пен шұғылдануы да бекере емес. Нәтижесі де жаман деп айта алмаймыз. Аталған спорт түрінен ІІ разряды бар.

Үйлі-баранды әскери қызметші жұбайы Мөлдірмен бірге Хангелді есімді бала тәрбиелеуде. Келіншегі қазіргі уақытта бала күтіміне байланысты үйде отыр. Ал Отан ісіне берілген отағасы үнемі жауапты қызметпен сыртта жүреді. Мақсаты айқын, келешегі зор офицер алға қадам басудан танбайды.

«Өзімнің өмірлік ұстанымым – ешқашан артқа шегінбеу. Әскери қызметте де, жеке өмірімде де тек қана алға ұмтылғанды жөн көремін. Қиындық пен кезігетін кедергілер мақсатқа жету үшін бөгет болмауы қажет», - деді бағыт-бағдары айқын капитан.

Бүгінде ол 2023 жылдың ІІ оқу кезеңінің қорытынды тексерісінен өтіп жатыр. Сол тексерістен «Жақсы» және «Өте жақсы» деген баға иеленуге барын салып жүр. Ал жақында уақыты келген мерзімді әскери қызметшілерді үйлеріне қайтаруды қолға алады. Оларды жолға дайындап, әскери бөлімде қалған сарбаздарды қызметтік-жауынгерлік әзірлік бойынша және жауынгерлік дайындық бойынша әзірлеуді жалғастырады. Міне, осылайша, оның қызметі сағат тілімен қатар жылжып, тоқтаусыз айнала береді. Оның тоқтауға уақыты да, құлқы да жоқ. Алға ұмтылған арда азаматты әлі талай іс күтіп тұр.

Қатардағы

Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ,

Астана – Ақтөбе - Астана

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -